Түлкібас атауы қайдан шыққан?

  Дархан Қыдырәлі, тарих ғылымдарының докторы, ҚР ҰҒА-ның корреспендент-мүшеcі, халықаралық түркі академиясының президенті, «Егемен Қазақстан» республикалық газеті» акционерлік қоғамының басқарма төрағасы.

 

Ұлы Тәңірінің несібесімен құт дарып, түрік жұрты ұйысқан Тәңіртаудың баурайында, шежірелі қарт Қаратау мен ақбас Алатаудың төс түйістірген тұсында, ағыны қатты, арынды Арыс пен құлдыраңдаған Құланның қол ұстасқан жерінде, әлемге әйгілі Жібек жолының бойында, тарихи Майлыкент өңірінде Түлкібасы, Түркібасы немесе Әулиетөбе орналасқан. Патша өкіметі кезінде Майлыкент болысы атанған елді мекеннің Кеңес Одағы тұсында қайта құрылып, Түлкібас ауданы атала бастағаны да түптеп келгенде осы төбенің атауымен тікелей байланысты болса керек.

Дегенмен, бір ауданға ат болып қойылып, атағы шартарапқа жайылған Түлкібастың ашылмаған сыры, айтылмаған жыры көп. Тіпті, көне тарихтың тұңғиығынан сыр шертетін Түлкібас атауының шығу төркіні мен мән-мағынасының өзі толық ашылып, айқындала қоймады. Бұл тұста қалың жұртшылықтың пікірі әр қилы. Кейбір ғалымдарымыз «қазақта Бөрілі, Қойтас, Бурабай деген атаулар бар, сол себепті Түлкібас атауы да жердің бедеріне және оның түлкімен қатысына байланысты қойылған» деген пікір білдірсе, келесі топ бұған қарсы уәж айтып «жоқ, Түлкібас атауы жаңылыс айтылған, оның бастапқы аты Түркібасы немесе Түрікбасы болған» дейді.

Осы орайда, сөзіміз дәйекті болуы үшін, есімі елге таныс азаматтарға жүгіне кеткенді жөн көріп отырмыз. Мәселен, еліміз тәуелсіздік алмай тұрып-ақ жаңылыс айтылған жер атауларын зерттеп, «Ванновка атауының сыры неде?», «Отаршылдық топонимдер» және тағы басқа тұшымды еңбектері арқылы ономастика мен топонимика саласындағы қалың сеңді қозғап, бұзуға жол ашқан профессор Мекемтас Мырзахметұлы «Түрікбасы» деп аталатын мақаласында халықтың тарихи жадынан өшіп кетіп, жаңылыс айтылған Түлкібас атауын бастапқы тарихи қалпына келтіріп, оны Түрікбасы деп атауды ұсынады. Ал, атаулардың уақыт өте келе өзгеріске ұшырай беретінін алға тартқан әйгілі жазушы, қарымды қаламгер Шерхан Мұртаза көктүріктердің мұхиттай шалқыған шағына жол арта сөйлеп: «Түлкібас десе, мен түлкінің басын көз алдыма елестете алмаймын. Түркібасы десе, көненің көне замандары көз алдыма келіп, көлбеңдей береді» деп ағынан жарылады. Марғасқа жазушы, көсемсөз шебері Мархабат Байғұттың да пікірі осыған саяды.

Мұндай пайымды пікірді кезінде түрік тарихының аса білгір ғалымы, академик В.В.Бартольд айтқан екен. Түркістанға ғылыми іссапармен келген атақты академик 1893 жылы Түлкібасқа арнайы ат басын бұрып, аймақты аралап көріп, халық жадында сақталған аңыз-әңгімелерге сүйене отырып, бұл жердің ертеректе Түркібасы аталғанын, ал, Түлкібасы атауының кейінірек жаңылыс айтылғанын алға тартыпты (Отчет о командировки в Среднею Азию. Москва, 1986).

Расында, академик В.В.Бартольд табан тіреген уақытта бұл өңір Түлкібас емес, Түлкібасы деп аталған екен. Оны Майлыкенттен шыққан шайыр, молла Мәди Меркішұлының ХХ ғасыр басында жазған өлең-жырларынан да айқын аңғаруға болады. 1917 жылы Ташкентте жарық көрген «Тухфейе жумһурийет» атты кітабында молла Мәди: «Бардым Түлкібасыға», «Түлкібасы қыстағына жинап алып» деп жырлайды.

Жалпы, Түлкібас өңірінде «Борсықсай», «Жыландытау», «Жабағылы», «Құлантау», «Балықты» деп, жан-жануарлардың атымен аталатын жер атаулары да жоқ емес. Әйтсе де, қазақ пен исі түрік халықтарында әсте әспеттелмейтін, тіпті жағымсыз, ұнамсыз бейне ретінде сипатталатын түлкі аңыз-әңгімелерде қу, айлакер болып суреттеледі. «Бөрілі байрақты ұран» етіп, «жаным – арымның садағасы» деген, басын бәйгеге тіксе де намысын қолдан бермеген бабаларымыз түлкіні әсте үлгі тұтпаған. Сондықтан болар, біздің білуімізде, түркі жұртында түлкіге байланысты жер атаулары кезіге бермейді.

Тұрғылықты халық жерге атау бергенде көптеген жайттарды ескергені белгілі. Мәселен, жер бедерінің Түлкібасы деп аталуы үшін, біздіңше, ол төбенің түлкінің басына ұқсауы не болмаса түлкі жайлаған жер болуы керек деген сияқты. Ал, Түлкібасы төбесі түлкінің басынан көбірек күмбезге ұқсайды. Ел аузында «осы өңірді немесе төбені түлкілер жайлапты» деген сөз қалмаған. Сондықтан Түлкібас атауын түлкімен, яки түлкінің басымен байланыстырудың қисыны жоқ сияқты.

Ендігі байлам Түркібасы атауына келіп тіреліп отыр. Дегенмен, мұнда да әуелі бір түйткілдің басын ашып алу керек. Егер академик В.В.Бартольд айтқандай, Түркібасы аталымы уақыт өте келе өзгеріске ұшырап, ел аузында Түлкібасыға айналып кеткен болса, оның тілдік заңдылығы бар ма? Түркібасы қалайша Түлкібасыға айналып кетті? Бұл сұрақтың жауабын табу үшін тіл мамандарының еңбектеріне үңілген едік. Расында, әрісі түрік, берісі қазақ тілінде «р» мен «л» дыбыстарының орын ауыстыруы жиі кездеседі екен. Мәселен, «мұсылман» сөзі кейде «мұсырман» деп айтылса, «зарар» деген сөз де кейде «залал» деп айтыла береді. Сол сияқты «қаперімде деген сөз «қапелімде», «рұқсат» сөзі де «ұлықсат» деп айтылып, р мен л дыбыстары өзара өзгеріске ұшырай береді. Мұны кезінде әйгілі түрік сөздігінің авторы Қашқарлы Махмұд та ескертіп кеткен екен (қараңыз: Сравнительно-историческая грамматика Тюркских языков. Фонетика. Отв ред: Э.Р.Текишев. Москва, 1984). Сондықтан, Түркібасы атауының өзгеріске ұшырап, Түлкібасыға айналып кетуі, тілдік тұрғыдан алғанда әбден мүмкін екен.

Дегенмен, Түркібасы төңірегіндегі бар мәселе осымен шешіліп кетпейді. «Түркібасы ма, әлде Түрікбасы ма?» деген сауалға жауап бермеген күннің өзінде Түркібасының кімге байланысты және қашан қойылған атау екені күні бүгінге дейін өз шешімін таппай келеді. Ел аузындағы аңыз-әңгімелерге ден қойған академик В.В.Бартольдтың өзі Түркібасының кім екенін ашып айта алмапты. Ал, бертіндегі ғалымдарымыздың пікірлері де алуан түрлі болып келеді. Профессор Мекемтас Мырзахметұлы «ертеде елді жаудан қорғау үшін, түрік жұртының қол басшысы, яғни Түрік басы осы биік төбенің басында шатырын құрып, жауға қарсы айбар шашып тұрыпты» дейді. Ал, профессор Әділхан Байбатша «Түркібасы атауы Батыс Түрік қағанатының басшысы Естемес қағанға байланысты шыққан» деген пікірді алға тартады. Өз сөзіне дәлел ретінде ғалым әйгілі Естемес қағанның шамамен 556 жылы сол кезде Екітау деп аталған тауға шатырын тігіп, оның етегіне ордасын орналастырып, қала салғанын айтады.

Бір қызығы, бағзы заманнан сыр шертетін әйгілі «Манас» дастанында текті бабалар тарпаңды тағалап мінген түркілік дәуірді «Түркібасы» атауымен байланыстырып, кеңінен толғайды.

Дариядай дастанның С.Орозбақов нұсқасында Ташкентті билеп тұрған Қытай әскерінің қолбасшысы Панус ханның қалың қолымен түріктердің шайқасы баяндалады. Дастанға құлақ түрсек, шайқас қызған тұста Манастың кеңесшісі Бақай қытай қолындағы тамырлас тайпаларға ұран тастайды. Түрік пен моңғолдың туыс екенін еске салып, бауырларды бірлікке үндейді. Мұны естіген қарсы жақтағы түрік тайпаларының көсемдері кеңес құрып, ақылдаса келе, төрт жүз мың әскерден құралған қалың қолды алып кетеді. Осылайша Ташкенттен жеткен жаужүрек жауынгерлер Манастың баһадүрлерімен бірігіп, жауды қоршайды. Үш күнге созылған қанды шайқаста жау жағы күйрей жеңіледі. «Түріктің бәрі дүркіреп, Күн батыс жұрты күркіреп, Қазақ, Қырғыз, Өзібек» бастап, түгел түріктің басын қосқан құтты Жыланды жерінің содан бері «Түркібасы» деп аталғанын алға тартқан дастан:

«Түрік ұлы тұтас біріксе,

Келе алмас оған дәрменің»

деп бауырластардың бірлігінен туатын құдіретті күшті ту етіп жырлайды.

«Қазақ, қырғыз бірікті,

Қытайлардың соры екен.

Алты жүз мың қол болып,

Арада Қытай қамалып,

Бұрынғы аты Жылан су,

Түрік-оғлы түмен барғаны.

Бас қосты бәрі түрік деп,

Жыланды аты жоғалып,

Түркібас атқа қалғаны.

Түркібас аты өшіпті,

Қазіргі ақыр заманда,

Түлкібас атқа көшіпті» дейді дастан.

Ендеше, академик В.В. Бартольд жазғандай, Түркібасының әуелгі атауы өзгеріске ұшырап, ел арасында Түлкібасыға айналып кетуі бек мүмкін. Сондықтан, «Манас» дастанында:

«Түлкібасы, Сайрамды,

Түпкі аттарын аударып,

Түзеген неше жайларды»

деп жазылуында үлкен мән бар деп ойлаймыз.

Құдіретті Естеми қаған орда тіккен Екітау – ақбас Алатау мен қарт Қаратаудың төс түйістірген тұсында, тарихи Жібек жолының бойына орналасқан Түлкібасы топырағы академик В.В. Бартольд айтатын Мыңбұлақ пен Жүзбастаудан алыс емес. Ал, Қытай деректерінде аты айрықша аталатын шөбі шүйгін, аң-құсы мол Мыңбұлақ жері көк түріктердің негізін қалайтын он оқтардың ордалы ордасы һәм қағанның жаз жайлауы болған. Қытай саяхатшысы Сюань Цзянь өз жазбаларында көк түріктердің қағанын Мыңбұлақтағы жайлауында көргенін айтады. Бағзының бір баяны «Көне Таңнама» кітабында Тоң ябғудың түрік қағанатының ордасын Шаштың (Ташкент) теріскей жағындағы Мыңбұлаққа көшіргені жазылған. Дастанда айтылатын Жыланды өзені Арыс, Құлан, Ақсу, Жабағылы, Кемербастау, Күмісбастау, Көкбұлақ, Машат, Балықты сияқты Түлкібас жерінен бастау алатын өзендердің бірі. Айта кетерлік жайт, осы Жыланды Алатау мен Қаратаудың арасындағы кең жазықты алқапта жалғыз кіндіктөбе болып тұрған Түркібасы жотасының жанынан басталады.

Үшіншіден, тарлан тарихтан белгілі, түріктер мен мұсылмандардың бірлескен қолы шығыстан жеткен қытай қаупіне қарсы тұрып, 751 жылы осы Мыңбұлаққа жақын қазіргі Жуантөбе жеріндегі Атлах (Отлақ) қаласында кескілескен шайқас болған. Қытайлық қолбасшы Као Шиен-чи Ташкент әміршісі Бағатұр Тудунды азаптап өлтіргеннен кейін, дүркірей көтерілген түріктер мұсылмандардан көмек сұрайды. Зияд ибн Салих бастаған мұсылман әскері мен Таң әскері бетпе-бет келіп, кескілескен шайқас бес күнге созылады. Соғыстың соңғы күні Таң әскері сапындағы қарлұқтар көтеріліс жасап, ту ұстап туыстары жағына шығып, жаудың бір бүйірінен ойсырата соққы береді. Есеңгіреп қалған Таң қосыны қос тараптың қысымына шыдамай, майдан даласын тастап қашады. Ибн әл-Асирдің жазуынша Као Шиен-чидің 50 мың әскері жер жастанып, 20 мыңы қолға түскен. Осылайша, шығыстан төнген қауіптің бетін біржола қайырған түрік тайпалары мұсылмандармен етене араласып, нәтижеде лек-легімен ислам дінін қабылдай бастаған. Ендеше, тарихта «Талас соғысы» деп аталатын бұл ұлы шайқас Шаш жерінен басталып, Атлахта аяқталған деуге негіз бар. Ал, Ташкент пен Атлахтың, Сайрам мен Мыңбұлақтың арасындағы жазық дала – Түркібасы жері. Кескілескен шайқастың бетбұрысты кезеңі осы тұстан басталып, қашқан жауды талқандау Атлах қаласында аяқталуы бек мүмкін.

Сондықтан, қазақта «жүзбасы», «мыңбасы», «қолбасы», «елбасы» деген сөздердің басшылыққа байланысты шыққанын ескерер болсақ, Түркібасы сөзінің де түркінің басы, яғни түркінің басшысы деген мағына беріп тұрғаны жасырын емес.

Өйткені, молла Мәди бабамыз:

«Түп атамыз түрік еді,

Баста бұйра бөрік еді» -

деп айтқандай, Түркібасы атауы расында түрікке қатысты қойылған ат болса керек.

Бұл орайда, «төбе неге «Әулиетөбе» немесе «Түркібасы әулие» деп аталған» деген сұрақтың алдымыздан шығары анық? Әулие деген сөз бен ұғымның бізге ислам дінімен бірге келгені анық. Халық «әулие» деп негізінен сопылық жолды ұстанған, шариғат пен тариқатты үндестіріп, ақиқатқа қол жеткізген тақуаларды айтса керек. Егер тақуа болмаса патша тұрмақ, кез келген ғалым мен сопының да әулие атануы неғайбыл. Сондықтан біздің ойымызша, Әулиетөбеге атын қалдырған тұлғаның мұсылмандық дәуірде тақуалығымен аты шыққан және сол тұстағы түркіге рухани тұтқа болған әулие болуы мүмкін.

Түбі бір түркі жұртының ең алғаш ислам дінін Талас пен Арыстың, қазіргі Тараз бен Түркібасының арасында өткен алапат соғыстан кейін қабылдай бастағанын жоғарыда айтып өттік. Содан да болса керек, Түркібасы өңірінде Әулиетөбеден басқа Әулиесай, Дәубаба, Шақпақ ата, Майқы Қара әулие, Ойсыл қара, Айзада ана, Ақтас әулие, Қыз әулие сияқты бабаларымыз ислам дінін қабылдап, мұсылман болғаннан кейін қойылған аттар самсап тұр. Арнайы зерттеуге арқау болатын бұл келелі тақырыпты әзірге қозғамай-ақ қояйық. Десек те, бұған күмән келтірудің реті жоқ сияқты. Өйткені, сансыз бабқа мекен болған Сайрам мен әулиелердің атасы саналған Әулиеатаның арасына орналасқан Түркібасы жерінің сопылық ілімнен сусындамауы, оны тақуа жандардың мекен етпеуі мүмкін емес. Олай болса, Әулиетөбеге атын қалдырған әулие кім болды?

Иә, қарт Қаратаудың күнгей сілеміндегі биік жотаға жайғасқан Түркібасы әулиеге қалың жұртшылық бүгінге дейін құрмет көрсетіп, оны зиярат етіп келеді. Бұл үрдіс тіпті сыңаржақ саясат ұстанған Кеңестер Одағы кезеңінде де үзілген емес. Осы орайда бүкіл Түркістанның пірі болған Қожа Ахмет Ясауидің үлкен бабасы Ифтихар шейх жайында ел аузында айтылып, хатқа түскен аңыз еске түседі. Халық жадында сақталған аңыз бойынша, жаугершілік заманда атқа қонып, қолына қару алған Ифтихар шейх мұсылман әскерін басқарып, жауды қазіргі Әулиетөбенің жанына дейін қуып келіпті. Жаумен жағаласып жүргенде жараланып, көп қан жоғалтып, әлсіреген әулие ақтық сапары алдында жанындағы жолдастарына өсиетін айтып, бақұлдасыпты. Ақтық сөзінде теріскейден келетін жауға қарсы түркінің басы ретінде қорған болып тұру үшін үлкен төбенің басына жерлеуді өсиет етіп айтқан әулие, осылайша шаһит кетіпті. Содан былай бұл төбе Түркібасы әулие немесе Әулитөбе деп атала бастапты. Ел аузында жүрген аңыз бен шежіре-деректі хатқа түсірген сайрамдық Мирахмад Мирхалдарұлы «түлкінің басы» деп дұрыс айтылмай жүрген аттың қалпына келтіріліп, оны қайтадан Түркібасы деп атауды ұсынады (М.Мирхалдарұлы. Зиярат орындар. Шымкент, 1999).

Біздің ойымызша, ел аузындағы әңгіме мен хатқа түскен шежірені дерек ретінде алға тартып отырған ғалымның сөзі жөн сияқты. Өйткені, Ифтихар шейхтің арғы атасы Ысқақ баб көне жазбалардың барлығында «Исхақ әт-Түрік» яғни «түріктен шыққан Исхақ» деп аталады. Молла Мұса Сайрамидің «Тарихи аминийа» атты еңбегінде Ифтихар шейх Ысқақ бабтың төртінші ұрпағы ретінде айтылады. Ал, Ысқақ баб Қожа Ахмет Ясауидің он үшінші атасы. Бұл орайда әйгілі «Насабнама» кітабының авторы Мәулана Сафиаддин Орың Қойлақи мен «Фихрист» кітабының авторы ибн Надимнің еңбектерінен Ысқақ баб туралы көптеген құнды мәліметтер алуға болады. Абдрахим және Абджалил бабтармен бірге түркі даласында ислам дінін таратуға күш салған, сол үшін түріктің рухани басшысы аталған Ысқақ бабты қазақ халқы әлі күнге дейін құрметтеп, оған тағзым етеді. Сол сияқты, Ысқақ бабтың ұрпағы Қожа Ахмет Ясауидің де түрік даласының, күллі Түркістанның пірі болғаны әмбеге аян. Сондықтан, Фахруддин Али Сафидің «Рашахату айнил-хаят» атты еңбегінде Қожа Ахмет Ясауи «машайх түрки», яғни «түріктің ұлы шейхі» деп аталады. Ясауия тариқатының белді өкілдерінің бірі, ХҮ ғасырда ғұмыр кешкен Махмұт Хазини болса Қ.А.Ясауиді «Сұлтан-и Түрік» яғни «түріктердің сұлтаны» деп ұлықтаған. Қазақ халқының Қожа Ахмет Ясауиді бертінге дейін атын атамай, оны «Әзірет Сұлтан» деп құрметтеп келгені белгілі.

Бұл тұста біз екі жайтты аңғара аламыз. Оның біріншісі – Ысқақ баб пен оның ұрпағы Қожа Ахмет Ясауи «түрік» деген ат алған екен. Ендеше, олардың арасын жалғап тұрған Ифтихар шейх неге түрік аталмасын? Тіпті, бұл олардың тегіне таңылған лақап ат болуы да ғажап емес қой. Екіншіден, бабаларымыз қағандар мен хандарды ғана емес, кемеңгер тұлғалар мен кемел адамдарды, рухани ұстындар мен әулиелерді де сұлтанға теңеп, рухани басшыға балап, ұлықтаған екен. Бұл орайда Түркібасы – түркінің рухани басы, басшысы деген ұғымды да білдіре алады. Ендеше, «түркі» лақабын алған түркінің рухани көсемі Ифтихар шейхтің де «Түркібасы» атануы әбден мүмкін.

Тарих ғылымы – бұлтартпас айғақтың батыл болжаммен түйіскен тұсы. Сондықтан бабадан жеткен бәтуалы сөзге байыппен қарап, тарихи Түркібасы атауын қайта қараудың уақыты жеткен сияқты. Рухани жаңғыру бағдарламасы да бізге осыны үндейді.

Пікір қалдырыңыз