Нағыз қауын жегіңіз келсе, Отырарға барыңыз!

Отырар ауданында биыл бақша дақылдарын өсіруге басымдық берілді. Аудан бойынша 5 680 гектар алқапқа қауын-қарбыз егілген. Оның 3 544 гектары – қауын, 2 136 гектары – қарбыз. 

Ауданның табиғи-климаттық жағдайы мен жер ерекшелігі бақша дақылдарын өсіруге қолайлы. Осыны тиімді пайдаланған шаруалар егіс көлемін ұлғайтып, өнімділікті көтеруге күш салып келеді. Биыл көктемгі дала жұмыстары белгіленген мерзімде аяқталды. Егістікті күтіп-баптау, суару және қажетті агротехникалық жұмыстар уақтылы жүргізілді.
Диқандардың маңдай терімен өсірілген бақша дақылдары ішкі нарықта да, сыртқы нарықта да сұранысқа ие. Әсіресе, Отырардың тәтті қауын-қарбызына құмартатындар көп. Жергілікті шаруалар өнімдерін шетелге де шығарып, нарықты кеңейтіп отыр. Бұл бақша шаруашылығының аудан экономикасындағы маңызын арттыра түсуде.
Қазір ауданда жиын-терім науқаны қызу жүріп жатыр. Өнімді ысырапсыз жинап алу және тасымалдау үшін ауыл шаруашылығы техникалары да сақадай сай. Науқан жұмыстарына 512 дана түрлі техника мен трактор жұмылдырылды. Техниканың жеткілікті болуы жиын-терімді белгіленген мерзімде аяқтауға мүмкіндік береді.
Бау-бақша өсіру – Отырардағы ежелгі кәсіптің бірі. Бүгінде шаруалар дәстүрлі тәжірибені заманауи агротехнологиялармен ұштастырып, жердің мүмкіндігін тиімді пайдалануға ұмтылып отыр. Егіс көлемінің ұлғаюы мен өнім өткізу нарығының кеңеюі ауданның ауыл шаруашылығы саласы үшін өте маңызды болып отыр.

Түркістан облыстық өңірлік коммуникациялар қызметі.
Пікір қалдырыңыз