Еңбек өтілі ұқсас адамдардың зейнетақы мөлшері неге әртүрлі?

ҚР Әлеуметтік кодексіне сәйкес зейнетақы мәселелері бойынша жиі қойылатын сұрақтарға ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитеті Түркістан облысы бойынша департаментінің басшысы Бегман НҰРМАХАНОВ жауап береді.

      — Еңбек өтілі ұқсас адамдардың зейнетақы мөлшері неге әртүрлі болуы мүмкін?

     — Иә, бұл — азаматтар жиі қоятын сұрақтардың бірі. Ең алдымен, зейнетақы мөлшері адамның қанша жыл еңбек еткеніне ғана байланысты емес екенін түсіну өте маңызды.

     Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексінің 208, 210 және 211-баптарына сәйкес, жасына байланысты зейнетақы төлемін тағайындау кезінде еңбек өтілі және оны есептеу үшін ескерілетін табыс мөлшері назарға алынады. Сонымен қатар, зейнетақымен қамсыздандыру жүйесіне мемлекеттік базалық зейнетақы төлемі, жасына байланысты зейнетақы төлемі және Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан төленетін зейнетақы төлемдері кіреді. Сондықтан еңбек өтілі шамалас екі азаматтың зейнетақы төлемдерінің мөлшері әртүрлі болуы мүмкін.

    Мысалы, бір азаматтың зейнетақыны есептеу кезінде ескерілетін табысы жоғары болуы мүмкін, ал, екіншісінің зейнетақы тағайындау үшін есепке алынатын еңбек өтілі көбірек. Сонымен қатар, олардың Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы зейнетақы жинақтарының мөлшері де әртүрлі болуы ықтимал. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан төленетін зейнетақы төлемдерінің мөлшері азаматтың жеке зейнетақы шотында қалыптасқан жинақтарына байланысты. Яғни, зейнетақы жинақтарының мөлшері неғұрлым көп болса, тиісті төлем мөлшері де соғұрлым жоғары болады.

    Қарапайым тілмен айтқанда, зейнетақы мөлшерін анықтау кезінде тек еңбек өтілі ғана емес, табыс мөлшері, зейнетақы жүйесіне қатысу өтілі және Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынандағы зейнетақы жинақтары сияқты көрсеткіштер де ескеріледі.

    Сондықтан әр азаматтың зейнетақы төлемдері оның жеке көрсеткіштеріне қарай Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жеке тәртіппен есептеледі.

 

   Зейнетке шығу алдында құжаттарды қашан тексерген дұрыс?

      — Мен азаматтарға құжаттарды зейнетке шығатын уақытқа қалдырмай, алдын ала тексеруге кеңес беремін. Мұны неғұрлым ертерек жасаған дұрыс. Ең алдымен, жеке куәлікті, еңбек кітапшасын және еңбек өтілін растайтын құжаттарды тексеру қажет. Егер еңбек кітапшасында қажетті жазбалар болмаса, түзетулер немесе қателер кездессе, еңбек өтілін жұмыс орнынан берілген анықтамалармен немесе архивтік анықтамалар арқылы растауға болады.

     Сондай-ақ еңбек өтіліне есептелетін жекелеген кезеңдерді растайтын құжаттарды тексеру қажет. Жағдайға байланысты мұндай құжаттарға диплом немесе білім алғанын растайтын басқа құжат, әскери билет, балалардың туу туралы куәліктері, сондай-ақ өзге де растайтын құжаттар жатуы мүмкін.

    Әсіресе, 1998 жылғы 1 қаңтарға дейінгі еңбек өтіліне ерекше назар аударған жөн, өйткені, бұл кезең жасына байланысты зейнетақы төлемін тағайындау кезінде ескеріледі.

   Қазақстан Республикасы Әлеуметтік кодексінің 209-бабына сәйкес, еңбек өтілі тиісті құжаттармен расталады.

    Сонымен қатар зейнетақы жарналары туралы мәліметтерді және Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы зейнетақы жинақтарын алдын ала тексеруге кеңес беремін. Міндетті зейнетақы жарналарының жеке зейнетақы шотыңызға түскеніне көз жеткізген жөн.

     Егер қандай да бір құжат немесе мәлімет жетіспесе, оны алдын ала анықтаған дұрыс. Бұл жағдайда оларды қалпына келтіру немесе растау үшін жұмыс берушіге, архивке немесе тиісті мемлекеттік органдарға жүгінуге уақыт болады.

Сондықтан менің азаматтарға берер кеңесім өте қарапайым. Зейнет жасына жеткенше күтпей, еңбек өтіліңізді, құжаттарыңызды, табыс туралы мәліметтерді және зейнетақы жинақтарыңызды алдын ала тексеріңіз. Бұл артық сұрақтардың алдын алып, зейнетақы төлемдерін тағайындау процесінің жеңіл әрі жылдам өтуіне мүмкіндік береді.

Пікір қалдырыңыз