Жаһандану: қазақ тілін жаңғырту негіздері
Кез келген қоғамда қалыптасқан жағдай, саяси көзқарастар, халықтың әл-ахуалы тілге де әсер етеді. Сондықтан тілдің тағдырын қоғамдық ортадан бөле-жара қарауға болмайды. Сексенінші жылдардың аяғы мен тоқсаныншы жылдардың басындағы саяси өзгерістер, ұлттық сананың күрт өрлеуі қазақ тілінің дамуына да ерекше ықпалын тигізді. Ал, арадан көп уақыт өтпей-ақ қоғамда өз өктемдігін жүргізген нарықтық қатынас, экономикалық аласапыран, дағдарып қалған интеллигенция, қазақ тілінің алтын діңгегі саналатын ауылдардың іргесі ыдырап, жоқшылыққа ұшырауы, ұлттың рухани қазынасын сақтауға деген Үкіметтің салғырт саясаты, қабылданған заңдардың орындалмауы қазақ тілінің қайтадан құлдырауына әкеп соқты. Бұл дегеніңіз ұлт мүддесін жоғары қоятын зиялы қауымның ашу-ызасын туғызды.
Мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру тұрғысында қазақ публицистері тілді күнделікті қолданысқа енгізу, қазақ тілін мемлекеттік басқару тіліне көшіру, қазақ тілін халықаралық қатынастар тіліне, Қазақстанның шет мемлекеттермен байланыс жасау тілі дәрежесіне көтеру, қазақ тілін ғылымның сан-салалы күрделі түрлерін игеретін тілге көшіру, қазақ тілін заң шығару, құқық қорғау орындарында еркін қолданылатын тілге айналдыруды алға мақсат қылып қойды. Мықтап тұрып ескеретін ең басты жағдай мынау: Қазақстан – тәуелсіз мемлекет, қазақ халқы – азат ұлт. Соған сай оның заң жүзінде мемлекеттік деп құқықтандырылған Ана тілі де тәуелсіз, азат болуы міндет. Бір ұлттың басқа бір ұлттың тілінде жаппай сөйлеуі тек қана мәжбүрліктен болатын әрекет. Ол бұғауға, тәуелділікке түскен ұлттың, езгідегі халықтың көретін құқайы, жау басып алған елдің тартатын азабы. Ғасырлар бойы бодандыққа қарсы күрестің ошағына айналып келген Қазақ елінің тәуелсіздікке қол жеткіздік деген зиялылары мен қаламгерлері қазіргі шақта да мазасыз күй кешіп отыр. Біздің саясаткерлеріміз де, Үкіметіміз де ұлтқа оң қабақ танытпайынша, қазақ оңалмайды.
Мемлекеттік тіл тұрғысында өзекті проблемалардың туындауына өз ұлтымыздан шыққан жоғарыдағы атқарушы билік өкілдерінің себепкер болатыны жасырын емес. Оған сандаған мысал келтіруге болады. Айталық, биылғы 24 ақпанда Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасы мен Өзбекстан Республикасы арасындағы одақтастық қатынастар туралы шартты ратификациялау туралы» Заң жобасы жөнінде баяндама жасаған
ҚР Сыртқы істер министрінің міндетін атқарушы Қайрат Омаров депутаттардың қазақша қойған сұрақтарына орысша жауап берген. Ал, осы отырыста Мәжіліс депутаты Екатерина Смышляева өз баяндамасын толық қазақ тілінде дайындаған. Осы ретте Парламент Мәжілісінің депутаттары Г.Шиповских, М.Рожин, Н.Дементьевалардың қазақ тілінде таза сөйлейтінін, баяндамаларын қазақ тілінде жасайтындықтарын ризашылықпен айта кеткен жөн.
Қазақ өзі қандай ұлт? Әлеуметтік желіде жапон түркологы, тарихшы Наката Оконның қазақтарға қатысты пікірі жарияланды. Сонымен жапондықтың пікіріне зер салып көрелік: «Әрине, мен сіздерге баға бере алмаймын. Бір тілде сөйлейсіздер ме, әлде екі тілді бірдей таңдайсыздар ма – оны өздеріңіз шешесіздер. Екі тілді бірдей білген де жаман емес. Билингвизм – әлемнің көп елінде бар. Тарихшы ретінде айтатын болсам, маған қазақтар өзінің ұлттық ерекшелігін, тілін жоғалтып алған халық секілді болып көрінеді. Сіздер – адасқан, жолынан жаңылып қалған халықсыздар, меніңше. Халықты әдейі не қасақана тарихи жадынан айырып тастаған сияқты. Әйтпесе, есі дұрыс адам ана тілінен гөрі орысша білген дұрыс па деп сұрай ма? Бұл – абсурд. Тамырынан ажырап қалған, не істерін білмей аласұрып жүрген халықтар ғана осындай сұрақтар қояды негізі. Тіл мәселесін біржолата шешу үшін халыққа тарихын оқытып, халықты, ұлтты соған ынталандыру керек. Бір мысал. Мен Алматының дүкендерін аралап жүріп, тарих тақырыбын қозғаған бір дені дұрыс кітап таба алмадым. Бүкіл әлемде ғылыми басылымдардың, соңғы шыққан кітаптың бәрін осындай үлкен-үлкен кітап дүкенінен табасың. Сұраныс бар оған. Сіздерде сатылмайды, өйткені халық өз тарихына қызықпайды... Тарихқа қалай қарасаңыздар, тілге де солай қарап жүрсіздер... Сіздер тарихқа бей-берекет қарамаңыздар. Тарихи шындық қалпына келсе, мемлекеттік тіл де өз жолын тауып, ол бара-бара ұлтты ұйыстыратын факторға айналып шыға келеді». Бұл ең алдымен тілді кіршіксіз күйінде сақтап қалуға байланысты. Сондықтан да ұлт мүддесін жоғары ұстаған рухы күшті қазақ осы күрес жолында келеді.
Парламент Мәжілісінің депутаты Қазыбек Иса мемлекеттік тілдің қолданылуына қатысты өзекті мәселелерді ұдайы алға тартумен келеді. Айталық, депутат 2021 жылғы 3 ақпандағы Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында Үкіметке сауал жолдап, мемлекеттік тілдің барлық салада қолданылуына қатысты ұсыныстарын жариялады.
«Қазақстан Президенті болып сайланғанда «Ең бастысы – қазақ тілі» деп мәлімдеген Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Қазақстан халқына жасаған алғашқы Жолдауында: «Қазақ тілі – ұлтаралық қатынас тіліне айналуы керек» деп атап көрсеткені, еліміздің үмітін оятты. Мемлекет басшысы тапсырған мемлекеттік тілдің өз атына сай болу талабын кейінге қалдыруға болмайды» деді депутат.
Қазір халқымыз 19 миллионға, оның ішінде қазақ халқы 78 пайызға жетіп қалды. Халыққа қызмет көрсететін мамандардың мемлекеттік тілді білмеуі азаматтардың қызмет алу құқығын аяқасты етіп отырғаны айқын болатын. Мемлекеттік тілдің мәртебесін жеке-дара анықтайтын уақыт жетті! Тәуелсіздік жылдарында Мемлекеттік тіл туралы Заңның жүзеге аспауы демографиялық және демократиялық тұрғыда тым әлсіз екенін дәлелдейді. Суға түспей жүзуді үйрену қалай мүмкін болмаса, мемлекеттік тілді міндеттемей, оны үйрену де сондай мүмкін емес! Ал, ешбір заңда не бағдарламаларда, мемлекеттік органдарда міндетті түрде мемлекеттік тілді білу туралы норма жоқ. Сондықтан ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында: «Мемлекеттік тілді білу – Қазақстанның әрбір азаматының міндеті» деп нақты атап айтқан болатын.
Депутат Қ.Иса өз ұсыныстарында әлеуетті инвесторларды, шетелдік компанияларды қоса алғанда, келісімшарттарда мемлекеттік тілді міндетті түрде пайдалану талабын белгілеу керек екендігіне де баса назар аударады. Өзге ұлт өкілдері қазақ тілінің мәртебесін көтеруге атсалысады деп айту қиын. Әлемнің түкпір-түкпіріне шашырап кеткен төрт миллиондай қазақты атажұртқа қайтаруды жеңілдету ана тілімізде сөйлейтін ұлттық ортаны қалыптастырудың маңызды шарты.
Соңғы онжылдықта білім ордалары ана тілінің қазіргі жағдайы тұрғысында тың серпіліс танытып келеді. Қазақ елі тәуелсіздігінің басты нышаны болып табылатын мемлекеттік тіл ұлттық идея өзегі ретінде қарастырылып, ана тілін бір-бірімен сабақтас білім мазмұны арқылы терең игеріп, тілдік қатынасқа бейімді ұрпақ тәрбиелеу міндеті айқындалып отыр. Осы орайда 2016 жылғы 16 қарашада Назарбаев университетінде Тәуелсіздігіміздің 25 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылған «Мәңгілік елдің мәңгілік тілі» атты халықаралық симпозиумның орны айрықша болды. Кезінде біз де бұл симпозиумға қатысып, «Ана тілі – ұлттық идея өзегі» деген тақырыпта баяндама жасадық.
Жиынның пленарлық мәжілісінде тіл мәселелерімен айналысатын шетелдік және отандық танымал ғалымдар баяндамаларында қазақ тілінің өзекті проблемалары тұрғысындағы ой-пікірлерімен бөлісті. Симпозиумның «Қазақ әдеби тілінің тарихы және болашағы», «ХХІ ғасыр филологиясындағы өзекті мәселелер», «Жоғары оқу орындарында қазақ тілін оқытудағы инновациялық технологиялар мен әдістер» және «Қазақ тілінің болашағы жастардың көзімен» атты секцияларда мемлекеттік тілдің әлеуметтік рөлі, ұлттық, жалпы-адамзаттық және мемлекеттік құндылықтар, білім мен тәрбиенің жаңа бағыттары, тағы да өзге көкейкесті мәселелер жайында баяндамалар жасалып, қазақ тілінің мәртебесін көтеруге негізделген ой-пікірлер сараланды.
ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Мемлекеттік тіл – тәуелсіздігіміздің символы» деген саяси мәлімдемесіне сәйкес, 2024 жылғы 1-2 наурызда Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінде «Қазақ тілі – ғылым тілі: дәстүр және инновация» тақырыбында симпозиум өтті. Қазақ тілінің ғылым тілі ретіндегі маңыздылығы оның әлемдік саяси, мәдени, ғылыми-техникалық және технологиялық үдерістер мен сабақтастығына қарай белгіленеді. Осыған сәйкес қазақ тілінің терминологиялық жүйесі, лингвомәдени мазмұны, ғылыми аппараты, тұғырнамалы, категориялы, тұжырымдамалы ұғымдары қоғамдық-гуманитарлық пәндер бойынша да сұрыпталуы, жинақталуы, сараптамадан өтуі, жүйелі құрылымға айналуы тиіс. Бұл жұмыстарды алдағы уақытта жалпы мемлекеттік, ұлттық деңгейде жүзеге асыру үшін оларға белгілі отандық ғалымдар, тәжірибелі оқытушылар, жоғары білікті мамандар, жоғары оқу орындары, ғылыми мекемелер мен ұйымдар тікелей ат салысса нұр үстіне нұр.
2024 жылғы 25 сәуірде Қазақстан халқы Ассамблеясының «Бірлік. Жасампаздық. Өрлеу» атты ХХХІІІ сессиясының онлайн отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев алдымен еліміздің бірқатар өңірінде су тасқыны салдарынан қалыптасқан күрделі жағдай төңірегінде сөз қозғады. Осы қиын сәтте қазақ елі ұйымшылдықтың өнегесін көрсетіп отыр. Алапат тасқыннан зардап шеккен жергілікті тұрғындарға елдің түкпір-түкпірінен ағылып келіп жатқан гуманитарлық көмек легі толас тапқан жоқ. Осы орайда Қазақстан халқы Ассамблеясының ұйымдастырып отырған сан қырлы іс-шараларының ауқымы көңілге жұбаныш орнатады. Мұның өзі іргесі берік елдігімізді, саналуан ұлттардың ұйымшылдығы мен береке-бірлігін айқын танытқандай.
Қасым-Жомарт Кемелұлы өз баяндамасында тіл мәселесіне баса назар аударды. «Осы мәселенің дұрыс шешілуі кез келген елдің қоғамдық-саяси ахуалының тұрақтылығына едәуір ықпал ететінін тарихтың өзі көрсетіп отыр. Қазақстанда да солай. Біз осы аса шетін мәселеге келгенде сыртқы-ішкі факторларды ескере отырып, стратегиялық ұстамдылық және толеранттылық танытуымыз қажет. Бірақ, бұл біздің мемлекеттік тілді жан-жақты дамытуға баса назар аударатынымызды жоққа шығармайды. Мен қазақ тілі уақыт өте келе этносаралық қатынас тіліне айналатынына сенімдімін. Біз біртіндеп осыған келе жатырмыз. Мемлекет олардың түрлі жетістіктеріне, солардың ішінде саяси сипаттағы табыстарына да назар аударады және оларды барынша қолдайды» деді Президент.
Ассамблеяның ғылыми-сараптамалық топ жетекшісі ретінде өзге ұлттар өкілдерімен жиі араласып тұрамын. Түркістан қаласы мен облысты тұтастай алғанда өзге ұлттардың қазақ тіліне деген құрметі олардың тілді жетік білуінен айқын аңғарылып тұрады. Демек, оңтүстік өңірінде қазақ тілі этносаралық қатынас тіліне айналған деп батыл айта беруге болады.
Сейдулла САДЫҚОВ,
Қожа Ахмет Ясауи атындағы ХҚТУ-нің профессоры, филология ғылымдарының докторы,
Түркістан қаласының құрметті азаматы.
Sarah Sliverman
FINALLY I GOT MY LOST BITCOIN BACK ALL THANKS TO LOST RECOVERY-MASTERS Hello people, I am Sarah Silverman an Actress from Independent films in the USA. I highly recommend the service of Lost Recovery Masters to everyone who wishes to recover lost money either bitcoin or other cryptocurrencies from these online scammers, wallet hackers, or if you ever sent bitcoins to the wrong wallet address. I was able to recover my lost bitcoins from online swindlers in less than 24 hours after contacting them. They are the best professional hackers out there and I’m truly thankful for their help in recovering all I lost. If you need their service too, here is their contact information. Email: Support@lostrecoverymasters.com Website https://lostrecoverymasters.com/
Айкерім Жұмабай.
Керемет! Қазақ ұлты тұрғанда қазақ тілі мәңгілік! Айкерім Жұмабай.