Оның жаны – домбыра!

Сабырбек ОЛЖАБАЙ, «Оңтүстік Қазақстан».

Өнер биігіне әркім әрқалай жолмен жетеді. Өмірсеріктің өмір жолына қарап отырсаңыз, оның бұл салаға келмеуіне мүмкіндік қалмағанын бағамдар едіңіз. Оның құлағына жастайынан Сүгірдің, Төлегеннің, Тоқаның, Бабыштың, Файзулланың, Генералдың күйлері сіңді. Өзі де домбыраға жақын болды. Осы ретте ол күйші болуы керек-ақ еді дейміз. Бірақ, ол суретшілік өнерді қалады. Бәлкім бойындағы бұлқынған беймәлім сезім оны осы салаға жетелеген шығар? Әлде қиялындағы барлық ой-армандарын бейнелеу өнері арқылы паш еткісі келген болар?! Қалай дегенде де Ә.Қастеев атындағы көркемсурет училищесін суретші мамандығы бойынша бітіріп шыққан жастың бойында ерекше бір талант булығып жатыр еді.

Ол  училищені бітіріп шыққаннан соң елге суретшілік өнерімен  лезде танылды. Өмірсеріктің карикатуралары, шарждары, достық әзілдерге лайықтап салған суреттері түрлі басылымдарда жиі жариялана бастады. Осыны байқаған облыстық «Оңтүстік Қазақстан» газетінің бас редакторы Оразхан Жарқынбеков оны редакцияға қызметке шақырды. Бұл жылдары газетте сын мақалалар жиі жарияланатын. Тіпті, газеттің бір нөмірінде бес-алты сын мақала қатарынан жарық көрген де күндер болған. Ал, Оразхан ағасы әр сынның мазмұнына, оқиғасына байланысты карикатуралық, сатиралық сурет салуды тапсырады. Осы жылдары Оразхан ағамен қызметтес болған соң білеміз, Өмірсерік талантты карикатурашы еді. Оның тақырыпқа сай салған суреттері еріксіз езу тартқызатын. Қисық, қыңыр атаулыны қаламының ұшына керемет дәлдікпен іліктіретіні соншалық, суретке қарап отырып еріксіз мырс ете қалатынсың. Газетке жарияланған сын мақаланың ішкі өзегін тап басатын шимайлы шарждар мен карикатуралық, сатиралық  сурет оқырманды еріксіз ойландырумен қатар, жарияланған материалды оқып шығуға жетелейтін.

Осы жылдары Өмірсеріктің карикатуралық, сатиралық суреттері республикалық «Ара» сын-сықақ журналында, «Егемен Қазақстан», «Жас алаш», «Ана тілі»  газеттерінде бұрқырап жиі жарияланып тұрды. Республика жұртшылығы Ғалым Смағұл,  Еркін Нұразхан, Айдарбек Ғазизов, Нұрлан Тазабеков, Мұрат Ділманов, Нұрхан Әкіранұлы қатарында біздің Өмірсерік  Нұртаевты да тани бастады.

Оразхан Жарқынбеков «Сана және нарық» газетіне Бас редактор болып ауысқанда Өмірсерікті өзімен бірге ала кетуінде осындай да гәп жатыр еді. Сол жылдары Өмірсерік «Ақиқат» және «Жаңалық» газеттеріне де атсалысып тұрды. Бірақ, ол жоғарыдағы газеттердің аясында шектеліп қалғысы келмеді. Облыстық, республикалық, халықаралық сурет көрмелеріне қатысты. Түрлі фестивальдерде жарқырап көрінді,  Еуразия Суретшілер одағына мүшелікке қабылданды.

Ол 2007 жылы мамандығын ауыстырып көруді ойлады. Оған себеп құлағының түбінен тәтті бір ызың кетпей қойып еді. Созақ ауданының тумасы өз ойын қорытқанда Сүгір, Тоқа, Төлеген, Жаппас. Бабыш, Генерал, Файзулла аталарының киесі жағалап жүр дегенге сайды. Бірақ, Өмірсерік домбыра тартқанымен, күйге жоқ еді. Әншілігі де шамалы. Ендеше, құлағына Созақ сарыны келе беретіні неліктен? Ойлана келе ол мұның да түйінін тапты. Бұларды біріктіріп тұрған қазақтың қара домбырасы екен. Қолының еп-себі бар Өмірсерік домбыра жасауды осылайша бастап кетті. Домбыра жасаушы, түптеп келгенде, ұлттық музыкалық аспапты дәстүрлі әдіспен немесе заманауи технологияларды қолдана отырып жасайтын қолөнер шебері. Көркемсурет училищесінде ол бұл салаға да біршама қаныққан еді. Сондықтан іске батыл кірісті. Домбыра – негізінен ән сүйемелдеуге, күй тартуға, халықтық-фольклорлық туындылар мен классикалық шығармалар орындауға лайықталған аспап. Ал, қолөнер шебері ағаш түрлерін таңдай білуі, дыбыс акустикасын түсінуі және дәлдіктегі ұқыптылықты жетік меңгеруі тиіс. Домбыраның бірнеше түрі болады. Біз әр қазақтың үйінде домбыра ілулі тұрсын деп дабырайтқанымызбен, оның қалақ, қауақ, торсық, тұмар, кең шанақты, балдырған, балашық, шіңкілдек, аша, үш ішекті, қуыс мойын, шертер сияқты түрлері бар екенін білмейміз. Бұдан тыс заман талабына

сай прима-домбыра, альт-домбыра, тенор-домбыра, бас-домбыра  деген түрлері де шыққан.

Қолөнер шебері өз шеберханасын ашып, домбыра жасауға кіріскен күннен осылардың барлығына ден қойды. Ізденді. Домбыра жасаушылардан білмегендерін сұраудан ұялған да, жалыққан да жоқ. Елімізде өсетін қайың, шырша, шынар, емен, жиде, арша, аққайың ағаштары домбыра жасауға жарамды. Алайда,  шетелдерде өсетін экзотикалық – абен, палисандр, қызыл ағаш (махагони) ағаштары домбыра жасауға таптырмайды. Олардың қаттылығы, дыбыс шығару ерекшеліктері кез келген ағаш түрлерінен артық. Сондықтан Өмірсерік экзотикалық ағаштарды шетелдерден алдырады.

Қолөнер шеберінің түпкі мақсаты – сан емес, сапа. Мұндай дүниелер қашанда сұранысқа ие. Бүгінде Өмірсеріктің домбыраларын Астана, Алматы, Қарағанды, Теміртау, Тараз, Қызылорда, еліміздің тағы басқа да қалаларынан арнайы келіп, қалап алатындар аз емес. Тапсырыстар да аз түспейді. Сол үшін қолөнер шебері Алматы қаласынан да бір шеберхана ашты.

– Біз  шеберханамызда домбыра жасауды дәстүрлі әдіспен бастадық. Қолымызда қарапайым құралдар ғана болды. Кәсібіміз жанданғалы бері тендерлерге қатысып, тапсырыстар ала бастадық. Бірақ, заманауи құрылғыларға әлі де зәруміз. Оларды алсақ,  кәсібіміз бұдан да дами түседі. Қазір сол құрылғыларға қол жеткізу үшін әрекеттенудеміз, – дейді қолөнер шебері.

Өмірсерік Нұртаев суретшілік өнерінен ада-күде қол үзген жоқ. Қолы қалт еткенде қолына қылқаламын алып, ғажайып әлемнің көгіне көтеріледі. Қиялыңдағы көркем көріністерді ақ кенеп бетіне түсіреді. Шеберханасына  гобелен үшін сурет салып беруді өтініп келетіндер де бар. Олардың да өтініштерін жерге тастамайды.

Міне, жан-жақты өнер иесі Өмірсеріктің әр күні осылай қарбаласқа толы. Ол туған жері – Созақтың тауы мен өзен-көлдерін, тұма бұлақтарын, кең жазира даласын жиі есіне алады. Осындайда өзі жасаған домбыраларымен сырласады. Күйші аталарының дауыстарын естігендей болады. Олар «ұлым, қазақтың жаны – домбыра. Осы өнеріңді тастама» деп үн қатқандай болады. Осы алыстан талып естілген үн оған шабыт береді.  Жусаны мен жуасы бұрқыраған сайын дала көз алдына келгенде жұмысқа бар ынтасымен кіріседі...

 

Пікір қалдырыңыз