Батыр Бауыржанның зиялы замандастары

Хайдар ағаның хикаялары

Жарамсақтардың жаласы

– Мен сөйлей берем бе? Енді сен сөйле, – деп Баукең (Бауыржан Момышұлы) маған салмақ сала, сынай қарады. Мен ә дегенде не дерімді білмей абдырап қалдым.

– Жасқанбай, еркін сөйле! – деген Баукеңнің бұйрығынан кейін тез өзіме өзім келіп:

– Кезінде ауыл шаруашылығы министрі, облыстық, өлкелік атқару комитетінің төрағасы, 19 жыл Алматы ауыл шаруашылығы институтының ректоры болған, 92 жастағы Хайдар Арыстанбекұлы ағадан зиялылар туралы естігендерім бар еді, – дедім сөзімді күмілжіңкірей бастап.

– Е, ол кісімен қалай танысып жүрсің?

– Хайдар ағамен мені таныстырған Мұхаметжан Әбдіхалықов аға.

– Ә, дұрыс, сөзіңді бөлгеніме кешір, қарағым!

Мұнан кейін батыр қолбасшы үнсіз тыңдауға көшті. Сөйлеуші мен. Ол кісіге анда-санда сұрақ қойып, сөзімді жүйелетіп аламын.

– Хайдар ағамен әртүрлі тақырыпта сөйлесе жүріп, бірде: «Жұмабек Тәшенов Қазақ ССР Министрлер Кеңесінің төрағалығынан алынарында ол кісіні Мәсімхан Бейсебаев қорғап сөйлеген дейді. Сол рас па?» деп сұрадым одан.

– Рас, – деді Хайдар аға. – Әуелі Мәсімханға мінездеме берейін. Мәсімхан бір мәселені шешерде оның маңыздылығына, халыққа келетін қандай пайдасы, қандай зияны барына шұқшия көңіл бөлетін. Қанша қаржы, қанша уақыт жұмсау керегін тексеріп, бәрін есептеп, яғни көтерілген мәселеге толық жауап таппай шешім қабылдамайтын. Төрт аяғын тең басқан жорғадай шаршау дегенді білмейтін. Үкімет басшысы ретінде жан аямай қызмет етті. Ең өкініштісі, еңбегі онша еленбеді.

– Ол кісінің Қазақ ССР-і Министрлер Кеңесі төрағалығынан не үшін алынғанын біз білмейміз. Сіз білетін шығарсыз?

– Мәсімхан орнынан жарамсақтардың жаласынан алынды, – деді Хайдар аға. «Қызмет қолдың кірі» деп қазақ дұрыс айтқан. ...Мәскеуде КСРО Жоғарғы Кеңесінің сессиясы болды. Оған Қазақстан Министрлер Кеңесінің төрағасы Жұмабек Тәшенов, депутат ретінде мен, Мәсімхан үшеуіміз қатыстық. Кешкі сағат алтыда қонақүйдегі бөлмеме кеп шешініп, беті-қолымды жуып, қайта киініп, тамақтануға бармақ болғанымда, телефон шырылдады. Қоңырау шалған Тәшенов екен.

– Тезірек есік алдына шыға қой. Бір жерге барып, кешкі ас ішейік. Біз есік алдында күтеміз, – деді.

– Жарайды.

Лифті жөнді жұмыс істемей, есік алдына кешігіңкіреп шықтым. Жұмекең әйелі екеуі күтіп тұр екен.

– Лифтіде біраз бөгеліп қалдым, – дедім. Жұмекең:

– Облыс басшысын Министрлер Кеңесінің төрағасы далада күтіп тұрады, – деді әзілдей күліп. Мен үндегем жоқ.

Әйелі екеуі машинаның артқы орындығына отырды, мен алдыңғы орындығына жайғастым. Ол кезде Шығыс Қазақстан облыстық атқару комитетінің төрағасы едім.

Қазан вокзалына келдік. Тұйықта бір көк вагон тұр. Машина соның жанына кеп тоқтай қалды. Ішке еніп отырдық. Дастарқан жаюлы екен.

Жұмекең мені төрге шығарды да, әйелі екеуі менен сәл төменірек орынға жайғасты. Үшеуміз-ақ. Сөзден сөз туып:

– Досың малды қырып жатыр, – деді Жұмекең. Досың дегені – Алматы облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Мәсімхан Бейсебаев еді.

Үндегенім жоқ. Екінші тамақты ішіп бола бергенімде, Жұмекең:

– Досың, – деп Мәсімхан туралы тағы жағымсыз сөз айтты. Қасығымды жайпақ табақтың үстіне сарт еткізіп тастап жібердім. Жұмекеңнің әйелі:

– Хайдар, біз кеттік. Мынау маза берер емес, – деп күйеуіне жақтырмай, ренжи қарады. – Бүйтіп мазасын алар болсаң, несіне шақырдың?

Әйелі Жұмекең екеуіміздің арамыздағы келіспеушілікті жуып-шайғысы келді.

– Сен де арандатушысың! – деді Жұмекең әйеліне қатулана қарап.

Үндемей тамақ ішкен соң, екі сағаттай оны-мұны айтып тарқадық.

 

Жұмекеңнің адамгершілігі

... Мәскеулік орыс досым:

– Жұмабек Тәшеновті қызметінен босатады. Қашан жұртқа белгілі болғанша өзің ғана біл, – деді. Оның алдында ғана Тәшенов маған:

– Алматыға ұшақпен бірге кетеміз, – деп айтып қойған еді. Енді одан бас тартуыма болмайды ғой. Ұшағына міндім. Жолда Ақтөбеге аялдадық. Ондағылардың бәрі қоғадай жапырылып қарсы ап, жүгіріп жүр. Бір-екі сағаттан кейін қайта көкке көтеріліп, Алматыға келдік. Аузымнан сөз шыққан жоқ.

Екі күннен кейін Жұмекеңді орнынан алды. Оның орнына мені, Дәуленовті ұсынды. Ақырында Қазақ ССР Министрлер Кеңесінің төрағасы Дәуленов болды.

… «Москва» қонақүйі мейрамханасында Жұмекең, әйелі үшеуміз тамақтанып отырмыз. Әңгіме Мәсімхан туралы қоза бергенде, Жұмекеңнің әйелі:

– Бюрода: «Тәшенов жерде жатқан кадр емес. Тәшенов – ірі ұйымдастырушы. Ол республикамызға керек кадр. Оған осы тұрғыдан қарап, ескертумен орнында қалдырайық, – деп сөйлеген адам жалғыз Мәсімхан Бейсебайұлы! – деп шап ете түсті. – Хайдарға да жөндеп тамақ ішкізбей, «сенің досың» деп тиісуші едің. Сені құртқан осы өркөкіректік! Кімнің дос, кімнің қас екенін білмедің!

– Мен онда қателеспеген екем, – дедім де қойдым. Тәшенов тіс жармады.

…Жұмекеңнің Оңтүстік Қазақстан облыстық кеңесі атқару комитеті төрағасының орынбасары кезі. Шымкентке жолым түсіп, бір үйде шай ішіп отырғанда, Жұмекең:

– Таңғы, түскі тамақтың алдында да, одан кейін де үйіме кеп, жұмысқа бірге барушы еді. Көлеңкемдей еріп, жанымнан қалмайтын сол туысқаным орнымнан түсісімен қарасын көрсетпей кетті, – деп бір «жанашыр жақынын» ренжи еске алды.

– Сені де, Мәсімханды да сондай оңбағандар құртты, – дедім мен. Оның аты-жөнін айтпай-ақ қояйын. Ол оңбаған сол кезде бір облыстық атқару комитетінің төрағасы еді. Оны жиіркене есіне ала отырып, Тәшенов:

– Досың Мәсімхан Бейсебаев нағыз адам екен. Түсінбей келіппін. Сен мені кешір, – деді.

– Кешірім сұрағаны – Жұмекеңнің адамгершілігі ғой, – деді манадан бері үнсіз отырған Баукең ризалығын білдіре.

– Ғафу өтінем, Хайдар ағаның: «Өзбекстанға берілетін үш аудан тағдырын шешу жөнінде құрылған Үкіметтік сараптама тобын басқарған Жұмабек Тәшенов еді. Оның құрамына Морозов та, Мәсімхан Бейсебаев та, мен де кіргем. Бәріміз тиісті құжатқа жер берілмесін деп қол қойғанбыз. КОКП Орталық Комитетінің Бас хатшысы, өзімбілермен Хрущев біздің қарсылығымызға қарамай, белден басып, үш ауданымызды Өзбекстанға берді де жіберді» деп өкінгенін ұмыта жаздаппын.

 

Баукеңнің бір ауыз сөзі

– Тағы айтарың бар ма? — деді Баукең түсін суытып.

– Бар. Өзін фамилиям Бейсеев, атым Әбдіқадыр, жасым биыл жетпісте деп таныстырған кісі былай деді:

– Зейнетке шыққан соң әкем:

– Балам, мені Бауыржан Момышұлына ертіп баршы? Үкімет зейнетақымды дұрыс есептемеді, – деді қынжылып.

Баукең соғыстан бұрын біздің ауылға кеп, әкеммен бірге біраз жерді аралаған екен. Бір ауылға барғанында қалтасынан күміс сағаты түсіп қап, жоғалыпты. Бәрі жабыла іздеп, таппапты.

– Ол кісі Алматыда ғой. Бізді қабылдай ма, қабылдамай ма? – деп ойланып, тәуекел ете алмадым.

– Не дейсің, Бауыржан Момышұлы Кубадан келіп, пәлен күні, пәлен сағатта Жұмат Шанин атындағы театрда жұртпен кездесу өткізбек, – деген хабарды естіп, дереу әкемді таксиге отырғызып алдым да, Шымкентке тарттым.

– Әне, анау Бауыржан, – дедім әкеме төрдегі Жұмабек Тәшенов, тағы 3-4 кісі ортасында отырған айбынды ағаны иегіммен нұсқай көрсетіп. Кездесу аяқталып, Баукең тысқа шыға бергенде, жұртты кимелей алға жылжып, әкемді қасына жеткіздім.

– Ей, Бауыржан! – деді әкем. Баукең жалт қарады. Ей, Бауыржан деп ол кісіге ешкім айта алмайды ғой.

– Ей, Бейсе емессің бе?! – деді Баукең әкемді көре сала танып. Ойпырмай, есте сақтау қабілеті не деген күшті деп шалқамнан түсе жаздадым.

– Иә, айта бер.

– Күміс сағатыңды тауып алдым. Соны берейін деп едім.

– Әй, сен сағатты тапқан жоқсың. Бір шаруамен келіп тұрсың. Мыналар (өзінен сәл алыстау тұрған Жұмабек Тәшеновті, тағы басқа лауазымды кісілерді қолымен көрсетті) мені алдарына сап қуып кетіп бара жатыр. Сен енді маған жолыға алмауың мүмкін. Айтатын арманыңды айтып қал, – деді.

– Бауыржан, алатын зейнетақым аз боп тұр. Әділ шешпеді.

Баукең Жұмабек Тәшеновті:

– Жұмеке, бері кел, – деп дауыстап өзіне шақырды. Ол кісі жұртты шетке ысыра қасына жетті.

– Мына Бейсе бір жағы жолдас, бір жағы халыққа еңбегі сіңген кісі еді. Осының зейнетақысын әділ тексеріп, әділ қорытынды жасап бер, – деді.

– Жарайды, Бауке, – деп Жұмекең басын екі-үш рет изеді. «Жақсыдан – шарапат» дегендей, иманды болғыр Баукең мен Жұмекең әкемнің зейнетақысын дербес зейнетақы етіп, жөндеп берді.

– Мұны мен мүлде ұмытыппын. Сөйлей түс, — деді Баукең жайбарақат.

 

Қабағын шытпас ер керек

– Хайдар ағадан: «Мәсімханның тұла бойында қайраткерге тән қасиеттер бар ма еді?», – деп сұрадым.

– Бар болғанда қандай?! – деді Хайдар аға дауысын көтере сөйлеп. – Менің таңғалатыным – Мәкең өте кішіпейіл, қарапайым еді. Жоғарыда айттым ғой, мен деген атымен, затымен жоқ, айқайлап, дауыс көтеру дегенді білмейтін. Кейде ренжитін де кезі кездесетін. Ренжігенде орындалмай қалған іс үшін ренжіп, уайымдайтын. Жерге, руға бөлу деген оған мүлде жат еді. Ондайды жек көретін. Осы қасиеті үшін де мен Мәсімханды бірге туған бауырым деп білдім.

Мәсімханның жаны да, ары да таза екені өмірдің күнделікті кішігірім, қарапайым оқиғаларынан да көрініп жататын. Бір ұлы қазақ қызға үйленгенде, Мәсімхан есі шыға:

– Біздің үйге де қазақ келді, – деп қуанғаны бар.

– Бұлай қуану – халқын шын сүйген, беріле сүйген әкенің ғана қолынан келмек, – деді Баукең өз пікірін білдіріп. – Сөзіңді жалғастыр.

– Хайдар аға да Мұхаметжан Әбдіхалықов ағадай өте ойлы, ұстамды, көңілі дарқан, өте әңгімешіл кісі екен.

– Ахаңның, Ахмет Жұбановтың тойында сөз берсе, көсіліп сөйлеймін, – деп шерткен Хайдар ағаның сыры маған ұмытылмастай әсер етті. – Толғаныс, тебіренісімді Жұбановтардың тегінен бастап, Бауыржан Момышұлымен қалай сыйлас, сырлас болғаныммен аяқтаймын. Олар халқымыздың білімді, зиялы өкілдері, оны осында отырған бәрің менен артық білесіңдер. Аздап ән айтқаным болмаса, мен музыкант, не әнші емеспін. Сендер, мұның музыкада не жұмысы бар, өзінің ауыл шаруашылығымен айналыса бермей ме деп ойлайтын шығарсыңдар. Бізді де Құдай жаратқан, біз де Құдайдың пендесіміз. Ұлыларымызды ұмытпай еске алу бәрімізге парыз. Бұл жағынан мен Кененнің көкшолағы сияқтымын, – деп қоям.

Көкшолақ жөнінде Кенекеңнің қызы Төрткенге өз ойымды айтқам.

– Жарайды, сіздің ескертпеңіз орынды, – деп кетіп еді, әлі «Көкшолақ» әніне өзгеріс енгізілмеді.

– Ол қандай өзгеріс? – дедім мен елеңдеп.

– Кенекең астындағы атына олай жүрші, былай жүрші дейді ғой. Оның бәрі дұрыс. Сөйтіп келеді де, арамқатқыр, көкшолақ дейді. Мініп жүрген атына олай деу дұрыс па? Жарайды, бұған келісе қояйын. Енді «осы қойдан құтылар, болар ма екен бір күн-ай» дегені қалай? Кенен қалайша бұлай деп айтады? Қазақтың ол уақытта қойдан басқа күн-көріс көзі бар ма еді?

Кенекең ақылды адам. Мен Кенекеңнің тоқсанға толған тойында қолын алып, амандасқам. Ол кісі қойдан емес, қойшылықтан құтылар болар ма екен бір күні-ай деп айтқан. Осыны осылай өзгерткен дұрыс тәрізді, – дегенімде, Төрткен басын изеп құптаған еді.

Музыка зерттеушісі емес мені сендер енді Ахмет Жұбановта не жұмысы бар деп ойлайтын да шығарсыңдар. Мен Ахаңмен, Ахмет Жұбановпен жақсы жолдас, сырлас болғам. Біз бір-бірімізді түсінетін едік. Талай кездесіп, пікір алысып жүрдік. Бір жағдай өмір бойы есімнен кетпейді.

Ахаңның ағасы Құдайберген абақтыда жатқанда оны ату туралы үкім шығады. Ол өзінің ертең атылатынын біледі. Сонда шешесіне өлеңмен хат жазған.

– Ол хат сізде бар ма? – дедім мен жазушылық әуестікпен.

– Бар. Ол жан-дүниеңді ерітіп, жылататын хат. Оны саған келесі келгеніңше тауып қоям.

– Мазмұнын қара сөзбен айта алмайсыз ба?

– Ұрлық жасағам, кісі өлтіргем жоқ. Жазмыш осылай болды, шыдайсың, – деп анасын жұбатады. Түсінесің бе? Қандай керемет?!

– Еліммен бірге құрбы-құрдастарым аман болсын, – дейді. Жақсылап зер салшы, елім, жұртым деген азаматтың жан-дүниесі қандай мөлдір?!

Шығыс Қазақстан облыстық атқару комитетінің төрағасы боп жүргенімде, соғысқа аяғын беріп қайтқан, Социалистік Еңбек Ері Бошай Кітапбаевқа Құдайберген ағаның хатын оқып беріп отырып, жылағам. Ол кісі кейін бір газетке:

– Арыстанбекұлы өкіріп жылады, – деп жазыпты. Өкіріп дегені өтірік, егіліп жылағаным рас.

– Асыл анашым, түн ұйқыңды төрт бөлген саған мен қуаныш сыйламадым, қайғы сыйладым. Өміріңді өмір етпей кетіп барам, – дейді. Қандай даналық, парасаттылық?! Махамбет ақынның: «Қабырғасын қаусатып, бір-біріндеп сөксе де, қабағын шытпас ер керек» дегеніндей өзі туралы уайым жеу, қайғыру деген жоқ.

Сен жазушысың, түсінуге тиіссің. Кім бұлай сөйлейді? Тағы ертең атылатынын біліп отырып, ел, құрбы-құрдас аман болсын дейді. Не деген данышпандық?!

Бұл сөздерді айтқанда Хайдар ағаның жанарына мөлдір жас үйірілді. Мен көмейіме бір ыстық от кептеліп, күрсініп салдым.

Екеуміз де көпке дейін үнсіз қалдық. Қазтуған жыраудың:

– Арғымақтың баласы,

Арыған сайын тың жортар.

Арқа мен қосым қалар деп,

Азамат ердің баласы,

Жабыққанын білдірмес,

Жамандар мазақ қылар деп, –

деген жыр жолдары еріксіз есіме түсті.

 

Сыйласуға неге сараңбыз?

– Енді Ахаң туралы айтайын, – деді Хайдар аға аздап өзіне өзі келіп. – Ахаң аты жаман аурумен ауырды. Ғылым академиясы жанында екеуміз сөйлесіп тұрғанбыз. Бір тарихшы-ғалым (аты-жөнін айтпаймын) жанымызға кеп, амандасып:

– О, Аха, жүдеп кетіпсіз ғой, пәлен-түген, – деді. Мен оны түртіп қалдым. Менің түрткенімді Ахаң байқап қойды, сыр бермеді. Тарихшы-ғалым кеткеннен кейін:

– Хайдар, осылар атақты тарихшы-ғалымдар ғой. Не деп сандырақтады? – деді ренжіп.

– Ондай-ондайға көңіл бөліп қайтесіз? – деп мен Ахаңның мойнынан құшақтадым. Ананы ішімнен қатты жек көрдім. Жаман ауру екенін біледі, біле тұра жүдеп кетіпсіз деп айтуға бола ма?

– Оның олай дегені түсініксіз. Әлде әдейі айтты ма екен?

– Білмеймін, қарағым. Білетінім, біз, қазақтар, бір-бірімізді сыйлауға сараңбыз. Сонда таңғалғаным, әлгі Ахаңды сыйламағанымен, Ахаң оған көңілі қалар сөз айтқан жоқ. Бұл да ол кісінің әдепті, зиялы жан екенінен хабар берсе керек. Шынымды айтсам, қарағым, Ахаңмен сырласу мен үшін бір рахат еді.

– Сол жөнінде әңгімелеп беріңізші?

– Бір жолыққанымда Ахаң: «Қаныш Имантайұлы Сәтпаевтың бір жақсысы – академияда докторлық диссертация қорғалған кезде тақырыптың өзіне қатысы бар ма, жоқ па келіп, насыбайын ерніне сап, кеңестің басынан аяғына дейін тапжылмай отыратын. Мен президентпін, қолым тимей жатыр демейтін», – деді.

– Ахаңның Қанекеңе деген құрметі мен байқампаздық бағасын көрдің бе?! – деп Баукең қуана таңғалды.

Тағы бір сөзінде:

– Мен Баукеңді, Бауыржан Момышұлын өзімдей жақсы көремін, – деді.

— Мұны кім айтып отыр? — деді Баукең маған жалт бұрылып:

– Ахаң, Ахмет Жұбанов айтып отыр.

– Дұрыс. Ол кісінің Жамбыл, Темірбек Жүргенов, Ораз Исаев туралы пікірлері де адамға ой саларлық, – деп қоштады батыр қолбасшы.

– 1936 жылы Москвада өткен қазақ әдебиеті мен өнері онкүндігі аяқталғанда, бізді Сталин қабылдады. Төрдегі орындарды жағалай Сталин, Микоян, Жамбыл, Ораз Исаев, Темірбек Жүргенов, екінші қарсы бетте Күләш, әйгілі әнші, артист Барысова, тағы басқалар, бүйір шетте атақты ақын-жазушылар Алексей Толстой, Демьян Бедный отырды. Ә дегеннен Жәкең, Жамбыл бәріміздің ішек-сілемізді қатырды. Аудармашысы Қасым Тоғызақовқа бұрылып қарап:

– Әй, мынау мұрты едірейген кім өзі? – деп сұрап, Қасым:

– Жәке-ау, бұл Сталин ғой, – дегенде:

– Қызыңды... Сталин десе, дегендей-ақ екен ғой, – демесі бар ма? Сталин өзінің аты аталғанын есітіп:

– Қарт ақын не айтты? – деп аудармашы Қасым Тоғызақовқа мойнын бұрды. Қасымның тапқырлығына біз шексіз риза болдық.

– Жолдас Сталин, қарт ақын сізді көрсем деп армандаушы едім, сол арманыма жеткеніме өте қуаныштымын. Мерейім өсіп, жасарып отырмын дейді, – деп аударды. Сталин орнынан тұрып, Жәкеңнің қолын алып:

– Қазақ халқы – ақылды халық. Мына тосты Жамбылдай алып ақынды дүниеге әкелген қазақ халқы үшін ішелік, – деп рюмкесін Ораз Исаевпен, тағы басқалармен соғыстырды.

Байқап отырмын, бүйір жағымыздағы Алексей Толстой мен Демьян Бедный ақ арақты қырлы стаканға толтыра құйып, ішіп мәз.

Сөз тізгіні Темірбек Жүргеновке тигенде, ол сасып, салбырап, жөнді сөйлей алмады. Бұрын қамшы салдырмайтын шешен кісі неге екені белгісіз, кібіртіктеп, айтар ойынан жаңылыса берді.

Микоян Ораз Исаевқа қарап:

– Сен сөйле, – деп еді, Ораз орнынан атып тұрып, кетті дейсің ағып. Бес минуттей тамаша сөйледі.

– Шығыста кадр жоқ дейсіңдер. Міне, дайын кадр. Бұлай кім сөйлей алады? Кәнеки, Министрлер Кеңесінің төрағасы Исаев үшін ішейік, – деп Сталин арнайы тост көтерді.

Өзі осылай өте жоғары бағалаған Ораз Исаевты кейін Сталин Мирзоянмен бірге Москваға жеткізбей жолда тұтқындап, аттырып жіберді. Мен осыған еш түсінбеймін.

– Аха, оған біздің де ақылымыз жетпейді. Сонымен ары қарай не болды? – дедім мен көңілін басқа жаққа алаңдатқым келмей.

– Басқалар да сөйледі. Мен ішпеймін ғой. Ішкім келмейтін. Басқаларымыз да рюмкеге ернін ғана тигізіп отырды. Сталин бәрін байқап:

– Бұл халық – ішімдік ішпейтін халық. Сіздер аздап абайлаңыздар, ыдыстарыңызды айырбастаңыздар, – деді Алексей Толстой мен Демьян Бедныйға.

– Жарайды, жолдас Сталин, – деп екеуі стакандарды қойып, кішкентай рюмкемен ішті.

Осылай деп Ахаң аха-ха-лап кұлді.

– Атақты әнші Барысова сөйлеп:

– Әлемде Татьяна әнін келістіре шырқаған Күләштай әнші жоқ. Өтінем, Күләш, «Гаккуді» айтшы? – деп Күләшті өзінен де жоғары бағалады. Оның осы адамгершілігіне, әділеттілігіне таңғалдым.

Бір уақытта үзіліс жарияланды. Ана екеуі бір-біріне қарап, стаканға ақ арақты құйып ап, ел орнынан тұрып, бұрыла бергенде ішіп салды.

Ахаң бар дауысымен үйді басына көтере күлді.

 

«Қолда бар да алтынның қадірі жоқ»

– Үлкен театрда «Қыз Жібек» операсы қойылды. Қасымда Өнер академиясының академигі отыр еді (Аты-жөні қойын дәптерімде жазулы. Кейін айтып берем). Құрманбек – Бекежан айқайды сап сахнаға шыға келгенде:

– Ахмет, Ахмет, сенің мына қазағың бүкіл Қазақстанның кең даласын үлкен театрға алып келді ғой деп қолымды қысты, – деді.

Осының бәрін Ахаң ерекше қуанып толқи, тебірене отырып әңгімеледі. Ол кісі әр құбылысты жіті байқап, дұрыс қорытынды жасап, түйін түйетін данышпан адам еді.

Ауырған кезінің соңғы күндерінде жиі жолығып, көңілін сұрап жүрдім.

– Аха, осы мен де батыста болып, біраз қызмет істедім. Құрманғазы дарын ғой. Мен ол кісінің ауылында да болдым. Құрекеңнің екі жағдайына түсінбеймін.

– Хайдаржан, ол қандай екі жағдай?

– Осы ұрлағанымыз бойымызға сіңсе, тағысын тағы ұрлармыз, қосшы бала, – дейді. Бұлай деуі маған мүлде түсініксіз, Құрманғазының өзі кедей болған ба, қалай? – дедім.

Ахаң көңілдене күліп отырып:

– Ой, сенің көп нәрседен хабарың бар екен, – деді.

– Дәулеткерейдің де күйін тыңдап едім. Ол кісіні Құрманғазымен салыстыруға бола ма?

– Хайдар, айналайын, Дәулеткерей сұмдық қой. Тек оның шыққан тегі қиын боп тұр. Сенің байқағаның дұрыс. Басыңдағы өнер туралы түсінігің күшті екен, – деді.

– Қалай енді? Өзі ұрлайды, бойға сіңсе, тағы ұрламақ ойда.

– Ол кезгі заман солай. Екінші түсінбейтін жағдайың не?

– «Балбырауын» күйі, – дедім.

Хайдар аға маған ойлы жанарын қадап:

– Сен ол күйдің қалай шыққанын білесің бе? – деді.

– Жоқ.

– Орынбордың генерал-губернаторы Браун елді қабылдап, соңынан балл береді. Оған Құрманғазы да қатысқан. «Балбырауын» күйі «Балл у Брауна» дегеннен шыққан. Білдің бе? Кейін сол генерал-губернатор Құрманғазыны абақтыға жапқызған.

Ахметке осыны айттым.

– Е, дұрыс, Хайдаржан. Сен мұны қайдан білесің? – деді Ахаң.

– Енді, өзіңіз айтқандай, көнекөз қарттардан естідім.

– Әрине, мен түсінем, Аха. Түсінсем де әдейі сұрап отырмын. Дәулеткерей туралы не айтасыз?

– Дәулеткерей сұмдық талант, – деді басын шайқап.

– Енді Тәттімбеттің күйлері туралы ой-пікіріңізді білгім келеді. Ол кісі 49 жасында өліп кетті.

Хайдар аға маған қайта жанарын қадап:

– Тәттімбет Петерборда өткен Романовтардың патшалық құрғанына 300 жыл толуы тойына барып, күй ойнаған ғой. Оны білесің бе? – деді.

– Естуім бар.

– Сахнада күйін ойнап отырғанда Николай патша орнынан тұрып, қасына кеп, омырауына медаль таққан. Ахаңа осыны айтып:

– Аха, Тәттімбетті кішкене бағаламай жүрміз-ау, – деп едім:

– Иә, түсініс аздау. Ол да ерекше дарын, – деді.

– Аха, жылқымды ұрлаған адамға мен қалай бас ием?

– Әзіліңе болайын, Хайдар, – деп Ахаң ішек-сілесі қатып күлді.

– Аха, мен Мұхтар Әуезовпен, Бауыржан Момышұлымен, Кәрім Мыңбаевпен қоян-қолтық араластым.

– Біздің Ләйланың әкесі, Мұхтар Омарханұлы сіз десе, Хайдаржан, ішкен асын жерге қояды, – деді бірде Асқар Қонаев.

– Тобықтылармыз ғой. Анадан, мынадан хабарымыз бар, – деп мен әзілдеп күлдім.

Өзіңіз жақсы білесіз, Бауыржан Момышұлы кім болса, сонымен сөйлесе бермейтін. Көңіліне жақпаған адамға ары жүр деп ашық айтатын. Өзім ректорлық етіп жүрген Алматы ауыл шаруашылығы институты студенттерімен кездесуге басқалар қорқып шақырмағанда, Баукеңді шақырдым. Бағаласаң, менікі де ерлік, Аха, – деп едім:

– Оның рас, ерлік. «Қолда бар да алтынның қадірі жоқ». Баукеңді барлық оқу орындары шақырып, кездесулер ұйымдастырса, керемет ұтар еді. Өйткені, Бауыржанның тұла бойы тұнған тәрбие ғой, – деді Ахаң елжірей толқып.

– Қоршаған орта жануарлар мінезіне әсер етеді деген қағида бар. Баукеңнің ауылы Жуалыда бір күнде қар да, жаңбыр да жауады. Туған жерінің табиғаты қандай өзгеріп тұрса, Баукеңнің де мінезі сондай өзгеріп тұрады. Біздің кейбір шолақ ойлы басшылар сол мінезіне бола Баукеңнен именеді.

– Ой, Хайдаржан, сен Бауыржанды менен де жақсы біледі екенсің. Мұның мен үшін жаңалық, – деп Ахаң балаша қуанды.

– Қарағым, Баукеңді еске алудағы мақсатым – Ахаңның жаратылысы күрделі екеніне сенің көңіліңді аудару еді.

 

«Күштінің тәңірі жоқ»

– Хайдар аға, бір оқиға есіме түсті, – дедім мен сабырсызданып.

– Айт.

– Ана жылы ақын Шәміл Мұхамеджанов аға: «Жазушылар одағында Өтежан Нұрғалиевтің тұңғыш жыр жинағын талқыладық, – деп төмендегі жайды айтып еді. – Талқылауға Жазушылар одағының төрағасы Жұмағали Саин жетекшілік етті. Шамамда ол кісі Өтежан өлеңдеріне сын айтты-ау деймін, дәл қазір не дегені есімде жоқ. Жұрт Өтежан жырларын мақтады.

Жұмағали ағаның шашы жоқ, басы жалтыр еді. Ахмет Жұбанов аға:

– Москваға кетіп бара жатып, Ақтөбенің тұсынан өте бастағанымызда қасымдағыларды перронға алып шығып, терезеден:

– Мынау менің туған жерім, – деп едім:

– Ойпырмай, таздың басындай тақыр жерде де сіздей талантты адам туады екен-ау, – деп таңғалды. Жұмеке, Өтежан да сол таздың басындай тақыр жерде туған талант, – деді.

Біз бір-бірімізге қарап, мырс-мырс күлдік. Ахмет ағаның бір көзі жұмулы еді ғой.

– Дұрыс айтасыз, Аха. Шынында Өтежан өлеңдері соқырға таяқ ұстатқандай, – деп Жұмағали ағамыз да есесін жібермеді.

– Екеуі бір-бірін шалудай-ақ шалыпты, – деп Баукең аха-ха-лай күлді.

– Ахмет, Жұмағали ағалардың осы айтқандарын бірде Бейсембай Кенжебаев ағаға айтып едім, ол кісі:

– Жұмағали Ахаңа сөз тауыпты, – деді күліп. – Жазушылар одағында сыншылардың жиыны өтті. Жұмағали Саин сөз сөйлеп:

– Бізде сын да жоқ, сыншы да жоқ, – десе бола ма? Мен мінбеге шығып:

– Жаңа Жұмағали аузын қу шөппен сүртті. Мен оның пікірімен келіспеймін. Осында отырғандардың бәрінің басы таз десем, кім сенеді? – дедім.

Жұрт ду күлді. Жұмағали сөз тауып, маған жауап айта алмады.

– Жақсы інім, мен шаршадым, – деп Хайдар аға менімен қоштасты. – Құдайбергеннің өлеңін қалай табам, солай саған телефонмен айтам.

Ол кісі екі күннен кейін Хайдар Арыстанбекұлына хабарласты.

– Қалам-қағазың дайын ба?

– Дайын, айта беріңіз?

– Қайғырма, қапа болма, қайран анам,

Елдегі құрбы-құрдас болсын аман.

Мал ұрлап, кісі өлтірген айыбым жоқ,

Тағдырдың зорлығына бар ма шарам?..

Бұл өлеңді сен философ Сәдуақас Темірбеков ағаңа оқып бер. Ол не дейді екен? – деді Хайдар аға.

Мен ізбе-із Садуақас ағаға телефон соғып, Хайдар ағамен арада өткен әңгімені баяндап, Құдайберген ағаның өлеңін оқыдым.

– Ой, Құдайберген не деген керемет адам?! «Тағдырдың зорлығына бар ма шарам?» дегені «күштінің тәңірі жоқ» деген халық даналығымен тең түсетін терең ой екен, – деп Сәдуақас аға таңғалып, басын шайқады.

– Сау болыңыз...

Қымбатты оқырман, бұл тақырыпты назарыңа ұсынып отырғаным, Баукеңнің замандастары қандай тұлғалар болғанын еске алып, ойланса екен деген мақсатта болдым. Бүгінгі біздің өмірімізде осындай тұлғаларды кездестіргендеріңіз бар ма?

Мамытбек ҚАЛДЫБАЙ, жазушы.

 

 

Пікір қалдырыңыз