Темірде термопанель өндіріледі

Отырар ауданында шағын өндірістердің қатары көбейіп, жергілікті кәсіпкерлер жаңа жобаларды қолға алуда. Соның бірі – Темір ауылдық округінде іске қосылған термопанель өндіру цехы. 
Кәсіпорын жұмысын былтыр бастаған. Жалпы аумағы 140 шаршы метрді құрайтын цех айына 800-900 шаршы метр термопанель шығаруға қауқарлы. Бүгінде мұнда 6 тұрғын тұрақты жұмыспен қамтылған. Өндіріс жергілікті кәсіпкерлердің бастамасымен іске қосылыпты. Қажетті материалдық-техникалық базаны қалыптастыруға 10 млн. теңге көлемінде жеке қаражат салынған.
Кәсіп иелері мемлекеттік қолдауды да тиімді пайдаланып отыр. «Бастау Бизнес» жобасы аясында 1,57 млн. теңге көлемінде грант иеленіп, оған қажетті құрал-жабдықтар сатып алынған. Бұл кәсіпкерлерге өндірісті бастап, оны біртіндеп дамытуға мүмкіндік берді.
Термопанель – құрылыс саласында кеңінен қолданылатын заманауи материал. Цех өнімдері негізінен Отырар ауданы аумағында өткізіліп, жергілікті сұранысты өтеуге үлес қосып келеді. Кәсіпкерлер өндірісті бір ғана өніммен шектемей, сұранысқа ие басқа да құрылыс материалдарын шығаруды қолға алған. Қазір мұнда темірбетон сақиналары мен шлакоблоктар да өндіріледі.
Алдағы уақытта кәсіпкерлер өндіріс көлемін арттырып, өнім түрлерін көбейтуді жоспарлап отыр. Бұл өз кезегінде жергілікті құрылыс материалдарының қолжетімділігін арттырып, жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді.                       
Пікір қалдырыңыз