Баспана мәселесі оң шешілуде
Ордабасы ауданында тұрғындарды баспанамен қамту жұмыстары кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Әлеуметтік маңызы зор бұл мәселені шешудің негізгі тетіктерінің бірі – азаматтарға кредиттік тұрғын үй ұсыну.
Қазіргі таңда аудан бойынша 152 кредиттік пәтер қарастырылған. Баспанаға үміткер азаматтардың құжаттарын ресімдеу және банк талаптарына сәйкестігін анықтау жұмыстары кезең-кезеңімен жүргізілуде. Бүгінде 36 азаматтың құжаттары «Отбасы банк» тарапынан мақұлданған. Қалған үміткерлердің табысын растау жұмыстары одан әрі жалғасуда. Бұл жұмыстар аяқталғаннан кейін бос қалған баспаналарға қатысты жаңа конкурс өткізу мәселесі қаралады.
Осы тұста кредиттік пәтер алу жолдарын түсіндіре кетейік. Кредиттік тұрғын үйге үміткер азаматтар ең алдымен тұрғын үй кезегіне тұруы керек және тұрақты табыс көзі болуы шарт. Кредиттік тарихы банк талаптарына сәйкес келуі де маңызды. Егер үміткердің табысы ипотекалық төлемді өтеуге жеткіліксіз болса, оның бір немесе екі адамды қоса қарыз алушы (гарант) ретінде тартуына мүмкіндігі бар. Баспана алуға үміткер азаматтың санатына қарай тұрғын үйді 2 немесе 5 пайыздық мөлшерлемемен ипотека ресімдеу мүмкіндігі де қарастырылған.
Ордабасы ауданындағы кредиттік пәтерге қол жеткіземін деушілер қазір құжаттарының осы талаптарға сай келуін анықтау үстінде. Көп ұзамай жүздеген ордабасылық отбасы қоныстойын тойлайды.
«ОҢТҮСТІК»-АҚПАРАТ.