Жүлде көп, жеңіс аз

Ерболат АЙНАБЕКОВ,
«Оңтүстік Қазақстан».

Қазақстан спортшылары 2026 жылғы Азия ойындарын 84 медальмен аяқтап, жалпыкомандалық есепте сегізінші орын алды. Дегенмен, бар болғаны 12 алтын жүлде еншілеген ұлттық құраманың нәтижесіне қатысты көкейде көптеген сұрақ бар. Бүгін сол жөнінде әңгіме өрбітеміз.
Жүлделердің жалпы санына ғана қарайтын болсақ, 84 медаль жаман нәтиже емес сияқты. Біздің спортшылар 12 алтын, 24 күміс және 48 қола медаль еншіледі. Алайда, бұл көрсеткіш Азия аймағындағы барлық елдердің арасында тек сегізінші орынға табан тіреуге ғана жетті. Салыстыру үшін айтсақ, кестеде жоғары орналасқан Иран мен Таиланд бар-жоғы 52 медальдан жинағанымен, сәйкесінше 19 және 18 алтын иеленген. Ал, Өзбекстан жалпы 70 жүлде жеңіп алса, оның 21-і алтын жүлде. Кестеде Қазақстан мен Таиланд жалпы есепте көрші тұрғанымен, араларында 6 алтын медаль айырмашылық бар. Ал, тоғызыншы және оныншы орындарға жайғасқан Гонконг пен Бахрейн Қазақстаннан бар-жоғы бір алтынға ғана артта қалған. Демек, біздің құрама «нашарлардың ішіндегі үздігі» болып шықты. Өйткені алдыңғы топ едәуір ұзап кеткен, ал, соңымыздан қуғандар тақау тұр.
Енді осының бәрін Қазақстанның бұған дейінгі Азия ойындарындағы нәтижелерімен салыстырып көрелік. 2014 жылы Инчхонда ұлттық құрама тура осы 84 медальды жеңіп алған еді. Бірақ, оның 28-і алтын болып, Азиаданы төртінші орында аяқтауға мүмкіндік берген. Арада 12 жыл өткен соң жүлде саны өзгеріссіз қалғанымен, алтын медаль саны мүлдем азайып кетті. 2018 жылы біздің атлеттер 15 алтын жүлде алып, тоғызыншы орынға тұрақтаса, Ханчжоудағы өткен Азиада 10 алтын медальмен 11-орынды қанағат тұтқан еді. Сондықтан, соңғы бірнеше Азиадамен салыстырғанда, кем дегенде жалпы медаль есебінде ілгерілеу бар. Бірақ, сәтсіздіктен кейін сәл де болса жақсарғанды «жақсы нәтиже көрсетті» деуге келмейді ғой.
Енді ұлттық құраманың нәтижесін Орталық Азиядағы басты бәсекелесіміз – Өзбекстанмен салыстырып көрейік. Жапонияда өзбекстандықтар медальді бізден аз алғанымен (70 жүлде), алтынды екі есе көп жеңіп (21 алтын), Азиаданы бесінші орында аяқтады. Бұл – олар үшін құрлықтық ойындардағы қатарынан үшінші рет иеленген бесінші орын. Салыстырмалы түрде айтсақ, 2014 жылы жағдай мүлдем басқаша еді. Жалпы 28 алтын жүлдесі бар Қазақстан төртінші орынға тұрса, 9 алтын жүлде иеленген бар Өзбекстан 11-орында болатын. Содан бері Өзбекстан тұрақты түрде үздік бес елдің қатарынан көрініп келеді. Ал, Қазақстан үздік ондықтың шетінде жүр, тіпті кейде оған да іліге алмай жатады.
Әрине, Қазақстан Жапониядан мүлдем жетістіксіз қайтты деуге болмайды. Алексей Луценко бірден екі веложарыста жеңіске жетіп, 6 алтын медальмен жазғы Азиадалар тарихындағы ең көп жүлде иеленген қазақстандық спортшы атанды. Семсерлесуден ерлер құрамасы Азия және Әлем чемпионаттарындағы жеңістерінен кейін Азия ойындарының да алтын жүлдесін қоржынға салды. Алексей Чуркин жұлқа көтеруде 173 келіні бағындырып, әлем рекордын орнатқанымен, қоссайыста күміс жүлде алды. Боксшылар арасында Төрехан Сабырхан мен Айбек Оралбай Қазақстан 12 жыл күткен алтын жүлдені қоржынға салды. Біздің боксшылар соңғы рет Азия ойындарында осыдан 12 жыл бұрын алтын жүлде иеленген еді. Академиялық есу мен таэквондодан ел тарихындағы алғашқы алтын жүлделер де осы ойындарда қоржынға түсті.
Дегенмен, Азиада Қазақстан үшін бірден екі жағымсыз жанжалмен есте қалды. Ясмина Тоқсанбаева 42,195 шақырымдық марафонда спорттық жүріс бойынша чемпион атанған еді. Финишке жеткен соң оның киген аяқ киім моделі World Athletics рұқсат берген тізімде жоқ екені белгілі болды. Соның салдарынан қазақстандық спортшының нәтижесі жойылып, құрамамыз алтын жүлдесінен айырылды. Мұндағы ең таңғаларлық жайт, аяқ киімге қойылатын талаптар көктемде жаңартылып, ұлттық федерацияларға жіберілген. Спортшының өзі, оның командасы және дайындыққа жауапты тұлғалар спорттың бұл түріндегі іс жүзіндегі жалғыз экипировканы қалайша тексермегені үлкен сұрақ. Бұл әуесқойлардың жарысы емес, Азия oйындары ғой. Ал, осындай қателіктің кесірінен Ясмина Тоқсанбаева өз мансабындағы ең басты жетістіктердің бірінен айырылып қалды.
Тағы бір жанжал жеңіл атлет Аяна Болатбекқызына қатысты болды. Азиада кезінде одан алынған сынамадан тыйым салынған заттарға жататын дростанолон метаболиті табылып, жарыстан шеттетілді. Қазақстанның жалпы нәтижесіне бұл оқиға қатты әсер еткен жоқ. Аяна Болатбекқызы 1500 метрге жүгіруде мәреге оныншы, ал, 800 метр қашықтықта 12-орын алған-тын. Мұнда маңыздысы – елдің беделі. Басты құрлықтық ойындарда қазақстандық спортшының допинг-сынамасы оң нәтиже беріп, жарыстан шеттетілуі – ол медальға үміткер болсын-болмасын ұятты оқиға.
Құрлықтың басты спорт додасында ел намысын қорғаған Түркістан облысының спортшылары жоғары нәтиже көрсетіп, Қазақстан құрамасының қоржынына елеулі үлес қосты. Өңірден 35 атлет спорттың 14 түрінен сынға түсіп, 1 алтын, 3 күміс және 3 қола медаль иеленді.
Атап айтқанда, академиялық есуден ерлер арасындағы қос қайық (M2−) жарысында Қазақстан ұлттық құрамасы сапында өнер көрсеткен Владислав Яковлев пен Иван Чернухин алтын медаль жеңіп алды. Ал, байдарка мен каноэде есуден сынға түскен Ольга Шмелёва екі бағдарлама бойынша күміс және қола жүлдеге қол жеткізді. Каратэден Әсел Қанай күміс медаль иеленсе, командалық сында дзюдодан Айдар Арапов күміс медаль еншіледі. Еркін күрес шебері Едіге Қасымбек пен әйелдер күресінен Нилуфар Раимова қола жүлдегер атанды. Осылайша, Түркістан облысының спортшылары халықаралық аренада шеберліктерін дәлелдеп, өңір спортының жетістіктерін толықтырды. Өткен Азия ойындарымен салыстырғанда нәтиже де жақсарған. Қытайдың Ханчжоу қаласында өткен ХІХ жазғы Азия ойындарында Түркістан облысының 27 спортшысы спорттың 13 түрінен Қазақстан ұлттық құрамасы сапында өнер көрсетіп, 2 күміс және 2 қола медаль еншілеген болатын.
Пікір қалдырыңыз