Судьяға сот жоқ демеңіз...

Дамира МОЛДАНАЗАРОВА, «Оңтүстік Қазақстан». Кез келген даулы іске нүкте қоятын – сот. Түйінді мәселеде өзара ымыраға келе алмағандар бір-бірін сотқа сүйрейді. Онсыз да талас-тартыстан шаршағандар сот әділ төрелігін айтар деген үмітпен қарайтыны шындық. Судьяның әрбір әрекетін жіті қадағалайтындары да сондықтан. Алайда, оның қабылдаған шешіміне қос тараптың бірі келіспейді. Әйтеуір соңғы жылдары ел арасында судьялар туралы пікір ала-құла. Сот ісіне күмәнмен қарап, оның шығарған шешімімен келіспейтін тараптар көбіне «дәлелімді негізге алмады, ұсынған айғағымды іске тіркемеді» деген сияқты реніштерін білдіріп жатады.
Түркістан облыстық сотының судьясы, судьялардың іс-әрекетіне жеке және заңды тұлғалардың шағымдарын қарау жөніндегі тұрақты топтың жетекшісі К.Жаппасованың айтуынша, жыл басынан бері осындай мазмұнда 82 арыз-шағым түсіпті. Бұл көп пе, аз ба, ол жағын оқырман өзі сараптай жатар. Біздіңше, тұрғындардың құқықтық сауаттылығы артып, техникалық мүмкіндіктердің дамыған уақытында сот жүйесінде мұндай олқылықтардың әлі де кездесуі көңіл жабырқатады. Дегенмен, салыстырмалы түрде айтар болсақ, өткен жылдың осы мерзімінде әлгіндей 124 арыз тіркелсе, биыл бұл көрсеткіштің 30 пайызға азайғанын байқаймыз. Демек, уақыт өткен сайын судьялар да сыннан қорытынды шығарып жатқан сияқты.
Тіркелген арыздарды тексеру кезінде «Қазақстан Республикасының сот жүйесі және судьялар мәртебесі туралы», «Жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау тәртібі туралы» Қазақстан Республикасының Заңдары, Сот жүйесінде жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау туралы Ереже, процестік құқық нормалары, Судьялық әдеп Кодексі басшылыққа алынады. Ол үшін арнайы комиссия құрылған. Құрамында облыстық соттың судьялары мен отставкадағы судьялары бар комиссия тіркелген арыз-шағымдарды зерделеп, тиісті шешімдер шығарады. Әрине, арызда жазылған жайттың бәрі шындыққа жанасады, дәлелін табады дей алмаймыз. Тіркелген арыз-шағымдарға мониторинг жасағанда, 82 арыздың алтауы ғана судьялардың іс-әрекетіне қатысты жазылғаны анықталған. Тексеру нәтижесінде 3 шағым толығымен, 2 шағым ішінара қуатталса, 1 шағымды қарауға негіз табылмаған. Судьялардың өрескел қателікке жол бермегенімен, ішінара қарапайым заң нормаларын сақтамағандары, мүмкіндігі бола тұра қателіктерге бой алдырғандары белгілі болды. Мәселен, бір шағым бойынша судья азаматтық істі соттылығы бойынша басқа сотқа беру туралы тараптың өтініш хатын алдын-ала сот отырысында қарап, қанағаттандырусыз қалдырған. Алайда, бұл туралы шешімді ауызша түрде жариялаған. Ал, АПК-нің 223-бабының талаптарына сәйкес, мұндайда кеңесу бөлмесіне кетіп, жазбаша түрде ұйғарым шығаруы тиіс. Ал, тағы бір судья істі өндіріске қабылдау туралы ұйғарымның кіріспе бөлігінде бір тарапты көрсетсе, сипаттамалық және қарар бөлігінде басқа тұлға туралы мәлімдеме жасалған талапты көрсеткен. Судьяға қатысты арыздардың бірінде сенімхаттың жазбаша түрі электрондық цифрлық қолтаңбасымен куәландырылған электрондық құжат ретінде де берілетініне қарамастан, жазбаша нысандағы сенімхатты талап еткені көрсетілген. Осындай құжат толтыру кезінде жіберген болмашы қателіктер іске қатысушылардың наразылығын тудырған.
– Әрине, әр арыздың артында адам тағдыры тұрғандықтан, оған бей-жай қарай алмаймыз. Қай істе де қарапайым тұрғындардың өтініш-тілектері, ой-пікірлері ескерілсе дейміз. Әдетте сот актілерімен келіспегендер арыздарын «жоғары» жаққа жөнелткенді жөн санайды. Дегенмен, арыз жазғанның жөні осы екен деп бос шапқылаудың қажеті жоқ. Ол арызданушының, біріншіден, уақытын алса, екіншіден, қаржылық шығынға әкеледі. Мәселен, биыл тіркелген 82 арыздың 21-і Жоғарғы Сот, екеуі сот жюриі, 55-і облыстық сот, төртеуі прокуратура арқылы түскен. Қалғандары сот төрағасының жеке қабылдауына келген. Қанша жерден жоғары инстанциядағы құзырлы органдарға жүгінгенмен, арызды қарау жергілікті сотқа тапсырылатынын естен шығармау керек. Қаралып жатқан немесе шешім шығарылған іске байланысты арыздарды соттың келесі сатысына ұсыну керек. Өйткені, мұндайда ешқандай құзырлы орган сот ісіне араласа алмайтынын ескертеміз, – дейді Клара Жаппасқызы.
БҰҰ-ның Адам құқығы жөніндегі комитетінің ұсыныстарында судьяны болмашы қателіктері мен заң бұзушылықтары үшін жазалаудан аулақ болу ұсынылған. Дегенмен, қателікке болмашы нәрсе ретінде көз жұма қарайтын болсақ, мұның соңы қайда апарады? Төрт жарым жылға бас бостандығынан айрылған Мақтаарал аудандық сотының судьясы жауапкершілікті сезінсе, жарты миллион теңге пара алар ма еді? Дәл осы көлемдегі ақшаны санап алып жатып ұсталған Қаратау аудандық сотының бұрынғы судьясы Ермахан Шаланов темірдей тәртіпке бағынғанда 7 жылын түрмеде өткізбес пе еді... Демек, судьяларға сот жоқ екен деп ойласақ, қателесеміз. Ар ойлағанның, абырой ойлағанның орны төрде екенін ұмытпағанымыз абзал.