Түркістан – әр қазақтың жүрегінде!

Барша әлемге қазақ елінің іргесі берік мемлекет болып қалыптасқанын танытқан көне Түркістанның қайта түлеуі жаңа Қазақстан тарихының жарқын беттеріне айналуда. Елбасының осынау тарихи шешімі түркістандықтарға ерекше рух сыйлады. Ежелгі хандар ордасы болған Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің іргесінен Ақ Орда тігіліп, арнайы мінбе орнатылды. Өңір жұртшылығының бұл шешімді ұзақ күткендігінің айғағындай жүздеріндегі қуаныш пен ризашылық сезімдері әлі көз алдымызда.

Бүгінде Түркістан егемендік пен тәуелсіздік туы астында, тұтастық пен татулықтың құтты шаңырағына айналып отыр. Небәрі екі жылға да толар-толмас уақыт аралығында Түркістан қаласында тарихи-мәдени және әкімшілік-іскерлік орталықтың құрылысы қарқынды жүргізіліп, алғашқы жаңа ғимараттар пайдалануға беріле бастады.

Бүкіл әлем болып тосыннан келген қатерлі індетпен арпалысып жатқан шақта, оның жаппай таралуының алдын алу мақсатында біздің елімізде де төтенше жағдай жарияланып, шектеу шаралары енгізілді. Облыс, қала әкімдіктерінде арнайы штабтар құрылып, көптеген мекемелер, өндіріс, сауда орындары жұмыстарын тоқтатып, қашықтан жұмыс істеуге көшті. Білім беру мекемелері де қашықтан оқытуға көшірілді. Көшедегі көліктер азайып, қала мен аудан-аралық көлік қатынастары тоқтатылды. Блок-посттар жұмыс істей бастады. Шұғыл түрде денсаулық сақтау мекемелері мен полиция қызметкерлері жұмылдырылып, халық арасында түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Шектеу шараларының орындалуы қатаң бақылауға алынды. Әрине, қаншама сақтық шаралары жүргізілгенімен де қауіпті індеттің қасірет әкеліп жатқаны өкінішті-ақ.

Міне, осындай қиын-қыстау кезеңдерде облыс пен қала әкімдігі Түркістандағы жоспарланған құрылыс жұмыстарының қарқынын төмендетпеу шараларын мердігер компаниялармен бірлесе қарастырды. Облыстық әкімдік жұмысшылардың күнделікті тыныс-тіршілігін жіті қадағалап, сондай-ақ құрылыс нысандарында санитарлық-эпидемиологиялық талаптардың сақталуына ерекше маңыз беруде. Соның арқасында қала құрылысы мен абаттандыру жұмыстары талапқа сай жүргізілуде. Түркістан облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы, мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармалары, «Жасыл Түркістан» МКМ басшылығы мен мамандарының өз салалары бойынша атқарған жұмыстары бірден көзге көрінеді. Әкімшілік-іскерлік орталықта тұрғын үйлер бой көтеріп, облыс әкімдігі, департаменттер мен басқармалар ғимараты, Конгресс орталығы, «Алатау» медиаорталығы, Оқушылар сарайы, музыкалық мектеп, стадион, бассейні бар спорт кешені, әлемдік талапқа сай бес жұлдызды қонақ­үйлер, амфитеатр, музыкалық субұрқақтар қала келбетін түрлендіріп, таңғаларлық әсер қалдыруда.

Қала аумағындағы саябақтар абаттандырылып, алқызыл гүлдерге оранды. «Нұр-Сұлтан» алаңы, «Гүлдер» саябағы, «Қазыбек би» аллеясы, аттракциондар мен спорт алаңдары салынып, жастардың шынығуына, серуендеп демалуына мүмкіндіктер жасалуда. Өте қысқа мерзімде қаланың қайта түрленуі жастардың тарихи Түркістанға деген патриоттық сезімдерін оятып, шаhар болашағына деген сенімдерін арттырды.

Бүгінде қала сәулетіне ерекше көрік беріп тұрған ғимараттардың бірі – Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің ғимараты десек болады. Тәуелсіздік таңының алғашқы шашуы ретінде Елбасы Н.Назарбаевтың Жарлығымен құрылған Қ.А.Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің ашылғанына да міне, 30 жылға таяп қалыпты. Осы жылдар аралығында университет білім берудің озық технологияларын қарастырып, Түркия мен Еуропа елдерінің алдыңғы қатарлы жоғары оқу орындарымен тәжірибе алмасып, көлемді халықаралық ғылыми, мәдени іс-шаралар өткізіп, Түркістан қаласының Түркі әлемінің рухани, мәдени астанасы атануына өз үлесін қосты. Жоғары көрсеткіштері үшін университетке 2020 жылдың 15 қаңтарында

ҚР Президенті Қ.Тоқаевтың Жарлығымен ерекше мәртебе берілді. Бұл университетті қаржыландыруды 2-3 есеге арттырды. Университет Түркия мен Қазақстан үкіметтері тарапынан қаржыландырылатындықтан ең озық материалдық-техникалық базамен қамтамасыз етілген еліміздегі үздік университеттердің бірі болып табылады.

Бүгінде университетте 11 факультет, мемлекеттік басқару және экономика жоғары мектебі, 1 кәсіби колледж, 6 ғылыми-зерттеу институты, 14 оқу корпусы, 2 клиника, 1 заманауи кітапхана, 11 жатақхана, 2 қонақүй, 2 мұражай және Юнеско-ның халықаралық сыйлығына ие болған ботаникалық бағы бар. Қазіргі таңда университетте 10 мыңға жуық студент білім алуда. Оның 1500-ден астамы әлемнің 19 елінен келген 41 ұлт пен ұлыстың өкілдері. Сонымен қатар, заманауи бағытта түрік, орыс, ағылшын және қазақ тілдерін еркін меңгерген студенттер шетелдерде тәжірибеден өте алады және алған дипломы түркі әлемі мен шетелдерде маман ретінде сұранысқа ие.

Жақында ғана университет ұжымы #Bizberaberiz атты ынтымақтастық, достық аясында Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінде білім алған түлектерінің Түркиядағы қауымдастығы арнайы хат жолдап: «Киелі Түркістан аймағында білім алып, нанын жедік. Елімізден жырақта қазақ халқының қамқорлығын көрдік. Екінші отанымыз Қазақстанға осындай қиын кезеңде көмек көрсету – біздің борышымыз» деп Түркістан облысына 28 оттегі концентраторынан тұратын медициналық гуманитарлық көмегін жолдады. Және 25 дәрігер түлектері Түркістанға көмекке келмекші екендігін, бұдан кейін де шамалары жеткенше көмектесуге ниетті екендіктерін жеткізіпті. Бұл – университетіміз үшін мақтаныш.

Балғабай НАҚЫПОВ, Түркістан қаласының құрметті азаматы, «Құрмет» орденінің иегері.

 

 

Пікір қалдырыңыз