Жеңіл атлеттер топ жарды
Петропавл қаласында 2013–2014 жылдары туған жасөспірімдер арасында жеңіл атлетикалық төртсайыстан ел біріншілігі өтті. Еліміздің әр өңірінен жиналған келешегінен үміт күттірер жас спортшылар бақ сынаған бұл байрақты бәсекеде облыс өрендері өздерінің жоғары шеберліктері мен дайындықтарын көрсете білді.
Түркістандық жас атлеттер сайыс барысында жекелей де, командалық сында да үздік өнер көрсетіп, ел біріншілігінің бірнеше жүлдесін қоржынға салды. Атап айтсақ, дарынды спортшы Жасұлан Ерғали 600 метрге жүгіруден және жеңіл атлетикалық төртсайыстың жеке есебінде қарсылас шақ келтірмей, қос алтын жүлде алса, Мейіржан Бахтығали 150 грамдық доп лақтыру сайысынан қола жүлдені иеленді. Ал, 4×100 метрлік эстафетада ел намысын қорғаған Жасұлан Ерғали, Аслан Ерғали, Мейіржан Бахтығали және Аян Жанайдар төрттігі мәре сызығын бірінші болып қиып, ел чемпионы атанды.
Сайыс қорытындысында облыс командасы төртсайыстың жалпы командалық есебінде бірінші орынға шығып, жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтерілді. Осылайша, Түркістанның жас жеңіл атлеттері ел чемпионатында облыс мерейін үстем етіп, абсолютті чемпион атанды.