Arm-back-тен ел біріншілігі өтті

 Түркістан қаласында ерекше қажеттіліктері бар балалар арасында ARM-BACK спорт түрінен ел біріншілігі өтті. «Жас жауынгер» бейімдеу спорт орталығы ұйымдастырған жарысқа еліміздің 15 өңірінен 80-нен астам жас спортшы қатысып, өз шеберліктерін сынады. 

Жарыстың негізгі мақсаты – балалардың өз күшіне деген сенімін нығайту, шеберлігін шыңдауға және достық қарым-қатынас орнатуға мүмкіндік жасау. 
Ел біріншілігінің ашылу салтанатына облыс әкімінің орынбасары Ертай Алтаев, «Қазақстан халқына» қайырымдылық қорының төрайымы Ләззат Шыңғысбаева және ARM-BACK федерациясының президенті Дмитрий Инютин қатысты. Олар жарыстың маңыздылығына тоқталып, жас спортшыларға сәттілік тіледі. Облыс әкімінің орынбасары Ертай Алтаев өз сөзінде өңірде инклюзивті спортты дамытуға ерекше мән беріліп отырғанын атап өтті.
«Жас жауынгер» бейімдеу спорт орталығының жұмысы 2018 жылы Астана қаласында бастау алған. Бейімдеу спорт орталығының игі бастамасы биылғы қаңтар айынан бастап Түркістанда жалғасын тапты. Бүгінде «Түркістан Арена» стадионында «Жас батыр» орталығында үш маман 30-дан астам баламен жұмыс істеуде. 
Мемлекет басшысы ерекше қажеттілігі бар азаматтарға қолайлы жағдай жасауға айрықша мән беріп, еліміздің әрбір облысында инклюзивті спорт орталықтарын салу қажеттігін атап өткен болатын. Осы орайда, Түркістан қаласында жаңа инклюзивті спорт орталығын салу үшін жер телімі бөлініп, құжаттарын рәсімдеу жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар аудан және қала әкімдіктеріне инклюзивті спорт орталықтарын ашу үшін жер телімдерін айқындап, қаржыландыру көздері мен инвесторлар тарту мүмкіндіктерін қарастыру тапсырылды.
Пікір қалдырыңыз