Қаржыға қол жеткізу жеңілдей түсті

Ақмерей Шырынбекова,
«Оңтүстік Қазақстан».

Шағын бизнеске мемлекеттік қолдау көрсетудің тәртібі жаңарды. Енді кәсіпкерлер «Іскер аймақ» бағдарламасы бойынша қаржыландыру алу үшін «Даму» қорының серіктес екінші деңгейлі банкіне немесе лизингтік компаниясына тікелей өтінім бере алады. Өзгерістер Үкіметтің 2026 жылғы 18 тамыздағы №729 қаулысымен бекітіліп, 31 тамыздан бастап күшіне енді.
«Іскер аймақ» микрокәсіпкерлік пен шағын бизнес субъектілерін, ауыл шаруашылығы кооперативтері мен әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілерін қолдауға бағытталған. Бағдарлама аясында алынған қаржыны инвестициялық мақсаттарға және айналым қаражатын толықтыруға пайдалануға болады.
Жаңартылған талап бойынша несие сомасы 200 млн. теңгеге дейін жетеді. Субсидиялау мерзімі үш жылға дейін белгіленген. Сый-ақы мөлшерлемесінің 40 пайызы субсидияланады. Бұл ретте кәсіпкер төлейтін мөлшерлеме 12,6 пайыздан төмен болмайды. Әлеуметтік кәсіпкерлер үшін субсидиялау үлесі 50 пайызды құрайды.
Бағдарламаға қатысу тәртібі де нақтыланды. Кәсіпкер алдымен «Даму» қорының серіктес банкіне немесе лизингтік компаниясына қаржыландыруға өтінім береді. Қаржы ұйымы жобаны мақұлдағаннан кейін құжаттар субсидия беру туралы шешім қабылдау үшін қорға жолданады. «Даму» қоры жобаны бес жұмыс күні ішінде қарайды. Оң шешім қабылданған жағдайда қор, қаржы ұйымы және кәсіпкер арасында үшжақты шарт жасалады. Ал, субсидия беруден бас тартылған жағдайда кәсіпкер бұл шешімге әкімшілік немесе сот тәртібімен шағымдана алады.
Өзгерістердің бірі инвестициялық жобаларды іске асыру мерзіміне қатысты. Енді жоба 18 ай ішінде жүзеге асырылуы тиіс. Кәсіпкерге байланысты емес техникалық, экономикалық немесе өндірістік қиындықтар туындаса, бұл мерзімді тағы алты айға ұзартуға мүмкіндік бар. Сонымен бірге бағдарламада инвестициялық жобалар бойынша отандық тауар өндірушілерді қолдауға бағытталған талаптар қарастырылған.
Мемлекеттік қолдаудың кәсіпкерлерге қолжетімділігін арттыруда мобильді фронт-офистердің де маңызы зор. Олар шалғайдағы елді мекендерге барып, кәсіпкерлерге бизнесті ашу, жүргізу және қаржыландыруға қатысты тегін ақпараттық-консультациялық қызмет көрсетеді. Мұндай көшпелі кеңес беру орындары кәсіпкердің облыс орталығына бармай-ақ қажетті ақпарат алуына мүмкіндік береді.
2026 жылғы 17 тамыздағы мәлімет бойынша, мобильді фронт-
офистер Астана, Алматы және Шымкент қалаларын қоспағанда, еліміздің барлық 17 өңірінде жұмыс істеген. Жоба іске қосылғаннан бері 2 439 кәсіпкерлік субъектісіне 2 657 консультация берілген. Оның ішінде біздің облыста 252 консультация өткізілген. Көшпелі топтар 80-ге жуық аудан орталығын қамтыған.
Кәсіпкерлердің сұранысы да нақты бағыттарды көрсетіп отыр. Мобильді фронт-офистер арқылы «Бәйтерек» холдингінің Бірыңғай фронт-офисі ұсынатын бағдарламалар мен өнімдерге 721 өтініш түскен. «Іскер аймақ» субсидиялау бағдарламасына 593 өтініш берілген. Бұдан бөлек, Кепілдік қорының құралдарына – 480, «Өрлеу» бағдарламасы бойынша жеңілдетілген кредиттеуге 329 өтініш түскен. Ішкі сауда субъектілерін қолдау шараларына қатысты 177 өтініш тіркелген.
Мобильді фронт-офистердің жұмысына «Даму» қорының мамандарымен бірге әкімдік, банктер, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы, «Аграрлық несие корпорациясы», «ҚазАгроҚаржы» және консалтингтік компаниялардың өкілдері қатысады. Осылайша кәсіпкерлер мемлекеттік қолдаудың бірнеше тетігі бойынша қажетті ақпаратты бір жерден ала алады.
Жаңартылған «Іскер аймақ» бағдарламасы мен мобильді фронт-офистердің жұмысы бір мақсатқа – шағын бизнес үшін мемлекеттік қолдау шараларын қолжетімді етуге бағытталған. Кәсіпкер үшін маңыздысы – қажетті ақпаратты алыстан іздемей, өзіне жақын жерден алу және қаржыландыруға өтінім беру мүмкіндігінің болуы. Ал, жаңа талаптар бизнесті қаржыландыру тәртібін нақтылап, қолдау құралдарын пайдалануға жол ашып отыр.

Пікір қалдырыңыз