«Мұндай жағдайды біз дебастан кешкенбіз»

Аман ЖАЙЫМБЕТОВ, «Ońtústik Qazaqstan».

Тосыннан болған топан судан зардап шеккен мақтааралдық бауырларға көпшілік қал-қадерінше көмек қолын созып, жылы сөзімен көңілін демеп жатыр. Әрине, «жұмыла көтерген жүк жеңіл» дегендей, бұл қайырымдылық істен ауған соғысының ардагерлері де шет қалмады.

Қиыншылықтың қандай болатынын жан-жүрегімен сезіне білген, өздері де өмірінің бір кездерінде бұдан да ауыр жағдайды бастан кешірген қан майданның көзі тірі куәгерлері су астында қалған ауыл тұрғындарын тек жылы сөзімен жұбатып қана қоймай, гуманитарлық көмектерін де ала барды. Жеті түрлі өнім салынған, салмағы 16 келі тартатын екі жүз елу қорапқа жуық азық-түлік эвакуациялық пункттегілер мен жекелеген үйлерді паналап жатқан тұрғындарға үлестірілді.

Шымкент қалалық ауған соғысының ардагерлері және мүгедектері қоғамдық бірлестігінің төрағасы Серғали Рысбеков бастаған ардагерлер алдымен Атакент қалашығындағы №5 мектепке аялдап, осы оқу орнының түлегі, ауған соғысында ерлікпен қаза тапқан Валерий Шпилевскийге орнатылған ескерткіш тақтаға тағзым етіп, Құран оқыды. Одан кейін осындағы Жеңіс ауылынан эвакуацияланған тұрғындармен кездесіп, хал-жағдайларын білді. «Сіздердің бастарыңыздан кешіп жатқан бүгінгі жағдайды біз жақсы түсінеміз. Әрине, оңай емес, жылдар бойы жиған-тергендеріңіз бір сәтте суға кетіп, ойламаған жерден үйсіз-күйсіз қалдыңыздар. Дегенмен, ел болып жәрдем беріп жатыр. Әлі-ақ бәрі өз қалпына келеді. Ең бастысы – бастың амандығы. Біз бұдан да қиын жағдайларды бастан кешкенбіз. Оның ауыртпалығы қандай болатынын да білеміз. Сол үшін жәрдем берейік, жылы сөзімізді айтайық деп алдарыңызға келіп отырмыз» деген бірлестік төрағасы С.Рысбеков, тіпті, Түркістан облысы мен Нұр-Сұлтан қаласынан да арнайы келген ардагерлер бар екенін айтты. Одан кейін сөз алған Нұр-Сұлтан қаласынан келген Мейрамбек Түлекбаев пен Бекжан Иманбердиев, Түркістан мен Сарыағаштан келген Тұрғанбек Бегімов пен Мұзаппар Бегалиев те жылы сөздерін айтып, елді сабырға шақырды. Ал, ауған соғысының тағы бір ардагері Бақытжан Тәжімбетов өз әулеті атынан әлеуметтік жағдайы төмен бір отбасыға 100 000 теңге қаржылай жәрдем берді.

 

Пікір қалдырыңыз