Асығыңыз, бір-ақ ай қалды!

Бауыржан ЕРМАН, «Ońtústik Qazaqstan».

Төтеннен келген індеттің ел экономикасына тигізген зардабы аз болмай тұр. Шағын кәсіпорындарды айтпағанда, ірі өндіріс орындарының өзі ілдебайлап күн көруге мәжбүр. Еліміздегі көлік индустриясының бүгінгі күйі де «шықпа жаным, шықпамен» қарайлас. Соған қарамастан олардың отандық өнімге деген талпыныстары көңіл қуантады. Алайда, сол көліктер жайлы тұтынушылар арасында әртүрлі пікірлер бар. Бірі отандық көліктердің мақтауын асырса, енді бірі елімізде құрастырылатын көліктердің сапасына күмәнданады. Дегенмен, мәселе жалғыз бұл емес сияқты. Бұдан да маңыздысы, отандық көліктерді сатып алуға қарапайым қазақстандықтардың жағдайы жете бермейді. Сондықтан олар шетелдің бағасы арзандау көліктеріне ұмтылады.

Соңғы жылдары ел аумағына көршілес Ресей, Қырғызстан және Армения елдерінен көліктер көптеп әкеліне бастады. Әсіресе, Армениядан келетін көліктерге деген қызығушылық басым болып тұр. Өйткені, арзан әрі сапалы. Алайда, мәселенің екінші жағына келсек, өзге елде тіркеуде тұрған көліктің салығы бізге түспейді екен. Екіншіден, жол ережесін бұзса, айыппұл өзге елдің «қалтасын» қампайтуға жұмсалады. Үшіншіден, шекара асып келген көліктің иелері біздегі ортақ тәртіпке де бағына бермейтін көрінеді.

Осыны ескерген Үкімет шетелдік көліктерді Қазақстан Республикасына тіркеу туралы ереже шығарып, заңнамаға сай келмейтін автомобильдерді елге кіргізбеу жөнінде тапсырма берген. Бұл туралы жыл басында «Шатағы көп шетел көліктері...» тақырыбымен газетімізде мақала да жариялағанбыз. Онда Үкімет тарапынан қабылданған шешімдерге жүргізушілер тарапынан наразылық туындағаны айтылған еді. Расында, бастапқы ережеде тіркеуге жұмсалатын қаржы тым көп болатын. Атап айтсақ, бір көлікті ресімдеуге 500 мың мен 4 миллион теңге аралығында қаржы жұмсау қажет еді. Осыдан кейін көлік иелері әкімдіктердің алдына жиылып, осы мәселені бір ізге түсіруді өтінген. Әрине, көлік иелерінің базынасын түсінуге де болады. Ақшасы жетіп тұрса, неге бірден су жаңа көлік мінбеске?!

Осыдан кейін Үкімет жаңа қаулы шығарып, Армениядан 2020 жылдың 1 ақпанына дейін әкелінген автокөліктерді тіркеуді бастаған. Айта кету керек, Үкіметтің бұл шешімі көлік иелерінің көңілінен шыққандай болды. Өйткені, жаңа ережеге сәйкес, армян автокөлігін тіркеу үшін небәрі 11 946 теңге мөлшерінде (алым – 695 теңге, техникалық паспорт беру үшін баж – 3 473 теңге және мемлекеттік нөмір үшін – 7778 теңге) төлем жасау қажет. Аталған қаржыны төлегеннен кейін жүргізушілер «сары нөмір» алып, республика аумағында емін-еркін жүре алады. Қазір осы мүмкіндікті жіберіп алмай, көлігін тезірек тіркеуге қойғысы келетін азаматтардың саны көбейіп келеді. Түркістан облыстық полиция департаментіне қарасты әкімшілік полиция басқармасының бастығы, полиция полковнигі Алмасхан Тастанбековтің айтуынша, бүгінге дейін 300-ден астам түркістандық азамат өздерінің армениялық көліктерін тіркеуден өткізген.

– Армениядан әкелінген автокөліктер иелеріне тіркеу ережелерін түсіндірудің маңызы зор. Қазір бұл жұмыспен облыстық полиция департаментінің Түркістан қаласындағы халыққа қызмет көрсету орталығы мен аудандарда орналасқан Call-орталықтарындағы мамандар айналысып жатыр. Мұнда келгендер көлік құралдарын тіркеу және мемлекеттік баж төлеу тәртібі туралы толық ақпарат ала алады, – дейді Алмасхан Мәмбетұлы.

Қалай айтсақ та, Үкіметтің соңғы шешімі өзге елден көлік сатып алатындарға тиімді болып тұр. Армениядан әкелген автокөліктерді тіркеудің аяқталуына бір ғана ай қалғанын ескерсек, бұл мүмкіндікті тиімді пайдалануға асыққан жөн. Өйткені, бұл шекара асып, арзан бағада көлік сатып алғандарға зор мүмкіндік болғалы тұр.

 

 

Пікір қалдырыңыз