Түзелемін десе шалыс басқандарға мүмкіндік көп

Мемлекет басшысы ұсынған «Заң мен тәртіп» қағидаты кез келген адамның заңға бағынуын және сол арқылы заң талаптарын қатаң сақтауды көздейді. Өкінішке қарай, «қылмыстың өтеуі – жаза» екенін білсе де, арамызда заңбұзушылыққа баратын жандар әлі де аз емес. Олардың қателігін ұғындыру, қайта тәрбиелеу, қатарға қосылуына жағдай жасау үшін атқарылып жатқан шаралар да ауқымды.

Қателіктен сабақ алмайтындар бар

Ең алдымен заңдарымыздың өзі ізгілікке құрылғанын айта кеткеніміз жөн. Біз «Иілген басты қылыш кеспес», «Адасқанның айыбы жоқ, қайта үйірін тапқан соң» деген қағидамен өмір сүрген бабалар дәстүрінен айныған емеспіз. Өркениетті елдердің өлшеміне сай өлім жазасынан саналы түрде бас тарттық. Бұл қадам Қазақстанның қатыгездікке, қаталдыққа қарсы екенін білдіреді. Мемлекет сонымен қатар сотталғандарға рақымшылық жасап, қалыпты өмірге оралуларына да қамқорлық танытып келеді.
Ал, осы мүмкіндікті сотталған немесе жеңіл жаза алған азаматтар қалай пайдаланып жүр? Олар мемлекет тарапынан жасалған қамқорлықты түсініп, бостандықтың қадірін сезініп жүр ме? Міне, бұл мәселе бүгінгі күннің өзекті проблемасына айналып отыр.
Жалпы, шалыс басу, жазалы болу – қайта өмір бастауға, түзелуге кедергі келтірмейді. Қазір өз ортасына оралып, өмірін қайта бастағысы келетіндер үшін елімізде мүмкіндік мол. Өкініштісі, осы қамқорлықты түсініп, қателіктен сабақ алуға ұмтылмайтындар көп. Атап айтар болсақ, өткен жылы өңірде 1806 адам сотты болса, қылмыстың ауырлығына байланысты 629 адамға бас бостандығынан айыру, 591 тұлғаға бас бостандығынан шектеу түріндегі жазалар қолданылған. 52 адам шартты түрде сотталса, 362-сіне айыппұл салынып, 171 адам қоғамдық жұмысқа тартылған. Соның ішінде бас бостандығынан шектеу жазасы қолданылғандар мен шартты түрде сотталғандардың 168-і қайта қылмыс жасап, яғни бірнеше рет әкімшілік құқық бұзушылық фактілері бойынша көзге түскен. Сөйтіп 150 адамның жазасы бас бостандығынан шектеуден қайта бас бостандығынан айыру жазасына ауыстырылған. Бостандықтың қадірін түсінбегендерге бұдан артық қандай мысал керек?!
Сондай-ақ, былтыр облыстағы пробациялық есепте тұрғандардың 96-сы, ал, биыл екі айда 9 азамат қайта қылмыс жасаған. Қайта қылмыс жасағандардың барлығы жұмыссыз екенін де ескергеніміз жөн. Прокуратура осындай жағдайлармен бетпе-бет келген соң сотталушыларға қатаң жаза тағайындауды сұрайды. Неге? Себебі, түзелмейтін адам өзін ғана емес, ортасын да бүлдіреді. Мұндай жандардың жастарға тигізер теріс ықпалы да аз емес. Ең қиыны, бостандықтың мәнін ұқпаған осындай жандардың кесірінен абайсызда қателік жасаған, білместікпен жаза басқан жандар қатаң жауапқа тартылып жатады. «Бірдің кесірі мыңға тиеді» деген осы. 
Жалпы, пробациялық бақылауда тұратындар сақтауы тиіс арнайы талаптар бар. Cот үкіміне сай жаза өтеушіге қылмыстық атқару инспекциясының пробация қызметіне хабарламай тұрғылықты жерін өзгертуге, рұқсатсыз тұрғылықты жерінен кетуіне, белгілі бір көңіл көтеретін орындарға баруына, кешкі сағат 22:00 мен 06:00 аралығында үйінен шығуына тыйым салынған.
Шындығына келгенде, пробация қызметкерлерінің есепте тұрған әрбір сотталушыны күнделікті бақылауға, қадағалап отыруға мүмкіндігі бола бермейді. Олар үлкен жүктемемен жұмыс істейтіндіктен, сотталушыларды ұдайы назарда ұстауға мүмкіндігі жоқ. Міне, соны білетін кейбір сотталушылар шектен шығып кетеді. Кейін жазасы қатаңдатылып, бас бостандығынан айырылғанда ғана қателігін түсініп жатады. Әсіресе, жалындаған шағын түзеу мекемесінде өткізетін  жастарды ойлағанда жаның жабырқайды. Бірақ, амал бар ма?.. 
Қайта қылмыс жасамас үшін не істеген жөн?
Біріншіден, бақылауда тұрған сотталушыларды тек пробация мекемесінің мойнына артып қоймай, жергілікті атқарушы орган мен учаскелік инспекторлар да жазасын өтеушілермен жұмысты жандандырғандары жөн.
Екіншіден, заман өзгеріп келеді, соған сәйкес пробация қызметі де жаңғыруы, қоғамға бейімделуі керек. Бұл қызметтің жұмысы есепте тұрған азаматты анда-санда тексеріп тұрумен, онысын сурет, видеоларға түсіріп, басшыларға есеп берумен шектелмеуі керек. Пробация – бақылауда тұрғандарға қамқорлық танытып қана қоймай, қатал тәртіпті ұғындыруға қауқарлы құрылым болуы тиіс.
Айталық, қылмыс жасаушының жазасын жеңілдету мақсатында бас бостандығынан айыру немесе басқа да ауыр жаза қолданудың орнына сотталушыны мәжбүрлі қоғамдық жұмыстарға тартты делік. Бұл жұмыстардың орындалуын қадағалау пробацияның құзырында. Солай болғанымен, жазасын өтеушілердің жұмысқа шықпайтын, қоғамдық жұмысты «беделімді түсіреді» деп орындамайтын кездері көп. Қоғамдық жұмыстан бас тарту арқылы олар сотқа құрмет танытпай, пробацияның міндетін елегісі келмейді. Мұндай жағдай дағдыға айналмасын десек, пробацияның беделін көтеріп, оның пәрменіне құлақ аспағандарға жазаны қатайту керек.
Үшіншіден, пробация қызметкерлері сотталушының жақындарымен тіл табысып, тығыз байланыс орната білгендері жөн. Себебі, сотталушылардың қайта қылмыс жасауына көп жағдайда жақындарының да әсері болады. Туыстарынан қолдау таппаған, тұрмыстық, әлеуметтік қиындық көрген азаматтардың екі қолға бір күрек таппағанда, «ескі әдетке» баратыны қалыпты жағдай. Сондықтан пробация қызметкерлері сотталушының туыстарын сабырлы болуға шақырып, жақындарының түзеліп, өмірге бейімделуіне қолдау көрсету қажеттігін түсіндірген жөн.
Осы тұста тағы бір мәселеге көңіл бөлген артық болмайды. Бізде пробациялық бақылауда тұрғандарды жұмыспен қамту жағы ақсап тұр. Бұл бағытта атқарылды делінген істердің көпшілігі әншейін көз алдау. Өмірлік тәжірибе көрсеткендей, қайта қылмыс жасауға көбінесе жұмыссыздық пен қаржының жетіспеушілігі себеп болып жатады.

Мұны шешу үшін не істеу керек?

Ең алдымен пробация қызметіндегілер жұмыс берушілермен келісімге келе отырып, бос орындар жәрмеңкесіне ұдайы қатысып, бақылаудағы сотталғандардың жұмысқа тұруына жағдай жасағандары жөн. Әрине, жұмыс берушілердің жазасын өтеушілерді, сотталушыларды жұмысқа тартқысы келмейтіні белгілі. Бұл түсінікті де. Дегенмен, пробациялық қызмет кепілдік берсе, жұмыс берушілердің ойы да өзгерер еді.
Бұл жерде пробация мамандары жұмыс берушілерге мемлекет тарапынан берілетін жеңілдіктер жайында да толыққанды мағлұмат бергені абзал. Айталық, кәсіпкерлер сотталушыларды жұмысқа қабылдаған жағдайда жалақының 35 пайыздан 70 пайызға дейінгі мөлшерін мемлекет есебінен субсидиялау қарастырылған. Яғни олардың айлығының 35-70 пайызын мемлекет төлейді. Бұл кәсіпкерлерге үлкен жеңілдік. Сондықтан олар жаза өтеушілерді жұмыспен қамтуға мүдделі болуы керек. Тек осы жағын түсіндіру, насихаттау жағы әлі кемшін қалып келеді.
Сонымен бірге, жергілікті атқарушы органдар пробация есебінде тұрғандарды ғана емес, жазасын өтеп келгендерді де арнайы мамандыққа бейімдеуге, кәсіп үйренуіне, өмірден өз орнын табуына көмектескендері жөн. Бұл жерде де мәселеге жанашырлықпен қарап, нарықты зерттеп барып әрекет еткен абзал. Бұл мәселе бойынша шешімін таппаған сұрақтар өте көп. Мысалы, бұған дейін Мансап орталықтары жұмыссыздарға жұмыс беріп, көмектесудің орнына түрлі қулық жасап келгені белгілі. Орталықтар жұмыс істеп жатқандарын дәлелдеу үшін сотталғандардың өз қалтасынан зейнетақы төлемдерін төлетіп, жалған деректер көрсеткен. Бұдан Мансап орталықтарының ұтуы мүмкін, ұтылған әрине, жазасын өтеушілер.
Қалай болғанда да, сотталғандарды уақытша жұмысқа орналастырумен мәселе шешілмейді. Соған орай біз сотталушыларды жұмысқа орналастырып, жаңа кәсіп меңгеруіне қатысты тетіктерді әлі де пысықтай түсуіміз керек. Өйткені, жұмыссыздықты жойғымыз келсе, нарықтағы сұранысы жоғары мамандықтар тізбесін нақты анықтауымыз керек. Мәселен, қазір ұялы телефон, аяқ киім жөндейтін, көлік жөндейтін және құрастыратын, үйді әрлейтін мамандарды табу қиын. Бұдан бөлек, тұрмыстық техниканың тілін білетін, газ, су, электр құрылғыларын жөндейтін мамандар да тапшы. Есесіне, бұларға төленетін ақы да қымбат. Жүрегі қалаған кәсіпті меңгеріп, одан жақсы табыс тапқан азаматтардың қайта қылмыс жасамасы анық. Міне, бізге осы жағына мән беру қажет. 
Сотталушыларды қалыпты өмірге оралту үшін ауқымды жұмыстар атқарылып жатқанын көпшілік біле бермеуі мүмкін. Мәселен, мемлекет сотталушылардың кәсіпкерлік жұмысын қолдау мақсатында қайтарымсыз 400 АЕК көлемінде ақшалай грант береді. Біздің өңірімізде осы мүмкіндікті ұтымды пайдаланған екі жазасын өтеуші бар. Олар 3 млн. теңгеден грант алып, бірі құс өсіруді қолға алса, екіншісі көлік майын ауыстыратын орталық ашып, кәсібін дөңгелетіп отыр. Осындай басқа түскен сынақтан сынып кетпей, алға ұмтылатын азаматтардан неге үлгі алмасқа, олардың істерін неге насихаттамасқа?! Сүрініп барып тұрып кетудің өзі мықтылық емес пе?!
Сондай-ақ, мамандығы мен мүмкіндігі жоғары жандарға техниканы лизингке алуға да жағдай жасалған. Техника құнының тең жартысын мемлекет субсидия ретінде өз есебінен төлейді. Сонда жазасын өтеушілер техниканы жарты бағасына сатып алады. Түсінген адамға бұл да үлкен көмек. Бұл жерде тек әрекет керек!
Одан бөлек білім мекемелерімен түзілген ортақ меморандум шеңберінде кәсіптік оқыту мәселесі де қарастырылған. Онда жазасын өтеушілерге стипендия, оқу шығындары, іссапар шығындары толықтай мемлекет есебінен төленеді. Мұндай қолдау жұмыс берушінің қол астында оқитындарға да жасалады. Яғни жазасын өтеушілердің жұмыс істей жүріп кәсіби білім алу мүмкіндігі бар. Осы мүмкіндікті де тиімді пайдалануға болады.
Бұған қосымша үй жануарларын асыраймын дегендерге мемлекет есебінен жеңілдетілген 2,5 пайызбен несие беру, жаңа бизнес идеяларды іске асыруға 5 млн. теңге көлемінде қайтарымсыз гранттар беру де қарастырылған. Сол сияқты пробация есебінде тұрған, бас бостандығынан айыру мекемелерінен босатылған азаматтарға біржолғы өтемақы, созылмалы ауруға ұшырағандарға, мүгедектерге ай сайынғы, тоқсан сайынғы жәрдемақылар да беріледі.
Прокуратура осы мүмкіндіктерді алуда қандай да бір кедергілер кездессе, мемлекеттік немесе несие беру мекемелерінің лауазымды тұлғалары тарапынан қысым жасалса, жазасын өтеушілерге құқықтық қолдау көрсетуге, көмек беруге әрдайым дайын. Бұл жерде ақпараттық, насихат жұмыстарын жүйелі қолға алуға көңіл бөлу керек.
Сөз соңында айтарым, бір қателігі үшін өмірбаянына қара дақ түскен отандастарымызды шетке қағуға, саптан шығарып тастауға асықпайық! Жазасын өтеушілерді қолдауға бағытталған шаралардың сапалы, жедел, нақты жүзеге асуына атсалысайық!

Мұрат ТІЛЕУБЕРДИЕВ,
облыс прокуроры.
Пікір қалдырыңыз