Адалдықты әркім өзінен бастағаны абзал

Сыбайлас жемқорлық бүгін пайда бола салған рухани дерт емес. Оның тамыры да, тарихы да тереңде. Өкініштісі, ҚР «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заңы аясында жемқорлыққа қарсы көптеген іс-әрекеттер жасалып жатқанымен, көпшілік әлі де парақорлықпен жиі бетпе-бет келеді. Сондықтан сыбайластықтың жолын кесуге бүкіл қоғам болып атсалысқанымыз жөн.
ҚР «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заңына сәйкес сыбайлас жемқорлықпен күресті барлық мемлекеттік органдар мен онда қызмет ететін лауазымды тұлғалар жүргізуі тиіс. Ол үшін барлық мемлекеттік мекемелерде көрсетілетін қызметтер туралы құжат үлгілері халыққа қолжетімді жерде орналастырылғаны жөн. Өйткені, әр азамат сапалы мемлекеттік қызмет алуға құқылы. Оның үстіне, әрбір мекемеде жұмыс тобы құрылып, олар сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін анықтап отырса, келеңсіз жағдайлар туындамас еді.
Мемлекеттік қызметшілердің сыбайлас жемқорлық қылмыстарға бой алдыру себептері әртүрлі. Оның негізгілері кейбір қызметкерлердің кәсіби әдептілігінің жетіспеуі немесе жеке басының қамын ойлауы, жалақының аздығы және тағы басқа да себептер. Осындай қылмыстарға жол бермес үшін қызметкерлердің құқықтық сауаттылығын арттырып, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерімен таныстырып отырған артықтық етпейді. Біздің мекемеде бұл бағыттағы түсіндірме жұмыстары үнемі жүргізіліп отырады. Мекеменің кіреберісінде сенім жәшігі қойылып, 1424 телефон нөмірі ілінген.
Сыбайлас қылмыстың алдын алу үшін құзырлы органдардың қадағалауымен қатар қоғамдық бақылаудың да маңызы ерекше. Атап айтқанда, мемлекеттік қызметшілермен қатар қоғамдық кеңестер мен түрлі қоғамдық ұйымдар да осы істе белсенділік танытқандары дұрыс.
А.АХМЕТОВ,
Бадам орман және жануарлар әлемін
қорғау жөніндегі мекеме бастығының аға кеңесшісі, заңгер.