Созақ әкімі ақынын іздейді

Танымал ақын Төреғали Тәшеновке Созақ аудандық мәслихатының өткен жылғы шешімімен «Созақ ауданының құрметті азаматы» атағы берілген болатын. Алайда, жерлес ақын түрлі себептермен шараға келе алмай қалған еді. Соның орайлы сәті биыл түсті. Аудан әкімдігінің кіші мәжіліс залына жиылған аудан активі алдында аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков Т.Тәшеновке  «Созақ ауданының құрметті азаматы» атағын салтанатты түрде табыстап, құрмет көрсетті.

– Қазыналы өлкеміздің жеткен жетістіктеріне рухани қолдау білдіріп, ауданымыздың дамуына қосқан үлесіңіз үшін алғысымды білдіремін. Көргені көп, түйгені мол ел ағасы ретінде өскелең жастардың кемелденуіне қасиетті қаламыңызбен дем беріп келесіз. Қай уақытта болсын шығармашылық жолында мол табыстарға кенелуіңізге тілектеспін. Деніңіз сау болып, ел мен жердің қасиетін дәріптейтін талантты дүниелер жаза беріңіз, – деді аудан басшысы.
Салтанатты қабылдаудан кейін ақын «Мыңжылқы» мәдениет сарайында, аудандық орталық кітапханада болып, ауданның рухани тыныс-тіршілігімен танысты. 
– Менің жаныма жақын дүние – кітапхана. Кітаптың арқасында осындай биікке көтерілдім. Балалық шақтан асқақ армандарыма, өміріме қанат сыйлаған кітапқа өмір бойы қарыздармын. Сол себепті кітап үйі бүкіл дүниенің алтын қауызы десем артық айтқандық емес, – деді ол. 
Ол көтергенінше ала келген кітаптарын орталық кітапхана меңгерушісі Эльмира Бейісқұлованың қолына табыстап, «Кітапхана қонақтары» кітабына естелік қолтаңба қалдырды. 

Мақсат ҚАРҒАБАЙ.
Пікір қалдырыңыз