Ұлттық кодты табу деп түп негізге оралуды айтады!

Абай БАЛАЖАН, «Оңтүстік Қазақстан». Бүгінде бүкіл әлем өзін-өзі тануға ұмтылуда. Сол әлемнің бөлінбес бір бөлшегі Қазақ жұрты да өзін-өзі тануы үшін Елбасымыз өткен жылы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты теңдессіз дүниесін жариялады. Нұрсұлтан Әбішұлы осынау мақаласында «ұлттық кодты табу» мәселесіне ерекше тоқталды.
«Ұлттық кодты табу» дегеніміз не өзі? Іздесек, оны қайдан іздеген жөн?
Ұлттық кодты табу дегеніміз бір сөзбен айтқанда, өзіңнің түп негізіңді табу деген сөз! Ал, қазақтың түп негізі – ғасырлар бойы өзі жасаған руханиятында, яғни фольклоры мен ауыз әдебиеті үлгілерінде жатыр! Мына ұланғайыр ұлы даланы қазақ жалғыз найзаның ұшымен, білектің күшімен ғана қорғаған жоқ, жүректегі отымен де қорғады! Жүректегі сол бір отты сөндіріп алмау үшін «Қобыланды батыр», «Алпамыс батыр», «Қамбар батыр», «Ер Тарғын», «Ер Шора» секілді батырлар жырын дүниеге әкелді. Құр дүниеге әкеліп қана қойған жоқ, оның көркемдік қалпын бұзбай, ғасырлардан ғасырларға ұмыттырмай, аман-есен бүгінгі күнге жеткізді. Аман-есен жеткізіп қана қойған жоқ, тұтас ұрпағын сол батырлар жырының әсерімен қаһарман етіп тәрбиеледі. «Малым – жанымның садағасы, жаным – арымның садағасы» деген мақалды эгоистік қоғамда тәрбиеленген адам айта алмаса керек! Оны бір айтса, батырлар жырын жаттап өскен ұрпақ қана айта алады! Сіздер мән бере қарасаңыздар, бірде-бір батырлар жырының қаһарманы өзінің ханына қарсы шаппайды, шапса, хандықтың, елдің дұшпандарына қарсы шабады! Елді, жерді сүюдің ғаламат үлгісін Сіз тек осындай ауыз әдебиеті мұраларынан ғана молынан таба аласыз!
Біреудің қаңсық «мәдениетін» таңсық көрген жерде, түп негізінен ажыраған жерде ұлт бұзылады, ұрпақ азады. Өкінішке қарай, біз түп негізімізден ажыраңқырап бара жатырмыз. Негізімізден ажырамасақ, түн ұйқысын төрт бөліп, мұздай бесік таянған аналарымызды қарттар үйіне өткіземіз бе? Негізімізден ажырамасақ тоғыз ай, он күн көтерген сәбиімізді керексіз болып қалған бір дүниемізді күресінге лақтырып жібергендей әжетханаларға тастап жүре береміз бе? Негізімізден ажырамасақ еркегіміз еркекпен, төмен етектіміз төмен етектімен жұп құрап, отбасы боламыз ба? Негізімізден ажырамасақ улы тісі жақсылардың балағында кететін жамандарды бүгінгідей абыздар ғана отырар төрге шығарамыз ба?
Иә, осы жын-жыбырдың бәрі неге бүгін ғана жер бетіне шықты? Өзіміз атеистік қоғам деп жетпіс жеті атасын тілдеп, жетпіс жеті ұрпағын қарғап-сілеп жүрген кешегі кеңестік қоғамда неге бүгінгідей гейлер парадқа шығамыз деп шала бүлінбеді? Неге ол кездің адамдары отбасын тентіретіп жіберуді өлердей намыс көрді? Неге ол кездің адамдары үшін қорлықтың үлкені әскерге жарамсыз болып қалу еді? Кешіріңіз, «партияның тәртібі күшті еді, заң қатал еді ғой» деген сөздер жартыкеш шындық қана болып шығады. Ең бастысы, ол кездің адамдарының руханияты мықты болатын. Руханиятының мықты болатыны ел тегіс кітап оқитын. Аудан, облыстың басшылары да, алыстағы ауылдардың қарапайым тұрғындары да кітаппен дос еді. Оны айтасыз, жайлауда бір өзі қой бағып жүрген шопан етігін шешсе, қонышынан жырым-жырымы шыққан кітап немесе «Жұлдыз» журналы түсетін.
Міне, біз осы кітаптан, сол арқылы руханиятымыздан, сол арқылы ұлттық негізімізден ажырап қалдық... Енді сол негізімізді, яғни ұлттық кодымызды қайта табуымыз керек. Оның бір-ақ жолы – кітапқа, руханиятыңа қайта оралу!
«Мына интернет дамыған, ғылым мен технологияда күн сайын революция болып жатқан заманда әуре болмаңыз, кешегі кітап оқудың дәурені қайта оралмайды» дегенді ештеңенің парқына бармас адам ғана айта алады. Интернеттің дамуы жөнінен Қазақстанның Батыс әлемі мен мына көршілес Ресейдің алдына түсіп кеткені шамалы. Ал, сол Батысыңыз бен Ресей жұрты кітаптан ажыраған жоқ. Одан да Сіз боп, біз боп ұрпағымызға кітап оқытудың оңтайлы жолын іздесек, болатын әңгіме – сол! Біздіңше, балаларымызға кітап оқытудың төте жолы – оларға батырлар жырын жаттату! Батырлар жырын жаттап өскен ұрпақ ешқашан кітаптан алыстамайды. Батырлар жырын жаттап өскен ұрпақ ешқашан бойына бөтен мәдениет, бөгде дін жұқтырмайды. Батырлар жырын жаттап өскен ұрпақ ешқашан дінде де, ділде де, тілде де адаспайды!
Бұл түптеп келгенде, Елбасы айтқан ұлттық кодыңызды табу болып шығады!
Облыстық «Оңтүстік Қазақстан» газеті ұлтты руханиятымен қайта табыстыру үшін былтыр республикада алғаш рет «Жақсылар, дастан айтайын...» атты мектеп оқушылары арасында батырлар жырын толық жатқа айтудан байқау өткізуді қолға алған болатын. Алғашқы нәтиже біз күткендегіден де жоғары болып шықты! Бірінші жыл өткен байқауға облыстағы 1036 мектептің 60 пайыздан астамы қатысып, шешуші облыстық байқау кезеңінде 48 бала «Қамбар батыр» жырын толық жатқа айтудан бақ сынады! Облыстағы бесінші сынып пен оныншы сынып оқушылары былтыр жаз бойы осылайша «Қамбар батыр» жырын бастан аяқ түгел жаттады! Бір шумағы, он шумағы емес, бір беті, он беті емес, жырды түгел жаттау... Жыр жаттап отырған баланы көше қызықтыра ма?! Көше қызықтырмаған бала түрлі бұзақылықтар жасауға үйір бола ма?!
...Білесіздер, қазір «біздің қоғамдағы ең беделі төмен кәсіп иесі – мұғалімдер» деген әңгіме жиі айтылады. Рас болса, рас та шығар... Ал, бірақ оның беделін кім көтеруі тиіс? Және қалай көтеру керек? Өкінішке қарай, бұл сұрақтардың жауабы айтылмайды. «Оңтүстік Қазақстан» газеті осы олқылықтардың орнын толтыруға да үлес қосқысы келді. Сол себепті де «Жақсылар, дастан айтайын...» байқауында топ жарған баланы дайындаған қазақ тілі және әдебиеті пәні мұғаліміне «темір тұлпар» мінгізуге шешім қабылдадық. Былтырғы «темір тұлпар» түркістандық Майра Назарбекова атты ұстаздың тақымында кетті. Бірінші орын алған шәкіртке 200 мың теңге сыйақы берілді. Екінші, үшінші орын алған, ынталандыру сыйлықтарына ие болған шәкірттердің барлығына да, оларды дайындаған пән мұғалімдеріне де өте бағалы сыйлықтар табыс етілді. Айта кетейік, бұл үшін бюджеттің бір тиын қаржысы жұмсалған жоқ, барлығы да «шіркін-ай, ұлтқа болса екен...» деп жүрген демеуші ағайындардың күшімен атқарылды. Сосын редакцияның қыз-жігіттері патриоттықтың асқан үлгісін көрсетіп, «өзіміз күймесек, кім күйеді» деп тапқанын бала-шағасының аузынан жырып, ортаға салды! Бұл ағайындарға Алланың нұры жаусын!
«Жақсылар, дастан айтайын...» байқауы биыл да өткізіледі. Облыстық кезеңі, яғни шешуші кезеңі 28 қыркүйекте Шымкент қаласында өтеді (өзгерістер болса қосымша хабарланады. Ред.) деп белгіленген байқауға бүгінде әзірлік жұмыстары басталып кеткен. Сондықтан облыстағы қазақ тілі және әдебиеті пәнінің әрбір мұғалімінің құлағына алтын сырға – үш ай каникулды бос өткізбеңіз. Үміт күткен шәкіртіңізбен байқауға қатысуға даярланыңыз. Биылғы байқау «Алпамыс батыр» жырын толық жатқа айтудан өтеді. Келіңіз де, жеңіңіз! Жеңіңіз де байқауды ұйымдастырушылар тіккен «темір тұлпарды» үйіңізге мініп кетіңіз! Байқаудың басқа да шарттарын газетіміздің www.okg.kz сайтынан оқып алыңыз. Тек былтырғыдай байқау өтіп кеткен соң «мен неге естімей қалдым» деп өзгеге өкпе артып жүрмеңіз. Өзгеге өкпе артпау үшін газет оқыңыз! Оның ішінде «Оңтүстік Қазақстанды»! «Менің тағдырым ұлттың тағдырымен бірге» деп есептейтін азаматтар табылып, олар ұрпағымыздың келешегі үшін демеуші боламыз деп жатса, олардың да меселін қайтармаймыз. Демеушілер үшін редакцияның реквизиті төмендегідей:
«Оңтүстік Қазақстан» газетінің редакциясы
СТН 582400003070 /БИН 030440004379
е/ш КZ838560000000009266
ШФ АО БанкЦентрКредит
БИК: KCJBKZKX
Алла баршамызға да өз руханиятымызбен тезірек қауышуға жазғай!