Мамандық көп, маман жоқ...
Сабырбек ОЛЖАБАЙ, «Оңтүстік Қазақстан».
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2023 жылы ел педагогтерінің съезінде: «Педагог – ұлттың жаңа сапасын қалыптастыру үдерісіндегі ең маңызды буын. Сондықтан білім беру жүйесін жоғары білікті мамандармен толық қамтамасыз ету өте маңызды. Алайда, қазір мектептерімізде мамандар тапшы. Бүгінде елімізде 5 мың педагог жетіспейді. Бұл көрсеткіш жылдан-жылға артып келеді. Ал, педагогика саласында оқыған әрбір бесінші түлек өз мамандығы бойынша жұмыс істемейді. Бұған қоса мұғалімдердің 23 пайызында ғана жоғары біліктілік санаты бар. Мұның бәрі педагогтерді даярлау және олардың біліктілігін арттыру тәсілдерін түбегейлі өзгертуді қажет етеді» деп атап өткен болатын. Арада үш жыл өтсе де бұл мәселе әлі де өзекті.
Бүгінде еліміздің барлық салаларында маман жетіспеушілігі байқалады. Мысалы, Дүниежүзілік банктің Қазақстандағы зерттеуіне қарағанда, мұнай, газ саласы, машина өнеркәсібі, кен орындарындағы мамандардың 60 пайызға жуығының біліктілігі, білімі жетілдіре түсуді қажет етеді. Бұл, әрине, өндірістің дамуына кедергісін тигізбей қоймайды.
Рас, заман ағымына қарай белгілі бір мамандықтарға сұраныс артып, кейбір мамандықтар тіпті, қоғамның қажетіне жарамай қалып жатады. Бұл –қалыпты құбылыс. Басқасын былай қойғанда, Жапония, Германия, Канада, АҚШ сияқты дамыған елдердің өзінде маман тапшылығы бар. Өндіріс саласының мамандарына сұраныс алпауыт компаниялар шоғырланған өңірлерде байқалады. Халықаралық адам капиталы институтының директоры Жанұзақ Әкімнің Алматыда өткен «Медиатехауыл» және Адам капиталын дамыту бағдарламасы» атты ғылыми конференцияда жасаған баяндамасына үңілсек, Қазақстанда 100-ге жуық мамандық бойынша 35-40 мыңдай маман керек екен. «Біздің сарапшылардың анықтауынша, басқару жүйесі, жалпы психология және саяси психология, макроэкономика, мидың молекулалық биологиясы, ақпараттық технология мен әскери саланың мамандықтары тапшы» дейді Ж.Әкім. Ал, электронды еңбек биржасының деректері бойынша, қазір елімізде өндіріс, құрылыс, медицина, білім салаларында кадр жетіспеушілігі қатты сезіледі. Биржа сарапшыларының айтуларына қарағанда, алдағы 5 жылда еңбек нарығында 1,5 миллионға жуық маман тапшылығы туындауы мүмкін. 2035 жылға қарай бұл көрсеткіш 3 миллионға жетеді деп болжанып отыр. Электронды еңбек биржасы былтыр еліміз бойынша 53 мыңнан астам бос жұмыс орнын ұсынған. Жұмыс берушілер денсаулық, құрылыс, өндіріс, көлік және логистика салаларына мамандар іздеген. Бірақ, маман тапшылығы сезілген. Ал, ҚР Көлік министрлігінің болжамына сүйенсек, 2030 жылға дейін жол жөндеу, басқа да жұмыстарға 8,8 мыңға жуық маман қажет болады. Салалық министрліктер бұдан тыс елімізде цифрлық технологиялар, цифрлық инженерия, киберқауіпсіздік, таза энергетика, эколог, SMM, Data сарапшысы, қаржы, қорғаныс, машина жасау салаларының мамандары тапшы екенін жасырмайды.
Ал, Түркістан облысына келер болсақ, өңірде жалпы жұмыс күші жеткілікті болғанымен, бейінді дәрігерлер, арнайы өндірістік жұмысшылар, ауыл шаруашылығын жаңғырту мамандары жетіспейді екен. Медицина саласында анестезиолог-реаниматологтар, офтальмологтар, лор, кардиохирургтер, травматолог, кардиолог, невропатолог, нефролог, онколог, патологоанатом, радиолог, неонатолог жетіспейтіні байқалады.
Жоғарыдағы мысалдарға қарап Қазақстанда өз жұмысына жауапты, білігі мен білімі ұштасқан мамандар жеткілікті дей аламыз ба? Мәселе көптеген мамандардың шетелге кетіп қалуында болып отыр. Соңғы деректер бойынша, елімізден өзге мемлекеттерге жұмыс іздеп кеткен мамандардың саны күрт көбейген. Шетел асқан жоғары білімді мамандардың саны 10 жыл бұрынғымен салыстырғанда рекордтық көрсеткішке жетіпті.
Егер бізде де шетелдегі сияқты жоғары оқу орындарын жаңа бітірген жастарға тәлімгер ұстаз бекітілсе, мамандығы бойынша кез келген өндіріс, құрылыс мекемелеріне кідіріссіз қабылданса, олардың шетел асып не басы ауырғаны бар?! Егемендік алған жылдары еліміздегі 300 мыңдай жоғары білімді маман нәпақаны басқа елдерден іздепті. Осы үрдіс қазір де жалғасуда. Соңғы жылдары елімізге жұмыс не білім іздеп 12 мың адам келсе, керісінше, сыртқа ағылғандар 2,5 есеге көбейіп, 28 мыңнан асыпты. Көптеген дәрігерлер, экономистер, педагогтар мен техникалық мамандық иелерінің бірқатары Қазақстаннан тыс жерде еңбек етіп жүр. Ішкі істер министрлігіне қарасты Көші-қон полициясы департаментінің ұсынған мәліметі бойынша, соңғы бес жыл ішінде ТМД елдеріне 157,9 мың қазақстандық, алыс шет мемлекеттерге 11,3 мың отандасымыз қоныс аударған. Осыдан үш жыл бұрын «Стратфор» агенттігі қазақстандықтардың 10 пайыздан астамы шетелде жұмыс істейтінін жазса, Дүниежүзілік банк Қазақстан еңбек мигранттары саны жөнінен әлем бойынша – тоғызыншы, ТМД елдері арасында Ресей мен Украинадан кейінгі үшінші орында екенін мәлімдеген болатын. Шет мемлекетке кетіп жатқан мамандар арасында ұшқыштар да көп. Соңғы екі жылда қазақстандық 100-ден астам тәжірибелі ұшқыш шетелге кетіп қалған. Сондықтан Азаматтық авиация комитеті елімізге посткеңестік елдердің пилоттарын тартуға мәжбүр.
Бізде «Дипломмен – ауылға», «Алғашқы жұмыс орны», «Жастар практикасы» сияқты бағдарламалар бар. Бірақ, бұл жобалар көп жағдайда қағаз жүзінде ғана қалып кетеді. Осы бағдарламаларды шын мәнінде жұмыс істейтіндей етіп кеңейтіп, қолына енді ғана диплом алған жастарды еңбекке орналастыратындай жағдай жасап, қайта қараған жөн сияқты. Сонда ғана «жоғары білімділер» қатары азайып, қоғамға қажетті мамандар қалыптастыра аламыз. Маман тапшылығын айтпас бұрын, маманға жұмыс істеуге қолайлы жағдай жасау жөнін де ойластыру керек.
Ауылдағылар туған жерлерінен тұрақты жұмыстың, жоғары табыстың жоқтығынан қашады. Шет мемлекетке кетіп қалудың негізгі себептерінің бірі сол. Ал, шет мемлекеттерде кез келген маманды жұмысқа қабылдай бермейді. Олар да өздеріне болашағынан үміт күттіретін, білімі арқылы сол елге пайда әкелетін жастарды тартады. Ал, біз елімізге пайда әкелетін жастарды неге жат елдерге жібереміз? Шет мемлекеттер қазақстандық жастарға білім грантын тектен тек бермейді. Олар ә дегеннен ақысыз білім беріп, жақсы оқытып, өздерінде жұмыс істеуге алып қалуды көздейді. Жұмыс бар, қолдау бар, табыс та жақсы, кәсіби маман енді өзінің сүйікті ісіне беріліп кіріседі. Осылай жүргенде жастар сол елді жерсініп, елге қайтқысы келмей қалады. Сөз жоқ, шетелдерде білім алу, озық технологияларды игеру – бүгінгі күннің басты талабы. Мұның бәрі біздің еліміз үшін керек-ақ. Сондықтан шетелде білім алған жастарды елге қайтарудың тетігін табуға тиіспіз.
Шын мәнінде, шетелде білім алғандар мен өзімізде оқығандардың ара салмағын тиісті орындар анықтай жатар. Біздің білетініміз, елімізде жоғары оқу орындарының жеткілікті екені. ҚР Ұлттық статистика бюросының ресми мәліметі бойынша былтыр 152,8 мың студент ЖОО бітірген. Биыл олардың саны 193 мыңға жетті. Бұрын облыс орталығы болған Шымкент қаласының өзінде 7 университет бар. Түркістан қаласында 4 университет студенттер қабылдайды. Биыл Қ.А.Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетін бакалавр деңгейі бойынша 1634 түлек бітірді. Ал, М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан зерттеу университетінен 4920 студент диплом алып шықты. Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетінен 2286 түлек қанат қақты. Қарап отырсақ, университет бітіргендердің басым көпшілігі біздің өңірден екен. Ал, осыншама дипломды жас мамандығы бойынша жұмысқа орналасып кете алды ма? Мәселе осында.
Жақында ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі алдағы оқу кезеңіне бөлінген тегін оқу орындары мен квоталардың жай-жапсарын қарады. Сөйтіп мемлекеттік білім беру тапсырысы қазіргі еңбек нарығындағы маман тапшылығы мен сұранысына қарай бекітілді. Яғни биылғы гранттардың 60 пайызы инженерлік және техникалық мамандықтарға бағытталған. Мұғалімдер мен басқа да мамандықтарға 20 пайыздық үлес тиіпті. 2026-2027 академиялық оқу жылында бакалавр деңгейі бойынша білім алу үшін шамамен 75 мың мемлекеттік стипендия қарастырылды. Міне, осыдан-ақ, елімізде еңбек нарығына қажет мамандар даярлауға бетбұрыс жасалғанын аңғарамыз. Бірақ, бұл да жеткіліксіз сияқты. Өйткені, дипломы болғанымен, жұмыс таппай сергелдеңге түскен жастар аз ба?!
Алдағы уақытта дипломды жұмыссыздарды барынша азайтудың жолын таппасақ, білім жарысында бірталай келеңсіздіктерге ұрынарымыз анық. Сондықтан өндіріс, құрылыс, өнеркәсіп мекемелерімен тығыз қарым-қатынас орнатып, аса зәру мамандарды барынша жан-жақты білімді етіп даярлау керек. Бұл – бүгінгі күннің басты талабы!