Жанкүйердің үмітін кім ақтайды?

Ерболат АЙНАБЕКОВ,
«Оңтүстік Қазақстан».

Енді бір аптадан кейін, дәлірегі, 19 қыркүйек күні Жапонияның Аичи-Нагоя қаласында жазғы Азия ойындарының алауы жағылып, жалауы желбірейді. «Сары құрлықтың» басты спорттық додасын өткізу құқығын Аичи-Нагоя қаласы жеңіп алғанымен, жарыстар одан бөлек Токио мен Осака қалаларының, Сидзуока мен Гифу облыстарының аумағында да өтеді. Ұйымдастырушылар жарысты өткізуге 53 спорттық нысанды дайындап отыр. Олардың арасында қазақстандық спортшылар мен жанкүйерлерге жақсы таныс ареналар да бар. Біз бүгін еліміздің бұдан бұрынғы Азия ойындарында көрсеткен нәтижелеріне тоқтала отырып, сонымен қатар осы Азиадада кімдерден үміт күтуге болатынын талдап көрейік.

Қазақстан жазғы Азия ойындарына тәуелсіз мемлекет ретінде алғаш рет 1994 жылы қатысты. Еліміз үшін алғашқы ойындар Жапонияның Хиросима қаласында өтті. Алғашқы Азиада біздің спортшылар үшін өте сәтті өтті деуге болады. Біздің құрама 27 алтынды қоса алғанда, барлығы 79 медаль жеңіп алып, жалпыкомандалық есепте төртінші орынға ие болды. Содан бері Қазақстан барлық жазғы Азия ойындарына қатысып келеді. Осы ойындарда отандық спортшылар 637 медаль еншіледі. Оның 165-і алтын, 180-і күміс және 292-сі қола жүлде.
Қазақстан құрамасы ең көп жүлдені 2006 жы­лы Дохада жеңіп алды. Біздің атлеттер Катар астанасында 85 медаль иеленді. Оның 23-і алтын, 20-сы күміс және 42-сі қола медаль болды. Алтын жүлде бойынша рекорд 2014 жылдың еншісінде. Инчхонда өткен Азия ойындарында Қазақстан спортшылары тұғырдың ең биік сатысына 28 рет көтерілді. Жалпы сол турнирде құрамамыз 84 жүлдеге қол жеткізді. Қазақстанның жалпыкомандалық есептегі ең үздік нәтижесі – әзірге төртінші орын (1994, 2002, 2006 және 2014 жылдары) болып тұр.
Ханчжоуда өткен соңғы Азия ойындарында Қазақстан 80 медаль еншіледі. Атлеттеріміз 10 алтын, 22 күміс және 
48 қо­ла медаль жеңіп алды. Бұл ел тарихындағы ең сәтсіз жазғы Азиаданың бірі саналады. 2014 жылғы рекордтан кейін Қазақстан құрамасының алтын жүлделерінің саны біртіндеп төмендей бастады. 2018 жылғы ойындарда 15 алтын медаль иеленсек, Ханчжоуда 10 алтын жүлдені қанағат тұттық. 
Жазғы Азия ойындары тарихында ел қоржынына ең көп жүлде салған спорт түрі – нысана көздеу. Мергендеріміз бұған дейінгі ойындарда 81 жүлде жеңіп алған. Оның 21-і алтын, 25-і күміс, 35-і қола медаль.
Одан кейінгі орында жеңіл атлетика шеберлері тұр. Олар ел қоржынына 73 жүлде салған. Ал, үштікті ескек есушілер қорытындылап тұр. Олардың еншісінде 69 медаль бар. Әрі қарай күрес – 59, бокс – 46, дзюдо – 41, велоспорт – 31, ауыр атлетика – 30, гимнастика – 29, каратэ – 26, жүзу – 25, семсерлесу – 20 және таэквондо – 19 медаль.
Қазақстанның Азия ойындарында өнер көрсету тарихында нысана көздеуші Ольга Довгун ерекше орын алады. О.Довгун Азиадада 13 медаль жеңіп алған. Оның үшеуі алтын, төртеуі күміс, алтауы қола жүлде. Довгун қатарынан бес ойында жүлдегер атанды. Жүлделерінің жалпы саны бойынша ол қазақстандық спортшылар арасында абсолютті көшбасшы болып қала береді.
Екінші орында осы спорт түрінің тағы бір өкілі – Сергей Беляев. Оның еншісінде он медаль (төрт алтын, екі күміс және төрт қола жүлде) бар. Беляев бес жүлдені еліміз алғаш қатысқан Хиросимада өткен ойындарда жеңіп алған еді. Владимир Вохмянин (оқ ату) мен Наталья Сергеева (байдарка және каноэде есу) сегіз жүлдеден еншілеген. Тағы алты спортшының еншісінде жеті жүлдеден бар. Олар байдарка және каноэ есу өкілдері Евгений Алексеев пен Евгений Егоров, велосипедші Вадим Кравченко, семсерлесуші Сергей Шабалин, сондай-ақ нысана көздеу спорты өкілдері Бахтияр Ыбыраев пен Юрий Мельситов.
Егер Ольга Довгун наградалардың жалпы саны бойынша рекордсмен болса, қазақстандық спортшылар арасында ең көп алтын медальді Константин Негодяев жеңіп алған. Қазақстандық ескек есуші Азия ойындарының чемпионы атағын бес рет жеңіп алды. 1994 жылы Хиросимада ол тұғырдың ең биік сатысына үш рет көтерілсе, тағы екі алтын жүлдені төрт жыл өткен соң Бангкокта еншіледі.
Арада 20 жыл өткен соң оның жетістігін жүзуші Дмитрий Баландин қайталады. 2014 жылғы Инчхонда өткен ойындарда ол брасс әдісімен жүзудің бірден үш қашықтығы бойынша – 50, 100 және 200 метрде жеңіске жетті.
Тағы бір атап өтерлік жетістік Ольга Рыпаковаға тиесілі. Жеңіл атлет Азия ойындарында барлығы алты медаль жеңіп алған, оның төртеуі – алтын. Рыпакова 2006 жылы Дохада жетісайыста топ жарды. Содан кейін ол қатарынан үш рет үш рет қарғудан чемпион атанды (Гуанчжоу-2010, Инчхон-2014 және Джакарта-2018). Осылайша, Рыпакова алтын медальдарды қатарынан төрт Азия ойындарында жеңіп алды.
Қазір құрама сапында өнер көрсететін спортшылар арасында Алексей Луценконы бөліп айтуға болады. Қазақстандық велошабандоз Азия ойындарының тұғырына бес рет көтеріліп, төрт алтын және бір күміс жүлде жеңіп алған. 
Қазақстанның Азия ойындарындағы жетістіктерінде ватерполдан ерлер құрамасының орны ерекше. Біздің ватерполшылар құрлық ойындарының чемпионы атағын алты рет жеңіп алған. Алғашқы үш чемпиондық атақты команда Хиросима–1994, Бангкок–1998 және Пусан–2002 ойындары кезінде еншіледі. Дохадағы 2006 жылғы Азия ойындарындағы қола медальдан кейін ұлттық құрама Гуанчжоуда қайтадан чемпион атанды. Содан кейін біздің құрама Инчхон–2014 және Джакарта–2018 ойындарында ешкімге дес берген жоқ. Ханчжоудағы соңғы Азия ойындарында қола жүлдені қанағат тұтты. Осылайша, Қазақстан тәуелсіз мемлекет ретінде қатысқан барлық жазғы ойындарда ватерполшы жігіттер жүлдесіз қайтқан жоқ.
Командалық спорт түрінен жетістіктеріміз жалғыз бұл емес. Регбиден Қазақстан әйелдер құрамасы 2010 жылғы Азия ойындарында жеңімпаз атанған-ды. Айта кетерлік бір жайт, әйелдер арасында регби сайысы Азия ойындарының бағдарламасына алғаш рет осы жылы енген болатын. Сонымен қатар баскетболшы жігіттеріміз Пусанда өткен жарыста қола медаль еншіледі.
Ал, енді Аичи-Нагояда атлеттер спорттың 43 түрі бойынша 469 жүлде жиынтығын сарапқа салмақ. Біздің құрама осы ойындардан 100 жүлде алуды мақсат етіп отыр. Жапонияға ел намысын қорғауға 571 спортшы аттанбақ (Ханчжоуға 523 спортшы барған). Олар спорттың 35 түрі бойынша жүлдеге таласады.
Енді кімдерден үміт күтеміз деген сауалға жауап іздеп көрелік. Жоғарыда атап өткендей, ел қоржынына көбірек жүлде салатын спорт түрлерінің қатарында нысана көздеу, жеңіл атлетика және ескек есу спорты бар. Бұл сайыстарда атлеттер медальдардың бірнеше комплектісін сарапқа салады.
Жапонияға бірінші болып жеңіл атлеттеріміз жетті. Олар жергілікті климатқа бой үйрету үшін ертерек аттанып кетті. Жеңіл атлеттерден үлкен үміт күтіп отырмыз. Осы жылдың басында Қытайда өткен Азия чемпионатында біздің құрама 7 жүлде жеңіп алған болатын. Аруларымыз командалық эстафетада алдарына қара салмаса, Нора Джеруто 3 000 метрге жүгіруден ешкімге дес берген жоқ. Тағы бір алтын жүлдені жетісайыста өнер көрсеткен Алина Чистякова салған еді. Одан бөлек біздің жеңілатлеттер 1 күміс, 3 қола медальді қанжығаларына байлаған-ды. Алдағы Азия ойындарында жеңілатлеттерден жарқын жеңістер күтеміз.
Қазақстандық спорт жанкүйерлері асыға күтетін сайыстардың бірі ерлер боксы бәсекесі екені айтпаса да түсінікті. Былтыр ел құрамасының тізгінін ұстаған Нұржан Насанов үшін нағыз  сыналатын шақ туды. Апта басында Нұржан Насанов Жапонияға баратын боксшылардың тізімін жариялады. Бапкерлерге 
70 келіде күш сынасатын боксшыны таңдау оңай болған жоқ. Бұл салмақта шымкенттік жас боксшы Төрехан Сабырхан да, қарағандылық Абылайхан Жүсіпов те өте мықты. Ең соңғы сәтте таңдау Төреханға түсті. 
Өзге салмақтарда ел намысын Қазақстандағы бірінші нөмірлі боксшылар қорғайды. Атап айтқанда, 55 келіде Махмұд Сабырхан өнер көрсетеді. Махмұд өткен Азия ойындарында 1/8 финалда солтүстіккореялық О Тай Бомнан жеңіліп қалған еді. Ол кезде Махмұд 57 келіде бақ сынаған болатын.
Олимпиадаға қосылған тағы бір жаңа салмақ – 60 келі. Бұл салмақ дәрежесінде ел намысын Оразбек Асылқұлов қорғамақ. Жалпы, Оразбектің Азиадаға баруы ешқандай дау тудырмаса керек. Ол өз салмағындағы боксшылардан әлдеқайда басым екенін әлдеқашан дәлелдеген. Енді осы мықтылығын «сары құрлық» додасында дәлелдесе дейміз.
Ал, 80 келіде Сабыржан Аққалықовтың алдына түсетін боксшы Қазақстанда табылмай тұр. Ағайынды Оралбайлар да 90 келі мен 90 келіден жоғары салмақта өз орындарын жуық арада жоғалта қоймас. Осы 6 боксшы Азиадада намысымызды жыртпақ. Ханчжоудағы ойындардан біздің боксшылар 1 күміс, 2 қола жүлдемен қайтқан. Жарыс аяқталғаннан кейін 63,5 келіде өнер көрсеткен Ертуған Зейнуллиновке қола жүлде берілді. Ол ширек финалда моңғолиялық боксшыдан жеңіліп, жүлдеден тыс қалған еді. Кейіннен моңғол боксшысының допинг қолданғаны анықталып, ол чемпиондық атағынан айырылды. 
Боксшылардан бөлек ауыратлеттеріміздің де аяқ алысы назар аударуға тұрарлық. Бұл сында ел намысын Өтепберген Әлиев, Ақмолда Сайрамкез, Бексұлтан Айтбай, Алексей Чуркин, Нұрғиса Әділетұлы, Екатерина Алякина, Арай Нұрлыбекова, Аянат Жұмағали, Айғаным Жанболат және Любовь Ковальчук қорғайды.
Пікір қалдырыңыз