Сарыағаш – батырлар мекені

  Гүлдана Айходжаева, «Оңтүстік Қазақстан». Жыл өткен сайын қатары сиреп бара жатқан соғыс ардагерлеріне құрмет көрсету – бүгінгі ұрпақтың міндеті. Сол сұрапыл соғыс жылдары Сарыағаш өңірінен де майданға аттанғандардың көбісі қайта оралмады. Ал, соғыста ерен ерлік көрсеткен Жолдас Сүлейменов, Лесбек Жолдасов, Садық Смайылов, Матвей Окороков Кеңес Одағының Батыры атағын алды.

 

Жолдас Сүлейменов 1922 жылы Сарыағаш ауданы, Ташқұлақ ауылдық Кеңесіне қарасты «Қазақстанның 13 жылдығы» ұжымшарында дүниеге келген. 1941 жылы желтоқсан айында әскер қатарына шақырылып, Ресейдің Тула қаласында алғашқы әскери дайындықтан өткен.

1942 жылдың ақпан айында 65-дивизияның 120 полкында қатардағы жауынгер болып ұрысқа кірді. Ол Ұлы Отан соғысында Калуга, Брянск, Орел, Курск, Севск қалаларында жаумен бетпе-бет шайқасып, елді мекендерді неміс фашистерінен азат етуге қатысты. 1943 жылдың қазан айында ол атақты Днепр шайқасында қаһармандықтың үлгісін көрсетті.

Өзіне Кеңес Одағының Батыры атағы берілгені жайлы ол госпитальда жатқанда естіпті. 1943 жылы 30 қазанда КСРО Жоғарғы Кеңесінің Жарлығымен 69-шы Қызыл Тулы Севск атқыштар дивизиясынан 52 адам Кеңес Одағының Батыры атағына ие болды. Қазан төңкерісі мерекесінің қарсаңында 1-Беларусь майданының қолбасшысы Рокоссовский, армия генералы Батов майдан шебіне келіп, Жолдас Сүлейменовтің төсіне Батырдың «Алтын Жұлдызын» тақты.

Жолдас Сүлейменов сол жылы әскер қатарында жүріп партияға қабылданды. Елге жеңіспен оралғаннан кейін 1947 жылдың қаңтарынан бастап партия, кеңес органдарында қызмет істеді.

Лесбек Жолдасов 1920 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы, бұрынғы Келес ауданының Қызыләскер ауылында туған. Ауылдағы орта мектепті бітіргеннен кейін көп кешікпей Қызыл Армия қатарына алынады. 316-атқыштар дивизиясы құрамында рота командирі болды. Жорық жолын Украина майданынан бастаған ол Сумы, Белгород, Орел қалалары маңында, Дунай жағалауында болған кескілескен ұрыстарға қатысыпты. Дунай өзенінен өтерде жанқиярлықпен шайқасып, асқан ерлік көрсетіп, 1945 жылы 24 наурызда оған Кеңес Одағының Батыры атағы берілді.

Елге оралған соң Лесбек Байымбетұлы Жолдасов талай жылдар бойы бұрынғы Келес ауданы, Қызыләскер ауылындағы орта мектептің директоры болып қызмет етті.

Ал, Садық Смайылов 1911 жылы Оңтүстік Қазақстан облысының Арыс ауданында туған. Сегіз жасында әке-шешесінен жетім қалған ол бірнеше жыл бойы жалшылықта өмір сүреді. 1930 жылы жетіжылдықты бітірген соң Орынбордағы жұмысшылар факультетіне оқуға түседі.

1933-1935 жылдар аралығында Қызыл Армия қатарында қызмет етіп, 1942 жылы 492-ші артиллерия полкінің құрамында жауға қарсы шайқасады. Жауынгерлік ерлігі үшін ол «Қызыл Ту» және І дәрежелі «Ұлы Отан соғысы» ордендерімен наградталады.

1943 жылдың күзінде Украинаның оңтүстігіндегі Мелитополь қаласы үшін болған сұрапыл ұрыста сарыағаштық батыр болып туған ұл ерекше ерлігімен көзге түсті. Сол жылы КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының Жарлығы бойынша Мелитопольді азат етуде көрсеткен ерлігі үшін ол Кеңес Одағының Батыры деген жоғары атаққа ие болды. Аты аңызға айналған Садық Смайылов соғысты Берлинде аяқтады... Бүгінгі күнде батырдың ұрпақтары қара шаңырақтың отын сөндірмей, түтінін түтетіп отыр.

Матвей Петрович Окороков Ресейдің Орел облысында дүниеге келген. 1936 жылы Қызыл Армия қатарына шақырылып, Отан алдындағы борышын өтеген соң Қазақстанға келіп, Шымкент қаласындағы педагогикалық училищеге оқуға түседі. Оқуды аяқтаған соң ол Сарыағаш ауданындағы бұрынғы Н.Крупская атындағы орта мектепте оқытушы болып еңбек етеді.

Матвей Окороков өзі туып-өскен Орел облысында тұңғыш рет жауынгерлік ант қабылдап, сол жерде Кеңес Одағының Батыры атанды.

1943 жылы 19-23 шілде аралығында болған шайқаста лейтенант М.Окороков басқаратын танкішілер взводы асқан ерліктің үлгісін көрсетті. Осы ұрыстардағы жанқиярлығы үшін ержүрек командир Матвей Окороков Кеңес Одағының Батыры атағының «Алтын Жұлдызына» ие болды. Қазіргі таңда ауданда М.П.Окороков атымен аталатын үлкен мектеп бар.

Пікір қалдырыңыз