Бір әулеттің қамқоры

Түлкібас ауданындағы Ақбиік ауылында жасы 95-ке келген Бексұлу Дөңбайқызы есімді көкірегі шежіре кейуана жасайды. Қосағы Аллатайыр екеуі 10 перзентті өмірге әкеліп, олардан бүгінде 52 немере, 109 шөбере, 2 шөпшек өрбіп отыр.

Бексұлу әжемізді Аллатайыр атамыздың бірінші әйелі Айнакүл еріне өзі әперген екен. Күйеуінің жасы 50-ге келгенше перзентсіз жүргені арқасына аяздай батып, көп уақыт бойы қолқа салып, ақыры көндіріпті. Онысы «азаматым ұрпақсыз өтпесін» деген адал көңілі еді. Атамыз колхозда су мұрабы болса, әжеміз кетпен шауып, масақ теріп, бидай орып, ілінген шаруаны атқарған екен. Бәйбішенің тілегі болып, Құдай Бексұлу апамыздың етегіне береді. «Бәйбіше емес, ол кісі менің енемдей болды. Балалардың бәріне қамқор болып, бауырына басты. Біз таң атқаннан кеш қарайғанға дейін жұмыстамыз. Апекем балаларға өзі ие болады. Тіпті, әдепкіде балаларым есейгенше анамыз сол кісі деп жүріпті. Жарықтық, ақылды, текті кісі еді» дейді кейіпкеріміз. Әңгімеге әженің үлкен баласы, ауыл молдасы Ермахан араласты.

– Анам қиыншылықты көп көрген жандардың бірі. Ашаршылық кезінде аналары тонның үстіне бір уыс бидайды шашып жіберіп, «жеңдер» дейді екен. Ондағысы балалар бидайды бірден жеп қоймай, теріп жесін дегені, аз-аздап ауыз тиіп, аш құрсақтарын жұбатсын дегені. Анамыз әріп танымаған кісі. Кейін өз бетінше әріп танып, ақша санауды үйреніп алған. Әкеміз Ұлы Отан соғысының ардагері еді, 1975 жылы бақилық болды. Анам бригадирге «шиеттей бала-шағам бар, мені ақшасы көптеу ауыр жұмысқа жіберіңізші» деп жалынады екен. Шешемнің ағасы Бегім Дөңбаев елге танымал еңбек майталманы болған. Ол енді басқа әңгіме. Анам зейнетке шыққан соң да тыным таппай, қуаты қайтқанша (90 жасқа таяғанша) ұлы жолдың бойындағы «Бастауда» сауда істеп, жұмсақ нанын, ашыған көжесін сатып, жолаушылардың алғысына бөленген. Бір жолы марқұм, әнші Мәдина Ералиева жолаушылап келе жатып, әженің қолынан дәм татып, кассетасын сыйға тартыпты. Бірде үлкен жиын-тойда Серік Пірәлиев ағамыз «Ақбиік ауылында жол жиегінде бір қара кемпір дәмді көже, нан сатып тұратын, сол кісі әлі бар ма?» деп сұрады. «Бар, ол – менің шешем» десем, сәлемін айтып, арқа-жарқа боп қалды.

Иә, Бексұлу әже сол бір жасы келген күндері жылы үйінен жырақтап, бекер сауда жасап жүрген жоқ еді. Жастай қайтыс болған баласының 4 перзентін жетілдіріп, келіні Құттықызға болысуды мақсат етті. Келіні мұғалім еді, оның бір айлығы не болады деп белін бекем буған түрі екен. Өзі мақсат еткендей, қолдағы немерелерінің бәрі оқыды, тоқыды. Өмірден өз орындарын тапты бүгінде. Құттықыз апай:

– Мен енемді өз мақсатына жетпей тоқтамайтын өте қайсар асыл әже деп құрметтеймін. Ол кісінің аузынан шыққан мақалдардың өзі бір тағлым. Немерелері үшін көп еңбек етті. «Біреуге жалынба, сосын өзіңде бар болса, жоқ деп айтпа» дейтін. «Барыңда батып же, жоғыңда сатып же» деп балаларына барды ішкізіп-жегізіп, ешкімнен кем қылмады. Өзім 28 жасымда жесір қалдым. Жолдасым жоқ, мұнда не істеймін, кетемін деп оқталғанымда, енем тоқтау салып, «ешқайда кетпе. «Шыққан қыз шиден тысқары», «Төркінге сенгеннің төбесі ойық» деген, «осында өсіп-өн, балаларың бар» деп төркініме жібермей қойды. Бүгінде өзім де әже болып, келін жұмсап, немере сүйіп отырмын. Апаның барлық ұл-қыздары да бізге мейіріммен қарап, туыстық қарым-қатынасты бекіте түсті. Әсіресе, үйдің жанындағы үлкен қайнағам (Ермахан) мен Шәрипа абысыным балаларымның ата-әжесіндей болып кетті. Үлкен әулетімізде сыйластық, мейірбандық қалыптасқан. Енемнің өзі секілді балаларының бәрі де еңбекқор, епті, әр салада жемісті еңбек етіп келеді. Еңбексүйгіштігінің арқасында болар, әйтеуір тұрмыс-жағдайымыз жаман болған жоқ, – деп әңгімесін түйіндеді.

«Осындай енемнің болғанына шүкір етемін» деген қолындағы Құттықыз келіні де, әженің немере келіні де, сүйегі асыл, текті кейуананың асты-үстіне түсіп, балаша мәпелеп отыр.

Айгүл СҮНДЕТОВА. Түлкібас ауданы.

 

 

Пікір қалдырыңыз