Тазалыққа талап жоғары

Емдеу мекемелерінде инфекциялық және паразиттік аурулардың таралуын болдырмау өте маңызды. Бұл үшін медициналық ұйымдарда санитариялық тазалық пен дезинфекциялық жұмыстар үшін арнайы талаптар бар. Аталған жұмыстар белгіленген тәртіппен және нақты мерзімдерде жүргізілуі тиіс.

Емдеу мекемелерінде ылғалды жинау жұмыстары тәулігіне кемінде екі рет жүргізіледі. Бұл ретте еден, жиһаз, жабдықтар, терезе алды мен есіктер Қазақстан Республикасында қолдануға рұқсат етілген жуу және дезинфекциялау құралдарымен тазаланады.
Сонымен қатар операциялық және кіші операциялық блоктарда, стерильдеу және аналарды босандыру залдарында, босандыру палаталарында, таңып-байлау, манипуляциялық, тексеріп-қарау, егу, ем-шара кабинеттерінде, стоматологиялық және хирургиялық бейіндегі кабинеттерде, сондай-ақ сүт бөлмелерінде күрделі жинау жұмыстары күнтізбелік жеті күнде кемінде бір рет жүргізілуі тиіс.
Ал, күйік алған пациенттерге арналған палаталарда, инфекциялық және іріңді-септикалық инфекциялармен, туберкулезбен ауыратын пациенттерге арналған палаталарда, сондай-ақ асептикалық палаталарда күрделі жинау пациенттерді бір мезгілде шығарғаннан кейін жүргізіледі. Науқас қайтыс болған жағдайда да тиісті үй-жайда күрделі жинап, тазалау жұмыстары жүргізілуі керек.
Күрделі жинап, тазалау кезінде сақталауы тиіс талаптар:
– жұмыскерлер арнайы бөлінген санитариялық киімді және жеке қорғаныш құралдарын (бұдан әрі – ЖҚҚ) пайдалануы тиіс;
– жинау жұмыстары бір рет қолданылатын сулықпен немесе алдын-ала дезинфекцияланған көп рет қолданылатын шүберекпен жүргізіледі;
– үстіңгі беттерді ылғалды жинау жуу құралдарының ерітінділерімен мынадай ретпен жүргізіледі: алдымен төбе, одан кейін терезелер мен терезе алды, қабырғалар мен есіктер жоғарыдан төмен қарай тазаланады. Одан соң жабдықтар, ең соңында еден жиналады. Еденді тазалау төр жақтағы қабырғадан есікке қарай жүргізіледі. Дәретхана ең соңғы кезекте жиналады;
– қолданылған жуу құралдары бір рет қолданылатын сулықпен немесе көп рет қолданылатын дезинфекцияланған шүберекпен сумен шайылады;
– қабырғалар, терезе алды, еден, жабдықтар мен жиһаздар қолдану жөніндегі нұсқаулыққа сәйкес химиялық дезинфекциялау құралдарымен өңделеді;
– жұмыскерлер қолданылған химиялық дезинфекциялау құралдарын шаю кезеңінің алдында санитариялық киімдері мен қорғаныш қолғаптарын тазасына ауыстырады;
– химиялық дезинфекциялау құралдарын шаю сумен және шүберек пайдалану арқылы жүргізіледі. Егер қолданылған дезинфекциялау құралы өңдеуден кейін шаюды қажет етпесе, бұл рәсім жүргізілмейді;
– үй-жайларды күрделі жинап, тазалау аяқталғаннан кейін жинау мүкәммалы дезинфекцияланып, жуылады және кептіріледі;
– жинау жұмыстары аяқталған соң нұсқаулыққа сәйкес белгіленген уақытқа бактерицидті сәулелегіштер қосылады.
Тазалық жұмыстарының белгіленген тәртіппен және уақытында орындалуы – медициналық мекемелердегі қауіпсіздікті қамтамасыз етудің маңызды шарты.

Талғат ҚҰТТЫБАЙҰЛЫ, 
Шымкент қалалық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау 
департаментінің басшысы.  
Пікір қалдырыңыз