Заңмен өмір сүру – демократияның ең жоғары мектебі

Тәуелсіздігін алған кез келген мемлекет өзінің алғашқы қадамын өз Конституциясын қабылдаудан бастайды. Бұл – сол мемлекетті құраушы ұлттың ғасырлар бойы жинақталған өзіне тән ұстанымдарының, заңдарының, жүріп өткен жолдарының негізінде келешегіне бағдар жасайтын басты белгі. Конституция – кез келген мемлекеттің басты құқықтық және саяси құжаты.

Он жетінші ғасырда қазақ хандығының ыдырап кету қаупі төнгенде Тәуке хан елдің ауызбіршілігін арттыратын шаралар қарастырып, хандық билікті нығайтуға күш салды. Сол кезеңде мықты билік пен бірлікті қамтамасыз ете алатын жаңа заңдар жүйесін жасау қажеттілігі туды. Тәуке хан бұрыннан қалыптасқан дәстүрлі әдеп-ғұрып заңдары мен өзінен бұрынғы хандардың тұсында қабылданған «Қасым ханның қасқа жолы» мен «Есім ханның ескі жолын» одан әрі жетілдіру арқылы жаңа заң жүйесін жасақтауға көшті. Үш жүздің жақсыларын жұмылдыра отырып, Күлтөбенің басында «Жеті жарғы» деген заңдар жиынтығын қабылдады. «Жеті жарғыға» сүйенген қазақ билері ел ішіндегі дау-жанжалдар мен саяси маңызы бар мәселелерді тиімді шеше бастады. «Жеті жарғыда» жеңіл де, ауыр да жаза қолданылған. Онда азаматтық іс те, қылмыстық іс те, меншік мәселесі де қаралған.

Алайда, қазақ даласы Ресейге қосылғаннан кейін патшалық заңмен өмір сүре бастады. Ал, Кеңес Одағының дәуірі жүрген 70 жылдан астам уақыт аралығында үш Конституция қабылданған. Кеңес дәуіріндегі Конституция жайлы пікірлер сан қилы. Мысалы, тарихшы-ғалым Хангелді Әбжанов «Ол кеңестік жылдарда заңнан гөрі әміршіл-әкімшіл биліктің өктемдігі жүріп тұрды. Содан конституциядағы талаппенен, қағидаменен өмірдің арасында алшақтық орнағаны рас. Мәселен, Қазақстанның қаншама жері Ресейге кетті, Өзбекстанға кетті, тұтас автономиялық облыс Қарақалпақстанға өтті. Ал, Конституция бойынша басқарылғанда мұндай жөнсіздіктер орын алмас еді» дейді.

«Ол конституциялық заңдар негізінде қағаз бетінде қалды. Бұл заңда барлық ұлттарға, барлық республикаларға өздері қалаған жағдайда тәуелсіздік беру жазылған болатын. Ал, іс жүзінде халық отарлық саясаттың езгісінде болды. Сондықтан кеңестік конституция екіжүзді конституция болды. Ол конституция бойынша халық қорғалмады. Сондықтан ашаршылық та болды, сталиндік репрессия да орын алды. Ол конституция бізге үлгі болмауға тиіс» дейді жазушы, кинодраматург Смағұл Елубай.

Қазақстан Республикасы Конституциясының қалыптасуы бірнеше тарихи, күрделі, өтпелі кезеңдерді қамтиды. Қазақстан тәуелсіздік алғанға дейін өз аумағында үш рет Конституция қабылдаған болатын. Оның ең алғашқысы – 1926 жылғы наурыздағы жалпықазақстандық кеңестің Х съезінде бекітілген Қазақ КСР Конституциясы, екіншісі, 1936 жылғы 5 желтоқсанда өмірге келген Конституция, үшіншісі, 1977 жылғы 7 қазанда Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің кезектен тыс жетінші сессиясында қабылданған Конституция.

Қазақстан Республикасының Конституциясын қабылдау қажеттілігі туралы мәселенің өзіндік тарихы бар. Қазақстанды тәуелсіз мемлекет деп жариялау, нарықтық экономика, демократиялық және құқықтық мемлекет құруда мемлекет пен қоғам өмірінің конституциялық негіздерін сапалы жаңарту қажеттілігі тұрды. 1990 жылы жаңа Конституция жобасын жасауға жұмыс жүргізіле бастады. Нәтижесінде, ол 1993 жылдың 28 қаңтарында Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің тоғызыншы сессиясында қабылданды. Алайда, 1993 жылы Қазақстан Республикасының Конституциясы күшіне енгеннен кейін оның кемшіліктері, Қазақстандағы шынайы әлеуметтік-экономикалық және саяси үрдістен алшақтығы байқала бастады. Сонымен қатар, заңгерлердің, саясаттанушылардың пайымдауынша, 1993 жылғы Конституцияда елеулі олқылықтар болды. Бұл құжатта ескі саяси жүйенің жаңа саяси жүйеге трансформациялануы заңдастырылды. Ұзақ жылдық тәжірибесі бар Батыс демократиясын елдің кеңестік саяси жүйесін жаңартуға пайдалануға әрекет жасалды. Өтпелі кезеңнің экономикалық және әлеуметтік қайшылықтарын жеңе алатын тиімді вертикальды атқарушы билік жасалынбай қалды. Осындай қателіктің салдарынан Қазақстан терең экономикалық дағдарыс қыспағында қалды. Осы тұста елдің саяси жүйесін өзгерту қажеттілігі туды.

Қазіргі қолданыстағы Конституцияны қабылдау үшін дамудың әртүрлі сатыларында тұрған, сан алуан әлеуметтік-мәдени, ұлттық және басқа да ерекшеліктері, түрлі құқықтық жүйелері бар елдердің Ата Заңдарындағы басты мәселені – тұрақтылықты нығайтудағы, халықтың әл-ауқатын жақсартудағы және демократияны дамытудағы қол жеткізген табыстарын ұғыну маңызды болды. Елбасының бастамасымен құрылған сарапшылар көптеген әлем елдерінің Конституцияларын мұқият сараптаудан өткізді. Сарапшылар тобына енген заңгер-ғалымдар мен саясаткерлер Еуропаны, Азияны, Солтүстік және Латын Америкасының, жалпы әлемдегі жиырмадан астам мемлекеттің Конституцияларын тереңірек талдап зерттеді. 1993 жылғы Конституцияны қабылдау барысында кеткен олқылықтарды болдырмау мақсатында және халықтың мұң-мұқтажын барынша ескеріп, өміршең болуы үшін негізі құжаттың жобасының барынша кең талқылануына мүмкіндік туғызылды. Еліміздің белгілі заңгерлерінен бөлек, Францияның Мемлекеттік Кеңесінің мүшелері мен Конституциялық кеңесінің өкілдері, Ресей зерттеу орталығының ең беделді заңгерлері жобалық жұмыстың жоғары талқылау шараларына қатысты.

Осы тұста айта кетейік, тәуелсіздік тарихында тұңғыш рет бүкілхалықтық талқылауға салынған да, елдің көптеген пікірі ескерілген негізгі заң да осы 1995 жылы қабылданған Қазақстан Республикасының Конституциясы болатын. 1995 жылғы Конституцияның жобасын талқылауға 3 миллион 345 мың адам атсалысып, өз пікірлерін білдірді. Сөйтіп, жобаға 1100 түзету енгізілді. Тоқсан сегіз баптың елу бесі елеулі өзгерістерге ұшырады. Бұрын болмаған жаңа бөлімдер, баптар пайда болды.

Осылайша тәуелсіздігіміздің тұғырлы болуы үшін Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей бастамасымен елімізді жарқын болашаққа жетелейтін үлкен мақсаттарды алға қойып заңдылықтың, келісімнің және еліміздің қарқынды дамуының кепілі болған, Тәуке ханның «Жеті жарғысынан» бастау алған өз Ата Заңымыз 1995 жылы 30 тамызда бүкілхалықтық референдум арқылы қабылданды. Дауыс беру еліміздің қалалары мен ауылдарындағы 10253 сайлау учаскесінде жүргізілді. Оған сайлаушылардың 90 пайызы қатысып, олардың 89 пайызы Конституцияны жақтап дауыс берді. Осылайша 9 бөлім, 98 баптан тұратын негізгі құжат қолданысқа енді. Қабылданған Конституция жайлы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: «Тарихымызда тұңғыш рет халықтың өзіне таңдау еркі берілді. Ол таңдаудың бір басында өзгерген, өркениетке ұмтылған, азаттыққа иек артқан жолмен жүру тұрса, екінші жағында өткен шақ пен болашақтың ортасында баяғыдай айналсоқтап жүре беру болды. Халық бірауыздан жарқын болашаққа бастайтын жолды таңдады» деген болатын.

Еліміз тәуелсіздік алған 29 жылға жуық уақыт ішінде Қазақстан Республикасы тұрақтылық пен бірліктің үлгісін көрсете отырып, әлемдегі болашағы зор мемлекеттердің біріне айналды. Бұл жетістіктерін еселеп ұлғайтуға бағытталған бірнеше мемлекеттік бағдарламалар қабылданып, оны жүзеге асыру мақсатында Ата Заңымыз – Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар еңгізіліп отырды. Содан бері Конституциямызға төрт рет өзгертулер мен толықтырулар енгізіліпті. 1998, 2007, 2011 және 2017 жылдары Ата Заңымыздың кейбір тұстарына толықтырулар жасалған болатын. Бұл – заман талабы. Себебі, Конституция – мемлекеттің дамуымен қатар жүретін құқықтық құжат. Конституцияға жасалған өзгерістер елдің дамуын, алға жылжып келе жатқандығын көрсетеді.

Бүгінге дейінгі табыстарымыздың барлығында осы Конституцияның қолтаңбасы бар. Өйткені, Конституцияны барлық заңдардың атасы деуге болады. Қандай мемлекетте болсын, әрбір адамның еркін, тең, азат, бақытты өмір сүруін қамтамасыз ететін, іс-әрекеттерін, құқықтарын айқындайтын, мүдделерін, меншіктерін қорғайтын заңдар қабылданады.

Дегенмен, өмір бір орында тұрмайды. Реформа тереңдеген сайын кейбір қабылданған заңдарымызды қайта өзгертуге тура келеді. Мұның барлығы Қазақстан халқының жақсы өмір сүруі үшін жасалған және алда да жалғасын табатын игілікті қадамдар.

Еліміздің қоғамдық-саяси өмірін жаңғыртпай, табысты экономикалық реформаларды іске асыру мүмкін еместігін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстаннның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында қамтылған негізгі бағыттардан да айқын көруге болады.

Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаев азаматтардың барлық сындарлы өтініш-тілектерін жедел әрі тиімді қарастыратын «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру – бәрімізге ортақ міндет екендігіне ерекше тоқталды. Билік пен қоғам арасында тұрақты диалог орнату арқылы ғана қазіргі геосаяси ахуалға бейімделген үйлесімді мемлекет қалыптастыруға болатындығын ұғындырды. Митингтер туралы заңнаманы жетілдіру, сот және құқық қорғау жүйесіндегі реформаларды тездету жайлы ұсыныстарын да жария етті. Конституцияның 32-бабына сәйкес, азаматтарымыздың өз ойын еркін айтуға құқығы бар. Егер бейбіт акциялар заң шеңберінен шықпайтын және азаматтарымыздың тыныштығын бұзбайтын болса, бұған түсіністікпен қарап, жиындарды өткізу үшін арнайы орын бөлу қажет. Мұндай орындар қаланың шетінде болмауы тиіс. Алайда, заңға қайшы және бұзақылық әрекеттерге шақыратын үндеулерге заң шеңберінде тосқауыл қойылады. «Сот және құқық қорғау жүйесіндегі күрделі реформалар азаматтарымыздың құқықтарын қорғаудың және олардың қауіпсіздігін күшейтудің негізгі факторы. Солардың қатарында сот шешімдерін мұқият талдау жұмысын жолға қойып, бірыңғай сот тәжірибесін орнықтыру қажет, дегенмен, азаматтардың негізгі құқықтарын назардан тыс қалдырдық» деді Қасым-Жомарт Кемелұлы.

Жыныстық зорлық-зомбылық, педофилия, есірткі тарату, адам саудасы, әйелдерге қатысты тұрмыстық зорлық-зомбылық және басқа да ауыр қылмыстарға, әсіресе, балаларға қатысты қылмыстарға қолданылатын жазаны шұғыл түрде қатайту қажеттілігі, сонымен қатар сыбайлас жемқорлықпен жан-жақты күресу мәселесі күн тәртібінен түспейтіндігін жеткізді. Сыбайлас жемқорлыққа қатысты қылмыс жасалған мекеменің бірінші басшысының жауапкершілігін заңнамалық және нормативтік тұрғыдан нақты белгілеуді тапсырды.

Ата Заңымыздың қаншалықты өміршең болатындығы өзімізге байланысты. Азаматтардың құқықтық мәдениеті мен Ата Заңға деген құрметін арттыру мақсатында Қ.А.Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің оқытушы ғалымдары Конституция және білім күніне орай студенттермен алғашқы сабағын құқықтық мәдениет жайлы өткізуді дәстүрге айналдырып келеді. Мұның өзі жастардың құқықтық мәдениетін көтеріп, Ата Заңымызды толықтай білуге, оны сыйлауға ұмтылысын арттыра түседі.

Заңға құрмет болмайынша, оны қастерлеу ішкі қажеттілікке айналмайынша, заңның құдіреті болмайтындығын, заң жақсы жұмыс істеуі үшін оны бұлжытпай орындау азаматтардың күнделікті дағдысына, үйреншікті әдетіне айналуға тиістігін, әртүрлі амал-айламен заңды айналып өтуге тырысушылық өркениетті елдің мәдениетіне жатпайтындығын, заңды қабылдағаннан соң оны мүлтіксіз орындау қажет екендігін университеттің оқытушы-профессорлар құрамы жақсы біледі және оны білім алушыларға жеткізу парызымыз деп түсінеді. Конституцияны қатаң ұстану – бұл мемлекеттің табысты дамуының және қоғамдағы азаматтық келісімнің негізі. Ол бойынша өмір сүру – демократияның ең жоғары мектебі. Бұл мектептен барлығымыз өтуге тиіспіз. Ендеше, біздің міндет – Конституцияға ұқыптылықпен қарау!

Балғабай НАҚЫПОВ, заң ғылымдарының докторы, профессор, «Құрмет» орденінің иегері. Түркістан қаласы.

 

 

1 пікір

  • К. Байшуахов
    К. Байшуахов

    Балғабай ағаның мақаласы ұғыныңқы өте түсінікті тілде жазылған .Тарихи танымы қоса жетерлік құқық ғылымы ішіндегі ең төресі конституциялық құқық қалыптасуын баяндаған зор мақала адам құқығы мен бост андығын асыл қазына деп бағалаған мемлекетіміздің саяси əлеуметтік мəдени экономикалық қатынастарына негіз болған Конституция туралы баяндалған мақала деп ойлаймын .Еңбегіңіз рəтті болсын аға .Құқық ғылымы саласына теккен теріңіз өз жемісін нақты беретін салаға айналып халықтың құқықтық сауаты арта берсін мемлекеттік органдарда өз қызметін құқықтық қағидаттарға сəйкес жүзеге асыра білсе халық үніне құлақ асатын мемлекет шын мəнінде жүзеге асады деп ойлаймын .Деніңіз сау отбасыңыз аман болсын аға.

Пікір қалдырыңыз