Қайраттың кәсіпкер болғысы келген...
Аман Жайымбетов, «Оңтүстік Қазақстан».
Қазақша атауынан орысшасы беделділеу естілетін кәсіпкерлікті таңдағысы келетіндер аз емес. Бірақ, кәсіп ашып бизнес бастап байып кетсем дегендердің бәрінің ойы жүз пайыз жүзеге аса бермейді екен. Рас, шағын және орта бизнесті өркендетуге мемлекет те мүдделі, индустриялық аймақтан орын беріп, қаржылай қолдау көрсету мақсатында жеңілдетілген несиелер беру жағы да қарастырылған. Тіпті, алғаш кәсіп бастағандар аяғынан тұрып кетуі үшін жылда қазынадан қыруар қаржы бөліп, арнайы бағдарламалар аясында қайтарымсыз ақша беріп, өндірген өніміне қарай субсидия үлестіретінін де көріп жүрміз. Дегенмен, кәсіпкер болғысы келетіндердің көбісі бұл игіліктерден шет қалып жататыны да жасырын емес. Өмір болған соң түрлі жағдайлар кездеседі. Қайтарымсыз ақша немесе жеңілдетілген несие алғандардың өзі кейде әу бастағы жоспарынан «адасып», ақырында ақшаны мақсатсыз жұмсап, істі болып қалатындары бар. Ал, көмекке аса мұқтаж адамдар арасында тиісті орындардан қолдау таппай, бизнес жоспарлары құрдымға кетіп жататындары да жоқ емес.
Ауылда Қайрат есімді ағамыз болды. «Кәсіпкер болғым келеді» дегенді де ең алғаш соның аузынан естідік. Тәуелсіздіктің елең-алаңында қоғамды жаппай жұмыссыздық жайлап, көп адам екі қолға бір күрек таппай дағдарып қалғанда ол есік алдындағы гаражынан шеберхана ашып, жұрттың бұзылған көліктерін жөндеп жүрді. Күнұзағына шеберханасынан адам аяғы үзілмесе де, неге екенін, ұста ағамыздың жұмысы анау айтқандай жанданып кете қоймады. Содан бір күні қолын бір сілтеп Алматыға кетті. Мақсаты – кәсіпкер болу. Осы бір «авторитетно» атаққа жету үшін не істемеді дейсіз, жасы келіп қалғанына қарамай курс оқыды, дәнекерлеуші болуым керек деп біреулердің жанында жүріп оны да меңгерді. Бір көргенімде кәсіпкер болғысы келетін ағам темір-бетон зауытында қарапайым жұмысшы болып жүр екен, әу бастағы арманын есіне салғанымда «ауылда көп үйлер Кеңестер Одағынан қалған ағаш шарбақпен тұр, қазір заман талабына сай «қытай қорғанын» орнату «мода» ғой, біздің зауытта сондай «забордың» түр-түрі бар, олар қалай жасалатынын үйрену үшін осында жүрмін, ертең өз алдыма осындай өндіріс орнын ашамын» деді. Айтқандай-ақ ауылға әр келгенінде бетон құятын станоктың бөлшектерін құмырсқаша үйіне тасып әкеліп жүрді. Арада біраз жыл өткенде әлгі ағамды аудан әкімшілігінің алдынан көріп қалдым. Қолында бір бума құжат-қағаздары бар, жеңілдетілген жолмен несие алу үшін әрекеттеніп жүр екен. Бәрекелді дедік те қойдық. Арада біраз жыл өткенде кәсіби қызығушылықпен баяғы тақырыпты тағы қозғадық. «Құрысын, қайтарымсыз ақша дегеннің жолы қиын екен, онысы бұйырмады. Ең болмағанда пайызы төмен несие алайын деп біраз шапқыладым, одан да түк шықпады. Бұл саланы «қақпайтын» едім, есесіне біраз нәрсе үйреніп шыққандай болдым. Бұйырса, енді басқа «планмен» жұмыс істеймін» деді кәсіпкер болғысы келетін ағамыз. Сөзінің соңын жұмбақтай сөйлеген оның жаңа «планын» түсінбесек те сәттілік тілеп қала бердік.
Таяуда жол түсіп ауылға бардым. Заманауи қорған жасайтын ағамыздың шеберханасы құлыптаулы тұр. Маңдайшасындағы «Жеке кәсіпкер» деген жазудың да аптап ыстықтан өңі кете бастапты. Баяғы қызығушылықпен ұялы телефонына қоңыраулаттым, тұтқаның арғы жағындағы дауыс құдды ірі кәсіпкерлердей гүр ете қалды. Үлкендерге тән «ірілікпен» анау-мынаудың телефон нөмірін сақтап қоймайтынына түсіністікпен қарадық, обалы нешік, таныған соң даусының «тонын» сәл төмен түсіріп, жағдай сұраса бастады. Сөз саптауына қарап баяғы арық жағалап, балық аулап жүретін ағамызды емес, бейне бір үлкеен бизнесменмен сөйлесіп тұрғандай сезіндік. Бизнес саласын әбден «меңгергені» сонша, кәсіпкерлікке қатысты қай тақырыптың құлағын қылтитсаң да ағып тұр-ау, сабазың. Тек, әттең тонның келтесі-ай...
Иә, ол кәсіпкер болғысы келген еді...