70 ПАЙЫЗЫ АШЫЛМАЙТЫН ҚЫЛМЫС...

Назгүл НАЗАРБЕКОВА,«Оңтүстік Қазақстан».
Тіркеуге түрмеге тұрған дерсіз...
Асқар әу бастан-ақ ұрлыққа үйір болды. Осыдан 5 жыл бұрын ұрлық жасағаны үшін полицейлердің құрығына ілініп, 3,5 жылға бас бостандығынан айырылған-тын. Тар қапасқа тоғытылып, жеке мүлкі тәркіленді. Жалпы режимдегі түзеу мекемесінде жазасын өтеген ол өткен жылдың ақпан айында ғана бостандыққа шыққан болатын.
Өкініштіcі, Асқардың түрменің ащы дәмін татып шықса да түзелмегені болып тұр. Отбасына оралған соң бір айдан кейін-ақ ескі әдетіне қайта басты. Тіпті, ол ұрлық істеу үшін мезгіл таңдамайтын да болды. Әккілігі сонша, тапа-тал түсте кез келген бұйымды көз ілеспес сәтте қолды етудің тәсілін меңгерген. 2016 жылдың 20 наурызы күні Шымкент қаласы, «Жайлау» шағынауданы аумағындағы үйге бұқпантайлап кірген ол шегемен пластик терезені оп-оңай ашады. Осы келісінде ас бөлмедегі құны 100 мың теңге тұратын «Samsung» маркалы ноутбукты, 30 мың теңгелік неке жүзігін жымқырып кеткен-ді. Бір айдан кейін тағы да осы аумақтағы бір үйге кіріп, 120 мың теңге тұратын теледидарды үптеді.
Қолдан келсе қонышынан басатын, ыңғайы келсе жымқырып қалуды ойлап тұратын Асқар мұны місе тұта қоймады. Бірде Алматы тас жолымен Ташкент бағытына қарай кетіп бара жатқан «КамАЗ» автокөлігінің жол бойындағы дәмханаға тоқтағанын көреді. Әп-сәтте арам пиғылын іске асыруды көздеген ол көліктегі жүргізуші мен жолаушының дәмханаға кіріп кеткен сәтін аңдып тұрады. Көлікте ешкім қалмағынын көргесін жолаушы жақтағы есіктен ішке еніп, артқы жатын бөлігінен қол сөмкені жымқырады. Оның ішінде 4 млн. теңге және жүргізуші куәлігі, тағы басқа да құжаттар болған-ды...
Сот Асқарға (авт: аты-жөні өзгертілген) жаңағы аталған айыптарды таға отырып, оны 3 жылға бас бостандығынан айырды. Бұл жолы ол жазасын қатаң режимдегі түзеу мекемесінде өтейді. Еркіндіктің дәмін 4 ай ғана сезінген Асқар тағы да тар қапасқа тоғытылды.
Айта кетейік, күдіктіге қатысты сотқа келіп түскен осы деректерден бөлек, оның тағы бір ұрлыққа қатысы барлығы жөнінде құжаттар қоса тіркелген. Алайда, ондағы келтірілген деректер дәлелденбеді. Яғни ол эпизодта бір азаматшаның үйінен 7 алтын бұйымның ұрланғаны, оны да Асқардың қолды еткені айтылады. Дегенмен, сотталушы мен жәбірленушінің жауаптары бір-біріне сәйкес келмегендіктен бұл іске қатысты бөлігі қысқартылды.
Ұрылар және полицейлер...
Жалпы, мұнымен не айтпақшымыз? Иә, соңғы кезде тонау, ұрлық қылмыстары шектен тыс көбейіп кетті. Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеті ОҚО бойынша басқармасының мәліметіне сүйенсек, облыстағы әрбір екінші қылмыс – ұрлық екен. Бөтеннің мүлкін ұрлау өткен жылмен салыстырғанда бірнеше есеге артқан. Яғни бұл барлық тіркелген қылмыстың 52 пайызын құрап отыр. Жыл басынан бергі мәліметтерге жүгінсек, пәтер ұрлығы өткен жылдың осы уақытымен салыстырғанда 203-тен 386-ға көбейген. Қолының сұғанағы барлар негізінен пәтерден бірінші кезекте әшекей бұйымдарды, ақша, теледидарлар мен ұялы телефондарды қағып кетеді. Олардың ішінде жиі ұрланатындардың қатарындағы ұялы телефондардың базарлар мен дүкендерде жоғалатыны белгілі болған. Сонымен бірге ұрылар телефонды қоғамдық көліктер мен кафелерде жиі жымқырады.
Өкінішке қарай, өңіріміздегі тәртіп сақшылары қылмыстың бұл түрінің ашылуына аса құмбылдық таныта бермейтіндей әсер қалдырады. Мұны Асқарға қатысты сот отырысы болғанда дәлелденбей қалған эпизод арқылы аңғардық. Демек, ұрлық істеп қолға түскен күдіктінің мойнына бірнеше деректі іліп жіберетіні байқалады. Тағы бір дәлел, жуырда бір танысымыздың қымбат бағалы теледидарын тапа-талтүсте ұрлап кетті. Үй иесі едел-жедел полицияға шағымданып, арыз тастаған. Сол кезде келіп хаттама түзіп кеткен тәртіп сақшысы одан кейін хабар да алмапты. Үй иесінің тәртіп сақшылары оқиғаның ізін суытпас үшін көршілерден сұрастырса не болмаса жақын маңдағы жанар-жағармай құю бекетінің бейнебақылау камерасы арқылы да ұрыны іздестірсе жіптің бір ұшы шығар еді деген үміт сәулесі де сөне бастайды. Енді қайтсін, хабар жоқ, тым-тырыс. Үздеп жатқан пенде жоқ. 3-4 айдан соң бізден көмек сұрады. Ұрлық болған аймақтың басшылығына хабарластық, бір емес, бірнеше мәрте әрине. Сонда айтатын жауабы: «Жақында ұйымдасып ұрлық істейтін топты ұстағалы жатырмыз. Сәл күтіңіз, солар болуы мүмкін» дейді. Осы жауаптан кейін үміт те үзілген.
Сондай-ақ, облыс орталығындағы белді мекеме кабинетінен әмиян ұрланды. Басшының кабинетіндегі бейнекамера арқылы кеңсеге сырттан келген адамның түр-тұлғасы анық көрінген. Хаттама түзіп кеткен учаскелік инспекторлар сол кеткеннен мол кетті... Дәлел керек болса, бұл – үшінші!
Бұл – қоғамның өзекті мәселесі
Ал, енді төртіншісін прокурор айтсын. Облыстық прокуратурада өткен жылды қорытындылау жиынында облыс прокуроры И. Иманов ұрлық қылмысының шектен тыс көбейіп кеткенін, онымен күресуді күшейту қажеттігін баса назарға алды. Сол жиында облыс прокурорының бірінші орынбасары Х. Маматаев Шымкент қаласы Әл-Фараби ауданының прокуроры қызметінде жүргенінде арнайы топ құрып, полицейлерді бақылау шараларын жүргізгенін айтып берді. «Ұрлыққа тосқауыл» жобасы аясында прокуратура Әл-Фараби аудандық полиция бөлімі жедел тергеу тобының қылмыс болған оқиға орнына шығу қызметіне тексеру жүргізген. Жалпы, кез келген қылмыстық оқиғаның «ізін суытпай» ашуға бағытталған қажетті амалдардың барлығы да жасалуы тиіс. Талап бойынша кезекші жедел тергеу тобы оқиға орнына облыс орталығында болса 30, аудан орталығында 15 минуттан кешікпей жетуі керек. Х. Маматаевтың айтуынша, полиция бөліміне жүргізген бір ғана тексерудің өзінде тәртіп сақшыларының оқиға орнына уақтылы келмейтіні және қылмысты ашуға бағытталған тиісті шараларды атқармайтыны белгілі болған. Мәселен, 14 қаңтар күні сағат 16-02 минутта Әл-Фараби ПБ-нің кезекші бөліміне «Гипер-Хаус» сауда орталығында 500 000 теңгенің ұрланғаны жөнінде хабарлама түседі. Шұғыл тергеу тобы оқиға орнына 33 минуттан соң жетеді. Топтың бірде-бір мүшесі автокөліктен түспестен жәбірленушіден арыз жаздырып, басқа да таза парақтарға қол қойдырып, 18 минуттай болып кетіп қалған. Сонымен бірге, жәбірленушіге «егер қылмыс жасағандар келсе, хабар бересің» деп тапсырған. Мұның барлығын барлап отырған аудандық прокуратураның қызметкерлері полицейлер кеткен соң, сауда орталығына кіріп, ондағы бейнекамераны қарау арқылы күдіктіні анықтайды. Кейін тексеру барысында тергеушінің хаттамада жоқ адамдарды қалыс ретінде көрсетіп, жалған құжат жасатқаны да белгілі болған. Х. Маматаев шұғыл-тергеу тобының бұдан басқа да хабарламалар бойынша өз жұмыстарына жүрдім-бардым қарайтынын анықтағанын айтады. Салғырттыққа жол берген тәртіп сақшыларының үстінен қылмыстық іс қозғалыпты.
Бірді айтып, бірге кетпейік. Негізгі тақырыбымыз ұрлық қылмысының шектен тыс көбейгендігі еді ғой. Ал, онымен күресетін полицейлеріміздің халдері әлгіндегідей. Алайда, Хали Рысқұлбекұлы мұны қоғамның проблемасы деп қарастырған жөн дейді. Жалпы, әрбір тұрғынның өз Отаны, өз отбасы үшін ұрыларға жем болмау жолдарын қарастыруы қажет екенін жеткізді. «Біз ұрлықтың болмауына жағдай жасауымыз керек. Қазақта «өз-өзіңе сақ бол, көршіңді ұры тұтпа» дейтін мақал бар. Мұндай оқиғалардың басым бөлігі Шымкент қаласында орын алады. Сондықтан негізінен көпқабатты үйде тұратын қала тұрғындарына бейнебақылау камераларын орнатып алуын сұрар едім. Оған ай сайын бар-жоғы 150-200 теңге төлейді» дейді облыс прокурорының бірінші орынбасары Х. Маматаев.
PS. Айта кетейік, дәл осы тақырып жуырда республика көлемінде өткен жиында да сөз болды. Заңдылықты, құқықтық тәртіпті және қылмысқа қарсы күресті қамтамасыз ету жөніндегі үйлестіру кеңесінің отырысында еліміздегі қылмыстардың 64 пайызы ұрлық екені, халықтың құқық қорғау органдарына сенбейтіні, себебі фактілердің 70 пайызы ашылмайтыны айтылды. Яғни соңғы 25 жылда Қазақстанда 2 миллионнан астам ұрлық фактісі тіркелсе, оның тең жартысынан астамында ұры ұсталмаған. Осы жиында ұрлық қылмысының алдын алу, жолын кесу бойынша бірнеше ұсынысты қолдаған Бас прокурор Жақып Асанов енді ұрланған бұйымдарды сататындарға қатысты жазаны күшейту амалдарын қарастыру керектігін айтты.