Отырардың ой қуған перзенті
Екі мыңыншы жылдары профессор Дандай Ысқақ Алматыдағы әйгілі жоғары оқу орындарында дәріс беретін. Бертін келе Сүлеймен Демирел атындағы университетте басшылық қызметтер атқарды. Жауапты қызметте жүріп, бос уақыты бола қалса Ұлттық кітапханадағы ғалымдар залынан табылатын. Дандай ағамыз бар қуатын, күш-жігерін ғылыми ізденістерге бағыттады. Соның нәтижесінде қаншама монографиялық зерттеу еңбектер мен ғылыми кітаптары жарыққа шықты. «Әдеби көркем сын», «Сын шын болсын», «Сын жанрлары», «Сын өнері», «Сынсонар», «Сын сымбаты», «Сынталқы», «Қазақ әдеби сынының тарихы» атты екі томдығы, «Әдеби сын тарихы», «Әдебиет өрнектері», «Әдебиет алыптары», «Әдебиет айдынында», «Рухани толғамдар», «Сөз – әлем әміршісі немесе рухани күш-қуаттың қайнар көзі», «Өмір дүние дегенің» деп аталатын еңбектері осынау үздіксіз ізденісінің жемісі.
Дандай Ысқақұлы ұлттық әдебиеттану ғылымындағы энциклопедиялық және академиялық басылымдарды дайындауға да атсалысты. Атап айтқанда, он екі томдық «Қазақ Совет энциклопедиясы», төрт томдық «Қазақ КСР, Қысқаша энциклопедия», «Қазақстан. Ұлттық энциклопедия», «Қысқаша әдеби энциклопедия», «Түркістан», «Қазақ әдебиеті», «Абай», «Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы», «Сұлтанмахмұт Торайғыров» энциклопедиялары, академиялық «Стиль сыры», «Дәстүр және жаңашылдық», «Көкейкесті әдебиеттану», «Қазақ әдебиеті тарихының қысқаша курсы», «Әдебиет теориясы», көптомдық «Қазақ әдебиетінің тарихы», екі томдық «Қазақ әдебиеттану ғылымының тарихы», «Қазақтың жүз романы», «Қазақ әдебиеттанушылары» сынды іргелі еңбектерді жазуға қатысып, қазақ әдебиеттану ғылымына сүбелі үлес қосты.
Ғалымның зерттеушілік ізденісінің негізгі арнасы – қазақ әдеби сынының теориясы мен тарихы. Дандай Ысқақұлы әдеби сынның табиғатын, оның әдіснамасы мен әдістерін, әдеби көркемдік процестегі орны мен атқаратын қызметін, принциптерін арнайы зерттеп, алғаш рет ғылыми тұрғыдан жүйелеп, қазақ әдебиеттану ғылымындағы сынтану бағытының қалыптасуына елеулі үлес қосып келеді. «Әдеби сын – аса күрделі құбылыс. Ол күллі әлеуметтік-мәдени-ғылыми аренада қызмет жасайтындықтан да оның әдеби, ғылыми, публицистикалық, әлеуметтік сипаты бар» дейді сыншы-ғалым «Сынталқы» еңбегінде. Осынау еңбектерді оқу барысында әдеби сынның зерттеушілік, бағалаушылық, ұйымдастырушылық, тәрбиелік, оқытушылық, үгіт-насихатшылық қызметтері болатынын ұғынасыз. Ал, принцип тұрғысынан келгенде сынның идеялығы, шыншылдығы өмірмен сабақтастығы, ғылымилығы, тарихилығы, тиімділігі сияқты сипатынан хабардар боламыз. Сондай-ақ, әдеби сынды лингвистикалық, әлеуметтік, эстетикалық деп іштей жіктеп, сыншы сыны, жазушы сыны, оқырман сыны, әдеби хабар, аннотация, рецензия, шығармашылық портрет, мақала, әдеби шолу, эссе, эпиграмма, пародия деп жүйелей бөліп, сараптаулар жасауы зерттеушінің үздіксіз ізденісінің нәтижесін танытады.
Көрнекті ғалым әдеби сынмен ғана шектелмей, қазақ әдебиетінің тарихы, Алаш қайраткерлерінің мұрасы, Мұхтар Әуезов шығармашылығы, әдебиеттану ғылымының қалыптасуы, ұлттық руханият пен түрік дүниесіне қатысты мәселелерді де зерделеді. Ол ХХ ғасыр басындағы эстет ақын Мағжан Жұмабаев туралы «Қазақ елі, бір ауыз сөзім саған!», «Мағжан – поэзия падишасы», «Мұхтар Әуезов. Талант пен тағдыр» секілді еңбектер жазып, Алаш тұлғаларының қазақ поэзиясы мен әдеби сыны тарихындағы орнын айқындады. Ал, С.Мұқанов, Ғ.Мүсірепов, М.Көпеев туралы еңбектері оқырманның эстетикалық талғамын тәрбиелейтіні анық.
Ғалым ХІХ ғасырдың екінші жартысында Қаратау өңірінде өмір сүрген Майлықожа, Мәделіқожа, Құлыншақ секілді халық ақындарының шығармашылығына да ғылыми тұжырым жасаған.
Жалпы, Дандай Ысқақұлының қай еңбегін алсақ та қызықты, тарихи, әдеби деректерге толы, Алаш тұлғаларының мұрасы мен әдеби процестің бүгінгі даму арналарын кеңінен қамти саралаған танымдық, эстетикалық ойларға бай зерттеулері оқырманын риясыз ойландырады. Білікті ғалым – әдеби сынның жанрлық табиғатын, көркем шығарманы бағалау өлшемдерін, сыншының жауапкершілігі мен сынның әдеби үдерістегі орнын жүйелі зерттеген санаулы зерттеушілердің бірі. Және ескеретін жайт, оның еңбектерінде әдебиет қоғамдық ой мен ұлттық сананың маңызды бөлігі ретінде қарастырылады.
Филология ғылымдарының докторы, профессор Дандай Ысқақұлының тағы бір қыры – ұстаздарына деген адалдығы.
Ол – ҚР ҰҒА академигі Рахманқұл Бердібайдың шәкірті. Дандай Ысқақұлының бойындағы сарқылмас қажыр-қайраттың, қарапайымдылықтың бір ұшы, ұлағатты ұстазымен жалғасып жатқандай. «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған «Ұлтының сөзін сөйлеген» деген мақаласында ол «Р.Бердібай сарабдал сыншы, зерделі зерттеуші болумен бірге азамат ретінде қазақ қоғамында орын алып келе жатқан түрлі рухани кеселдерге қарсы аяусыз күрес жүргізді» дейді. Ұлағатты ұстазы, академик Рахманқұл Бердібайдың азаматтық-қайраткерлік жолын шәкірті Дандай Ысқақұлы абыроймен жалғастырып келе жатыр деп айтуымызға толық негіз бар.
Бүгінгі таңда профессор Дандай Ысқақұлы Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетіндегі Абайтану орталығында қызмет атқарады. Оның YouTube желісінде Абайтану іліміне қатысты бірнеше онлайн дәрістері бар.
Ұлттық сана биігінде сөз сөйлеп, ұлтымызға қажетті дүниелерге бар қуатын сарқып, қарапайымдылық қасиеттен бір сәт те айнымаған ғалымның елге еткен еңбегі ересен.
Анар ЖАППАРҚҰЛОВА,
Әл-Фараби атындағы қалалық ғылыми-әмбебап кітапхана директоры,
филология ғылымдарының кандидаты.