Кәсіпкерлер кең отырып кеңесті
Гүлдана АЙХОДЖАЕВА,
«Оңтүстік Қазақстан».
Таяуда Түлкібас ауданындағы Ардагерлер үйінде кәсіпкерлердің басқосуы өтті. Кездесуде өзара ынтымақтастықты нығайту, кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау шаралары және ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына бағытталған маңызды мәселелер талқыланды.
Басқосу барысында Састөбе инновациялық кешенінің директоры Естемес Болат, сондай-ақ кәсіпкерлер Сәтбай Қасымбекұлы, Қайрат Райымқанұлы, Нұржамал Қырғыз-
әлиева, Мұхтарәлі Ибраймов, Бауыржан Төлепберген және Балқыбек Өсербайұлы сөз сөйлеп, кәсіпкерлік саласына қатысты өз пікірлерін білдірді.
Іс-шара барысында Түркістан облысының өнеркәсіп және индустриялық-инновациялық даму, кәсіпкерлік және сауда, туризм, ауыл шаруашылығы басқармаларының, сондай-ақ «TURKISTAN» кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы мен «Ырыс» МҚҰ» ЖШС-нің мамандары арнайы қатысып, кәсіпкерлерге өз бағыттары бойынша кеңес берді.
Мамандар кәсіпкерлікке қатысты туындаған кез келген мәселе бойынша облыстық басқармаларға жүгінуге болатынын атап өтті. Сонымен қатар кәсіпкерлерге субсидиялар мен мемлекеттік қолдау шараларын алу, жеңілдіктерді қарастыру және қажетті құжаттарды ресімдеу бойынша көмек көрсетілетіні айтылды. Жиын барысында ауыл шаруашылығы, балық шаруашылығы және басқа да кәсіпкерлік бағыттарға қатысты мәселелер көтерілді.
Бизнесмендер өз салаларында кездесіп отырған кейбір мәселелерді де ортаға салды, алдағы уақытта атқарылатын жұмыстар жөнінде ой бөлісті. Ал, Нұржамал Қырғызәлиева 2015 жылы құрылған Іскер әйелдер кеңесінің жұмысына тоқталды. Кеңестің басты мақсаты – әйелдер кәсіпкерлігін дамытуға қолдау көрсету, кәсіп бастауға ниетті әйелдерге бағыт-бағдар беру және олардың өз кәсібін дамытуына жағдай жасау. Балқыбек Өсербайұлы балық шаруашылығы жөнінде сөз қозғап, осы салаға қатысты мәселелерді ортаға салды. Сонымен қатар кәсіпкерлер тарапынан ауыл шаруашылығы мен кәсіпкерліктің басқа да бағыттарына байланысты ұсыныстар айтылды.
Жиынды аудан әкімі Асқар Естібаев қорытып, кәсіпкерліктің бүгінгі таңдағы маңызына тоқталды.
Іскерлік – ел экономикасының негізгі күштерінің бірі. Сондықтан олардың бастамаларын қолдау және мәселелерін шешуге ықпал ету – маңызды бағыттардың бірі.
Кәсіпкерлер басқосуында көтерілген мәселелер мен айтылған ұсыныстар алдағы уақытта бизнес саласын дамытуға септігін тигізері анық.
Түлкібас ауданы.