Қай атамыз сүйісіп амандасып еді?

Ақмерей ШЫРЫНБЕКОВА, «Оңтүстік Қазақстан».

Бір сәт есіңізге түсіріп көріңізші, әуежайда, көшеде, тіпті ресми жиындарда екі ер азаматтың бір-бірін құшақтап, беттен шөп-шөп еткізіп сүйіп жатқанын көрген бе едіңіз? Көрсеңіз, қандай сезімде болдыңыз, көзіңізге бір түрлі оғаш көрінбеді ме? Немесе бейтаныс адамның амандасамын деп тым жақын келгенінен ыңғайсыздандыңыз ба? Өкінішке қарай, мұндай көріністер трендке бүгін ғана айналған жоқ...

Соңғы жылдары қоғамда кеңінен тараған ерлердің осы бір «сүйіскіш» әдетіне жуырда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та назар аударды. Президент еліміздегі амандасу әдебіне қатысты пікір білдіріп, қазақы парасаттылық пен тектілікке оралудың маңызын айтты.

Мемлекет басшысы бұл мәселені жайдан-жай көтеріп отырған жоқ. Бір қарағанда бұл мәселе ұсақ-түйек сияқты көрінуі мүмкін. Бірақ, адамның күнделікті жүріс-тұрысы – оның мәдениетінің, тәрбиесінің, тіпті қоғамның жалпы ахуалының көрінісі. Оның үстіне, бір ғана амандасудың өзінде халықтың ғасырлар бойы қалыптасқан дүниетанымы мен әдеп өлшемі жатыр. «Сәлем – сөздің анасы» деген сөзді бабаларымыз әшейіннен әшейін айта салды ғой дейсіз бе?

Қазақ дәстүрінде сәлемдесудің орны бөлек. Үлкенге ізет көрсету, кішіге құрмет таныту, ерлердің бір-біріне қос қолдап сәлем беруі – халқымыздың тәрбиелік мәдениетінің ажырамас бөлігі. Осы дәстүрлердің ар жағында қаншама рухани сырлар жатыр десеңізші! Ал, бүгінде сырттан келген кейбір әдеттерді «заманауи мәдениет» деп қабылдап, өзіміздің қарапайым әрі мағыналы әдеп үлгілерін кейінгі орынға ысырып тастап жүрген жоқпыз ба?

Әсіресе, ресми ортада, мемлекеттік қызметте, әскери құрылымдарда жүріс-тұрыс мәдениетінің өзіндік өлшемі болуы керек. Темірдей тәртіптің символы саналатын әскери адамдардың бір-бірімен құшақтасып, сүйісіп амандасуы сырт көзге де оғаш көрінбей ме?!

Президент те осыған қатысты пікірін ашық білдірді. «Бұл не масқара? Кеңес Одағы Маршалының, дүниежүзілік соғыста, Ұлы Отан соғысында жеңіске жеткен маршалдардың осындай қылық көрсеткенін елестете аласыздар ма?» деді Мемлекет басшысы.

Шындығында, әскери адамның болмысында ұстамдылық, жинақылық пен айбындылық қатар жүруі тиіс. Сондықтан оның қоғамдық ортадағы әрбір әрекеті де осы сипатпен үндескені жөн.

Бұл жерде мәселе тек «құшақтасуға бола ма, болмай ма?» дегенге тіреліп тұрған жоқ. Негізгі мәселе – өзіңді, ортаны сыйлау мен өзара құрмет деген мәселелерге келіп тіреледі.

Осы жерде әлем елдерінің амандасу мәдениетіне көз жүгіртсек, әр халықтың өзіндік әдебі бар екенін көреміз. Мәселен, Жапония мен Оңтүстік Кореяда адамдардың бір-біріне иіліп сәлем беруі – үлкен құрметтің белгісі. Мұнда алдыңдағы адамның ізет білдіруге басымдық беріледі.

Араб елдері мен Таяу Шығыс елдері мәдениетінде оң қолды жүрек тұсына қойып, сәл бас ию – ықылас пен құрметті білдіретін дәстүрлі ишаралардың бірі. Яғни адамға деген жылылықты міндетті түрде құшақтасып немесе шөпілдетіп бет сүю арқылы ғана білдіру шарт емес.

Батыс елдерінің ресми дипломатиялық хаттамасында да іскерлік ортадағы негізгі амандасу түрі – қол алысу. Ал, қапсыра құшақтау немесе беттен сүйіп амандасу әдеп нормасына сай келмейді. Әдеп демекші, ер болсын, әйел болсын, бір-бірінің бетінен сүйіп амандасуы біздің халықта да бұрын болмаған. Бұл әдет кешеге дейін әдепсіздік саналып келді. Ал, бүгінде ол трендке айналды. Бұл мәселеге Президенттің өзі назар аудармаса, амандасудың «жаңаша түрі» кең етек жайып, тіпті қалыпты жағдайға айналып бара жатқан да еді.

Біз кейде сырттан көрген дүниенің бәрін жаңашылдықтың үлгісі деп қабылдап жатамыз. Бірақ, өзгенің әдетін қайталау арқылы заманауи бола қалмаймыз. Керісінше, өзімізге тән мәдениетті сақтай отырып, заман талабына бейімделу – нағыз өркениеттіліктің белгісі емес пе?! Президенттің бізге айтпағы осы. Негізі мәселе қай елдің амандасу үлгісін дұрыс деп тануда емес. Мәселе – қарым-қатынастағы өлшемді сақтауда.

Амандасудың мәні тек қимылмен шектелмейді. Қарсы алдыңдағы адамның жүзінен ықылас пен құрмет сезілсе, қарапайым сәлемнің өзі әсерлі болмақ. Кейде бір жымиыстың өзі көпіре сөйлеп, ұзақ хал сұрасудан артық.

Оң қолды жүрек тұсына қойып амандасу да – адамға құрмет білдіретін маңызды әрі халқымызға етене таныс, қарапайым әрі мағыналы ишара. «Сізге деген ниетім түзу, құрметім шынайы» дегенді артық қимылсыз-ақ осылай жеткізуге болады. Оң қолды жүрек тұсына қойып амандасудың да мәні осында. 

Қоғамда жаңа жүріс-тұрыс әдебін, тазалық пен тәртіп мәдениетін кеңінен насихаттау қажет екенін айтқан Президент: «Ер адамдардың бір-бірін құшақтап, сүйіп амандасуы, сәлемдесу барысында әйелдердің еркектерді, еркектердің әйелдерді бетінен сүюі дұрыс емес. Біздің салт-дәстүрімізде мұндай «амандасу» үлгісі ешқашан болмаған. Әсіресе, әскери форма кигендердің, генералдардың осылай істегені көзге тіпті оғаш көрінеді»  деді. Мемлекет басшысының бұл пікірі әлеуметтік желіде қызу талқыға түсті. Бір адамдар қолдаса, енді бірі оған қарсы пікір білдірді. Әрине, қоғамда пікірдің сан алуан болуы – табиғи нәрсе. Алайда, мәселенің түпкі мәні амандасудың нақты бір түрін таңуда емес, ең бастысы, өзара құрмет пен ұлттық әдепті сақтауда жатыр. Амандасудың да өз әдебі бар екенін ұмытпайық.

Айтпақшы, сіз таныстарыңызбен, достарыңызбен қалай амандасып жүрсіз?

 

 

Пікір қалдырыңыз