«Сөйлемей-ақ қоймадың ба, балам-ау...»

Әкеме сөз келтіріп ала жаздаған бір сәт...
Бүкіл қазақ елі қайғыра жоқтап жатқан Серік Пірәлиевтің отбасымен ертеден етене араласамыз. Менің анам Баян Адырбек Серік ағаның ұлдары Жомартқа, Ғалымға, Болатқа сабақ берген. Олардың сыйлы ұстазы болған. Сондай-ақ, София Арғынқызымен құрбы. Ал, Серік ағамыз әкемнің құрдасы еді. Сондықтан Секеңді әкемдей құрметтеп, сыйлап өстім.
Серік аға Қ.А.Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің президенті болып тұрған кезде осы оқу орнында екінші мамандық бойынша білім алдым. Қамқорлығын көп көрдім десем, артық айтқандық емес. Кейін Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетіне ректор болып ауысқан кезінде мені де қызметке шақырып, оқу бөлімін басқаруды тапсырды. Секеңнен көп тәлім алдым, жанашырлығын көрдім.
Секеңнің бір ерекшелігі, өзі басқарып отырған оқу орнының студенттеріне өз балаларындай қарайтын. Олардың жағдайына әрдайым алаңдап, қамқорлық танытатын. Біз де басшының осы ұстанымын үлгі тұтып, жастарға қолдау көрсетуге тырыстық. Ол студенттерге ғана емес, қарамағында қызмет ететін жас мамандарға да ерекше көңіл бөлетін. Оларды тасқа салып кетілдірмей, қайта асуға жұмсап жетілдіріп отыратын. 
Әлі есімде, 2012-2013 жылдары «Назарбаев университеті» ашылды. Сол кездегі министр жаңа университеттің тәжірибесін үйрену, жұмысымен танысу мақсатында еліміздегі жоғары оқу орындарының басшыларын Астанаға жинады. Секең сол жиынға мені жіберді. Шамасы, тәжірибе жинасын, іс үйренсін деген ойы болса керек. Жиынға бізден өзге университеттердің бәрінен бірінші басшылар, яғни ректорлар келген екен. Оның да өзіндік себебі бар. Өйткені, бұл – Мемлекет басшысының есімі берілген, шетелдік модель негізінде құрылған университет. «Шетелдің атақты ғалымдары бізге келіп сабақ береді. Ендігі жерде шетелдік оқу орындары бізден үйренетін болады...» деген үмітті сөздер сол кезде жиі айтылатын. Мұндай жағдайда оқу орындарының бірінші басшысы бармағанда қайтеді енді?!  Дегенде, жағымпаздық басым. Жағымпаздық басым дейтін себебім, барған бірінші басшылар бірінен кейін бірі шығып, ал кеп мақтасын, ал кеп мақтасын... Гу-гу...  
Сөз кезегі маған да келді. Елімізде жаңа үлгідегі, білім беру жүйесі өзгеше оқу орнының ашылғанын қолдап, құптай сөйледім. Бірақ, ойымды да жасырмадым: «Назарбаев университеті әлі маман шығарып үлгерген жоқ. Жұмысын енді ғана бастап жатыр. Олай болса, бұл университеттен қандай тәжірибе, қандай тағлым аламыз?» дедім. Бұл менің негізгі ойым еді. Жұрттың бәрі маған бажырайып қарады. Сөзімнің жағымпаздарға жақпағаны анық. Бірақ, шындық солай. Орта жастағы адамға тұсауы енді кесілген сәбиге қарап: «Сәбиден үйренейік» деуі күлкілі болмас па?! Сөзімді осындай әпсанамен тұздықтап та жібердім.
...Ертеңіне Секеңнің қабылдауында болдым. Мән-жайды айтуым керек. Іссапар нәтижесін баяндауым керек дегендей. Бәрін де есітіп отырса керек. Көңіл-күйі онша емес. «Сөйлемей-ақ қоймадың ба, балам-ау...» дегені. Мен қысылып қалдым. Қысылатын себебім де бар еді.
Әрине, мен өз пікірімді айттым. Жұрттың бәрі білмей жамырап жатыр деп ойлаппын. Кейін ойласам, Назарбаев университетінің әлі маман даярлап үлгермегенін ректорлардың бәрі де біледі екен. Бірақ, жағымпаздық дертінен асып кете алмай, асып кеткісі келмей, ел басшысына деген құрметті асыра дәріптеп, мақтау жарысына түскен екен ғой шешендер... Сосын менің сөзімді қайдан ұнатсын?! Тіпті, мені әкемдей қамқор басшыма жамандап та үлгереді. Бір жағынан, менікі де дұрыс емес. Өйткені, жиында жеке пікірімді айтқаныммен, мен ол жерге Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетінің атынан барып отырмын. Демек, айтқан сөзім сол оқу орнының ұстанымы ретінде қабылданады. Жастықпен осыны ескермеппін. Оның үстіне университетті әкемдей қамқорлық танытқан, жоғары мектептің білікті басшысы Секең басқарып отыр. Мені Секеңе жамандаған басшылар оның өзін де жамандап, жоғарыға жеткізуі мүмкін еді. Ал, ол кісі сөзі өтімді, беделі жоғары жан. Мен осылай әкеме сөз келтіріп ала жаздадым.
Бүгінде дүйім жұртты жылатып дүниеден өткен Серік Жайлауұлы Пірәлиевтің жарқын жүзін көз алдыма елестетсем, «Сөйлемей-ақ қоймадың ба, балам-ау...» деген сол сөзі еріксіз есіме түседі. Әкемді ұятқа қалдыра жаздаппын-ау деп қысыламын. Ал, ол кісіден көрген қамқорлығым мен алған тәлімім өте көп.

Шыңғыс ЕРГӨБЕК,
заң ғылымдарының кандидаты,
 профессор.
Пікір қалдырыңыз