60-ТАН АСА АУЫЛ ІШІМДІК САТУДАН БАС ТАРТТЫ

Жалпы, жиын барысында жедел желі мен әлеуметтік желі арқылы 100-ден астам сұрақ түсіп, барлығына сол мезетте жауап берілді.

Түркістан облыстық полиция департаментінің бастығы Мұрат Қабденов облыс тұрғындарына онлайн режимде есеп берді. Департаменттің ресми парақшасында жүргізілген тікелей эфирге 17 ауданның полиция басшылығы бейнеселектор арқылы қосылып отырды.

Мұрат Талапұлы өз баяндамасында: «Облыс бойынша 61 ауыл ішімдік сатудан бас тартты. Бұл арақсыз ауылдар құқық бұзушылық пен қылмыстың алдын алуда маңызды рөл атқарады. Аталмыш ауылдарда соңғы бірер жылда ешқандай қылмыс тіркелмеген. Осындай берекелі ауылдар өзгелерге үлгі болуы тиіс» екенін атап өтті.

Департамент бастығы «Заң мен тәртіп» қағидаты бойынша өңірде атқарылып жатқан профилактикалық жұмыстар мен ҚР ішкі істер министрі Е.Сәденовтің 2025 жылды «Профилактика жылы» деп белгілеуіне байланысты өткізіліп жатқан іс-шараларды тілге тиек етті. Оның айтуынша, өңірде қылмыс деңгейі төмендеген.

-Мәселен облыста тіркелген қылмыстық құқық бұзушылық саны былтыр 3,2 пайызға төмендеген. Ұрлық – 38,7 пайызға, мал ұрлығы – 43,7 пайызға кеміген. Пәтер ұрлығына қатысты 8, алаяқтық қылмыстар жасаған 23, мал ұрлаумен айналысқан 16 қылмыстық топ ұсталған, - деді департамент бастығы.

Жиында тұрғындар тарапынан тергеу саласына қатысты бірқатар сұрақтар қойылды. Сонымен қатар қоғамдық орындардағы қауіпсіздік, алаяқтық, мал ұрлығының алдын алу, патрульдік полицейлердің қызметі, бейнекамералар орнатуға қатысты түрлі сұрақтар келіп түсті. Жалпы, жиын барысында жедел желі мен әлеуметтік желі арқылы 100-ден астам сұрақ түсіп, барлығына сол мезетте жауап берілді.

Полиция басшысы криминогендік жағдайдың тұрақты болуы үшін жеке құрам алдағы уақытта да жұмыла іске кірісетінін жеткізді.

«Оңтүстік»-ақпарат.

Пікір қалдырыңыз