Көкейді тескен көп ақша ақыры абыройдан айырып тынды

Адамнан айла артылған ба? Қулық-сұмдығы көп мына заманда айлалы болу да қажет шығар дейсің, кейде. Десек те, кейбір лауазым иелерінің пара алу жолындағы небір қитұрқы амал-айлаларын көргенде әлгі ойыңнан табанда айнисың, ондай пысықайларды жек көрген былай тұрсын, кәдімгідей жиіркенесің.

Осыдан бірнеше жыл бұрын өзіме етене таныс мектеп басшысының қулығына құрық бойламайтын әрекетін көргенде, «мектептің тізгінін кімдерге ұстатқанбыз?» деп жағамды ұстағанмын. Ол кезде аудан орталығында тұрамыз. Келесі көшеде Алаш ардақтыларының бірінің атын иемденген мектеп болатын. Бірде жұмыссыз жүріңкіреп қалған әйеліме жұмыс сұрап, әлгі мектептің басшысына кірмек болдым. Есік алдынан тосқан сондағы танысым аптығып келген демімді басып, мұндай мәселе жөнінде директорға емес, алдымен оның жақын-жуығына, таныс-тамырына қолқа салуым керек екенін ескертті. Оның айтуынша, бұл мектеп ішіндегі жазылмаған заң көрінеді. Қысқасы, не керек, таныс та табылып, іс те оңынан шешіліп, әйелім жұмысқа тұрды. Ең қызығы, «құр қолға бата жүрмейтінін» ишаралап жеткізген директордың көксегенін банк арқылы есепшотына аударуға мәжбүр болғаным әлі есімнен кетпейді. Айтайын дегенім, бұл емес, әрине. Айтпағымыз, пара алудың осындай заманауи мәдениетін мектеп басшыларының бәрі бірдей меңгермеген болып шықты.

Тып-тыныш қана ұжымға басшылық етіп жүрген Тамараның ойын ақша деген әзәзіл бұзды. Ауылдағы мұғалім біткенді ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстап үйренген оған әл-әзір бәле келмейтіндей көрінетін. Жоғарыдан келгендердің аузын буда-буда ақшамен ұрып, онысын ләм-мим деуге дәрмені жоқ мұғалім байғұстардан өндіріп алуға дағдыланған Тамараның қылығына ауылдастарының да еті үйреніп кеткен.

Босануына байланысты демалысын өткеріп, жұмысқа шықпақ болған Айнұрды мектеп директоры кабинетінде көңілсіз қарсы алды. Былғарыдан тігілген жұмсақ креслоны әрі-бері тербеген күйі бұған сағаттың жоқтығын айтып, әлі де демала тұруға кеңес берді. Осы кезде өзіне таныс директордың әлсіз тұсын білетін Айнұр дереу «қолын құр қалдырмайтынын» қабағымен ұқтырып, әліптің артын бағуға бекінді. Әлгінде ғана Самарқанды су алдырып отырған Тамараның осы тұста екі қасының ортасына жиырыла қалған әжімді жүзі тарамдала түсіп, әлгіндегі ашулы жүзіне қан жүре бастайды. Тағы да айта түсші дегендей Айнұрдың аузын бағып, келген бетте ашумен айтқан сөздерін жуып-шайғандай болды. Не керек, басшы мен қосшы ақыры тіл табысып, бұл Тамараның емеурінмен білдірген 100 мың теңгесін екі-үш күнде әкеліп беруге келіседі.

Уәделі күн де жетіп, Айнұр тиісті ақшаны мектеп директоры Тамара Айболованың кабинетіне алып кіреді. Бірақ, ақшаны бермес бұрын тағы бір мәселенің басын ашып алуды ұйғарады. Өзіне ағайын жағынан алыс емес әрі осы мектепте лаборант болып жұмыс істейтін Балжанды бастауыш сынып мұғалімі етіп ауыстырып беруін өтінеді. Айнұрға қапысыз сенген директор лаборанттың қызметтік бұл секірісі 1000 АҚШ долларына бағаланатынын жеткізіп, ақшаны тезірек жеткізуін сұранады. Айнұр 100 мың теңгені бастықтың тартпасына салып, сыртқа шығуға беттегенде, сау етіп құзырлы органның қызметкерлері кіріп келеді.

Түйені түгімен жұтып үйренген мектеп директорының қылмыстық ісі жақында сотта қаралды. Мектеп басшысы өзіне тағылған айыпты толық мойындап, өткен іске өкінгенімен, судья Тамара Айболованы Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 366-бабы 2-бөлігімен кінәлі деп тауып,20 338 800 теңге айыппұл салу жазасына кесті. Мүлкін тәркілеп, өмір бойы білім беру саласындағы ұйымдар мен мекемелерде басшылық ету құқығынан айырды.

Д.ЖҮСІПОВ.

(Кейіпкердің есімі өзгертіліп алынды).

 

 

Пікір қалдырыңыз