Бизнеске жағдай жасау – басты назарда
Шекара маңындағы өңірлердің экономикалық белсенділігін дамытуда кәсіпкерлікке қолайлы жағдай қалыптастырудың маңызы зор. Осы бағыттағы мүмкіндіктерді зерделеу мақсатында өңірде Біріккен Ұлттар Ұйымының Орталық Азиядағы шекараларды басқаруға жәрдемдесу бағдарламасы аясында кеңес отырысы өтті.
Халықаралық сарапшылар сапар барысында өңірдегі кәсіпкерлік ортаның жай-күйімен, бизнес жүргізуге жасалған жағдайлармен және инвестициялық мүмкіндіктермен танысты. Кездесулер кезінде шекара маңындағы аумақтарда кәсіпкерлікті дамыту, бизнес өкілдерінің қажеттіліктерін анықтау және қолдау тетіктерін жетілдіру мәселелері талқыланды.
Сарапшылар облыстың кәсіпкерлік, сауда, экономика және бюджеттік жоспарлау басқармаларының, «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасының, «TÚRKISTAN» кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығының, арнайы экономикалық және индустриялық аймақтардың, «TURKISTAN INVEST» ЖШС мен «Даму» қорының өкілдерімен кездесті. Әңгіме барысында кәсіпкерлерге көрсетілетін қолдау шаралары мен инвестициялық жобаларды жүзеге асыру мүмкіндіктері қарастырылды.
Сапар барысында халықаралық сарапшылар өңірдің мәдени-туристік нысандарын аралап, жергілікті кәсіпкерлікпен де танысты. Олар Қ.А.Ясауи кесенесі, «Ұлы Дала Елі» музейі, қолөнершілер орталығы және «Керуен Сарай» туристік кешенін көрді. Бұдан бөлек, Ордабасы, Қазығұрт аудандары мен Сарыағаш қаласында болып, жергілікті кәсіпорындар мен сауда нысандарының жұмысымен танысты.
Айта кетейік, сапардың негізгі мақсаты – шекара маңындағы өңірлерде кәсіпкерлікті дамытуға жасалған жағдайларды зерделеп, бизнес бастамаларды қолдаудың тиімді тетіктерін қарастыру болатын. Сонымен бірге жергілікті кәсіпкерлердің қажеттіліктерін анықтап, қолданыстағы қолдау шараларын жетілдіру жолдары талқыланды.
Түркістан облыстық өңірлік коммуникациялар қызметі.