Үздік бапкерге тұлпар мінгізді

Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Мырзағали Айтжановтың атағы әлемге әйгілі. Бокстан Қазақстан ұлттық құрама командасының бас бапкері болып он жылға жуық абыройлы еңбек еткен ол дүние жүзінде екі дүркін үздік бапкер атанған.

Жерлесіміз бас бапкер болып қызмет атқарған жылдары Бейжің, Лондон және Рио олимпиадаларында шәкірттері шаршы алаңда жасындай жарқылдап, қарсыластарын ойсырата ұтты. Көпшілігі жеңіс тұғырынан көрініп, көк байрағымызды әуеге желбіретті. Сөйтіп, сайыпқыран спортшыларымыз Тәуелсіз Қазақстан қоржынына талай алтын, күміс, қола медаль салды. Егемен еліміз боксының дамуына өлшеусіз үлес қосқан Мырзағали Айтжанов жақында ердің жасы – елу жасқа толды.

Мерейтой қарсаңында Шымкент қаласына қарасты Қарабастау елді мекенінде спорт сүйер қауым Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы, Еуропа чемпионы Мырзағали Айтжановқа лайықты сый-құрмет жасады, тұлпар мінгізді. Кезінде талай талант тəрбиелеген ұстаз-жаттықтырушы бұл күндері Түркістан облысының былғары қолғап шеберлерін баптауда.

Үздік бапкерге сәттілік тілейміз!

С.МӘТҚАЛИҰЛЫ.

 

 

Пікір қалдырыңыз