Түркістан облысы полицейлері 2 көлікті заңсыз айдап кеткен тұрғынды ұстады

Жетісай аудандық полиция бөліміне 2 күн ішінде 2 тұрғын арызданып, көліктерін белгісіз тұлға заңсыз айдап кеткенін хабарлаған.
Жетісай ауданы полицейлері ұрлық жасап сотты болған, жазасын өтеп шыққанына 2 күн болмастан қайта бірнеше рет қылмыс жасаған күдіктіні құрықтады. Жетісай аудандық полиция бөліміне 2 күн ішінде 2 тұрғын арызданып, көліктерін белгісіз тұлға заңсыз айдап кеткенін жеткізген. Жәбірленушінің бірінің көлігі үйінің алдында көше бойында тұрған жерінен жоқ болса, ал екінші тұрғын кафе алдында тұрған "ВАЗ 21070" маркалы көлігін шыққанында таппай қалғанын хабарлаған. Жәбірленушілерге келтірілген шығынның жалпы көлемі 1 миллионнан асты.
Аталған жайттар СДТТБТ-не ҚР ҚК-нің 200-бабы 1-бөлігімен тіркеліп, сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне енгізілді.
Арызданушылардың көлігін табу мақсатында аудандық полицейлер қажетті шараларды іске асырды. Жақын аймақтарды аралап, көрген-білгендерден сұрастырылды. Соның нәтижесінде жинақталған ақпарат көздері арқылы күдікті анықталып ұсталды. Ол жергілікті тұрғын болып шықты. Өз кінәсін толық мойындады.
Тәртіп сақшылары жәбірленушілердің автокөліктерін, оның ұрланған бөлшектерін тауып, айғақты зат ретінде тәркілеп алып, заңды иелеріне қайтарды. Күдікті қамауға алынды. Қазіргі таңда аталған жайттар ҚР ҚК-нің 200, 188-баптарымен тіркеліп, тергеу амалдары жүргізілуде.
Түркістан облысы полицейлері азаматтарға көліктеріңізді ашық қалдырмаңыздар және өзгеге сеніп тапсырмаңыздар деп ескертеді.