Футбол мен бизнес

Ерболат АЙНАБЕКОВ,
«Оңтүстік Қазақстан».

Қазақстан футболындағы жекешелендіру толқыны тек спорттық жаңалық емес, мемлекеттік деңгейдегі стратегиялық бетбұрысқа айналды. 2025 жылғы 8 қыркүйектегі халыққа арнаған дәстүрлі Жолдауында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев футбол клубтарын жеке қолға беру мәселесіне арнайы тоқталып, мәлімдеме жасаған-ды. Мемлекет басшысы елдегі төрт бірдей команданың ірі бизнес өкілдерінің меншігіне өткенін атап өтіп, бұл салада коммерцияландырусыз сапалы серпіліс жасау мүмкін емес екенін баса айтты. Футболды өз жауапкершілігіне алған меценаттарға ризашылық білдірген президент, сонымен бірге атқарылған жұмыстардың әлі де жеткіліксіз екенін ескертіп, бұл бағыттағы реформаларды күшейтуді тапсырды.
Шын мәнінде, 2025 жылдың күзінен басталған бұл үдеріс отандық спорт нарығындағы үлкен бетбұрыстың басы болды. Елдегі ең беделді Forbes тізіміндегі миллионерлер мен ірі корпорациялар бірінен соң бірі футбол клубтарын өз басқаруына ала бастады.
Қызылордалық «Қайсарға» TAU Group иесі Исламғали Қозыбақов (жылдық табысы – 12 млрд. теңге), петропавлдық «Қызылжарға» Орталық Азия электр-энергетикалық корпорациясының тең иесі Сергей Кан (жылына кемінде 1 млрд. теңге), астаналық «Жеңіске» Kaspi.kz акционері Михаил Ломтадзе (16 млрд. теңге), ал, қарағандылық «Шахтерге» аукцион арқылы Тимур Турловтың құрылымдары (18,5 млрд. теңге) ие болды. Бұған қоса, «Ақтөбеге» Qazaq Stroy иесі Нұрлан Артықбаев иелік ететіні белгілі болды. 
Бұл реформадан елдің оңтүстік өңірлері де тыс қалған жоқ. Шымкенттің «Ордабасы» клубы толығымен жеке басқаруға өтіп, оның құрылтайшысы «Integra Construction KZ» ЖШС иесі Шахмұрат Мүтәліп болды. Ал, Түркістанның «Тұранын» белгілі кәсіпкер, «Ordabasy Group» компаниялар тобының негізін қалаушы Дінмұхаммед Ыдырысов өз меншігіне алды.
Президент атап өткендей, футболға коммерциялық серпін қажет. Бірақ, қаржылық тұрғыдан алғанда пайда әкелмейтін, ин­фрақұрылымы тозған, толықтай дерлік субсидияға байланған клубтарға миллиардтар құюдың түпкі сыры неде?

Коммерция ма, әлде «әлеуметтік салық па»?
Еуропада футбол – миллиондаған табыс әкелетін алып индустрия. Онда клубтар хабар тарату құқығынан (трансляция), трансферлерден, мерчендайзинг пен матч күнгі түсімнен пайда табады. Қазақстанда мұндай модель әлі қалыптасқан жоқ. Қазіргі таңда Қазақстан премьер-лигасы мен өзге де дивизиондардағы 32 клубтың тек саусақпен санарлығы ғана («Қайрат», «Астана», «Тобыл», «Елімай») еурокубоктарға қатысып, УЕФА-дан нақты қаржылық бонус ала алады. Қалғандары үшін бұл – таза шығын. Қаржыгер сарапшылардың пікірінше, бүгінгі экономикалық ахуалда отандық футболға ақша салу – инвестиция емес, қайтарымсыз шығын.
Сонда бизнесмендерді экономикалық қайтарымы күмәнді салаға не айдап келді деген заңды сұрақ туындайды. Ең алдымен, мұнда саяси астар мен әлеуметтік жауапкершілік жатыр. Өңірлердегі әкімдіктер үшін футбол клубтарын ұстап тұру жергілікті бюджетке қашан да ауыр жүк болғандықтан, ірі кәсіпкерлердің бұл саланы өз мойнына алуы билікпен тиімді диалог орнатудың әрі өңірлік беделді арттырудың бейресми құралына айналды. Мұны кәсіпкерлердің географиялық таңдауынан да байқауға болады. Мәселен, Сергей Канның негізгі бизнес мүддесі Солтүстік Қазақстанда шоғырланса, Нұрлан Артықбаев – Ақтөбе өңірінің төл перзенті. Ал, Шымкент пен Ақтөбе сияқты қалалар – стадиондары лық толатын, жанкүйерлік мәдениеті жоғары аймақтар болғандықтан, мұндағы клубтарды басқару инвестордың халық арасындағы беделін еселей түседі.
Бұдан бөлек, Михаил Ломтадзе мен Тимур Турлов сияқты медиа-магнаттар үшін футбол – жас аудиториямен тығыз байланыс орнатуға мүмкіндік беретін стратегиялық алаң болмақ. Өз экожүйелерін дамытып жатқан кәсіпкерлер бұқаралық спорт арқылы миллиондаған жас тұтынушының сеніміне жол табады. Осылайша табыс әкелмейтін футбол клубтары бизнесмендер үшін имидждік, саяси және маркетингтік капитал жинаудың бірегей құралы болып тұр.

Жүйелік өзгеріс пе, әлде уақытша импульс пе?
Басқару жүйесінің өзгеруі – бұл үдерістің ең басты оң нәтижесі. Қазақстан футбол лигасының (QFL) басшылығы атап өткендей, клубтарға бюджет қаржысын шашатын мемлекеттік шенеуніктер емес, әр тиынның есебін білетін кәсіби менеджерлер келеді. Себебі, жеке инвестордың мүддесі – ақшаны құрдан-құр шашу емес, нақты нәтижеге қол жеткізу.
Бұл модельдің тиімділігін Шымкенттің «Ордабасы» клубының қазіргі жетістіктерінен анық байқауға болады. Жеке инвестордың келуімен клубтағы селекциялық саясат түбегейлі өзгерді. Бұрынғыдай бюджет ақшасына күн көретін сапасыз легионерлердің дәуірі аяқталып, алаңда жүріп нәтиже көрсететін жоғары деңгейлі футболшылар шақырылмақ. «Ордабасы» қазір турнирлік кестеде 1-орынға шығып, ел чемпионатының көшін бастап келеді, ал, Шымкент стадионға жанкүйер жинау көрсеткіші бойынша республикадағы ең жоғары орындардан көрінуде.
Мұндай өзгерістер жеке инвестор келген өзге клубтарда да орын алуы тиіс. Жарияланған миллиардтаған инвестициялар – клубтарды 5-7 жылдық даму рельсіне қоюға жететін капитал. Бұл қаржы тек негізгі құрамның жеңісіне ғана емес, іргетасты (академия, жылытылатын алаңдар, базалар) қалауға жұмсалғанда ғана реформа тұрақты болады.

Қандай нәтиже күтеміз?
Қазақстанда жеке футбол клубын құрудың және оны бизнеске айналдырудың жалғыз сәтті мысалы – Алматының «Қайраты». Кәсіпкер Қайрат Боранбаев 2011 жылы банкроттық шегінде тұрған, қарызға батқан клубты өз меншігіне алып, оны жүйелі академиясы бар дербес ұйымға айналдырды.
«Қайраттың» тәжірибесі несімен құнды дегенге келсек, бұл жерде ең алдымен бірыңғай жүйе жұмыс істейді. Жаттықтырушылар ауысқанымен, академиядан негізгі құрамға дейінгі дайындық философиясы өзгермейді. Сондай-ақ, қымбат легионерлерден бас тартып, өз түлектерін тәрбиелеп шығару және оларды сату арқылы табыс табу моделі жолға қойылған. Бұған қоса, УЕФА турнирлерінің топтық кезеңіне өту арқылы түсетін қаржы (мысалы, Лига конференциясындағы 6 миллион еуродан астам) клубтың ішкі чемпионаттағы жылдық бюджетін толық жаба алады. Бұл футболды бизнеске айналдыруға болатынын дәлелдегенімен, ол үшін кемінде 10 жылдық сабырлық пен инфрақұрылымға салынған орасан капитал керек.
Мемлекет басшысы атап өткендей, басталған қадамдар әлі де жеткіліксіз, ал, жеке капиталдың келуі – бірден жеңіс әкелмейді. Инвесторлар ең әуелі «нөлден» бастап тұрақты басқару жүйесін құруы тиіс. Мемлекет пен әкімдіктер бұл процесті «жауапкершіліктен құтылу» деп ұғынбай, инвесторларға жер мен инфрақұрылымдық жеңілдіктер беру арқылы қолдау көрсеткенде ғана, бұл толқын уақытша науқан емес, нағыз реформаға айналмақ. Ал, әзірге қазақ футболы миллионерлердің сенімі мен сабырлығын сынайтын үлкен майданға айналып тұр.
Пікір қалдырыңыз