Таланттарды түлеткен театр

Қ.Жандарбеков атындағы Жетісай драма театрында өнер ордасының құрылғанына 50 жыл толуына орай мерекелік шара ұйымдастырылды. Онда Құрманбек Жандарбековтің бюсті ашылды.
Салтанатты жиынға Түркістан облысы әкімінің орынбасары Мәлік Отарбаев, Түркістан облыстық мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының басшысы Нұрдәулет Исабек, Жетісай ауданының әкімі Жамантай Бейсенбаев және Құрманбек Жандарбековтің ағайын-туыстары, театр ардагерлері қатысты.
– Театрдың тарихында Құрманбек Жандарбековтің есімі алтын әріппен жазылары сөзсіз. Елу жылда ол негізін қалаған театрдан небір таланттар түлеп ұшты, қойылымдар елу жыл бойы халықты рухани азықтандырып келді. Сондықтан аядай қалада орналасқанымен, бұл театрдың есімі күллі Қазақстанға етене таныс. Бүгінде Жетісай театрының тарихы мен мәдени мұрасы ауданның, облыстың ғана емес, бүкіл Қазақстанның өнер шежіресінің бір бөлігі деуге болады, – деді облыс әкімінің орынбасары Мәлік Нұржанұлы.
Қазақ өнерінің қара шаңырақтарының бірі – Құрманбек Жандарбеков атындағы Жетісай драма театры жарты ғасырда талай биік белестерді бағындырды. Киелі сахнасында қазақ театр өнерінің өркендеуіне үлес қосқан талай майталмандар еңбек етті. Шығармашылық ұжым еліміздің түкпір-түкпірінде өнер көрсетіп, алыс-жақын шетелдерде өткен фестивальдерде жүлделі орындарды қанжығасына байлап келеді.
Жетісай ауданы әкімінің баспасөз қызметі.