Жалғыз жүріп жол тапқанша...
немесе отбасы құру жасы неге ұлғайып барады?
Елімізде демография «демігіп» тұр. Жастардың ұрпақ өрбітіп, артында із қалдыратын шағында өз теңін таппай, сүрбойдақ жүруі қоғамды да алаңдата бастады. Әлеуметтанушылардың айтуынша, бұл келеңсіздікке жастардың өзімбілермендігі де кесірін аз тигізіп жатқан жоқ көрінеді.
Статистикаға көз жүгіртсек, қазір қырықтан асса да жастығын қимай жүргендер аз емес. Дәлірек айтсақ, бойжеткендердің 30 пайызы өз теңін таппай жүрсе, тепсе темір үзетін азаматтардың 40 пайызы сүрбойдақ күйінде қартайып барады.
Жастардың дені өздерінің бас құрай алмай жүргендеріне әлеуметтік жағдайды желеу етеді. Әрине, үй-күйсіз жүрген бойдақтардың алдымен жағдай жасап алып, сосын үйленемін деуі дұрыс та шығар. Бірақ, осылайша әлеуметтік жағдайды бірінші орынға қойып, уақыт өткізіп жүргенде одан да маңызды нәрсе – ұрпақ өрбіту қабілеті төмендеп кетпей ме? Бұдан бөлек, өз жағдайын жалғыз жүріп жасап алған адамға екінші біреудің сырттан келіп сіңісуі де оңай болмайды. Оның салдары көп ұзамай ажырасумен аяқталуы мүмкін. Сүрбойдақтардың шамадан тыс көбейіп кетуінің тағы бір себебі — таңдаған жанның табылмауы. Өз жағдайын жасап алған қыз жалаңаяқ жігітке болашағын сеніп тапсыра алмайды. Ал, отыздан асқан ер азамат өзіне ақыл айтатын кәрі қыздан гөрі, әлі оң-солын тани қоймаған жас қыздарға көбірек ынтық болады. Осылайша оқыған-тоқыған қызды менсінбей, көңіліндегі жанды кездестіре алмай жүргенде уақыт зымырап өте шығады. Бұл жағдай еліміздің демографиялық ахуалына кері әсерін тигізіп, сүрбойдақтар мен кәрі қыздардың санын көбейтуге себеп болып отыр. Сайып келгенде мұның зардабы бүкіл қоғамға тиеді. Өз теңін таппай, ұзақ жыл жалғыздықта өмір сүргендердің жүйкесі тозып, кінәмшіл бола бастайтын көрінеді.
Белгілі бір себептермен бас құрай алмай қалған бір танысымыз бар еді, соның өзі қанша жерден сыр алдырғысы келмегенімен өмірінің бекерге өткеніне өкінетін сияқты. Өйткені, бұрынғыдай алданыш ететін қызмет жоқ. Қамқор болатын әке-шешесі «иті жоқ ауылға» кеткен соң туысқандары да келуді сиреткен. Даңғарадай үйде ертелі-кеш жалғыз отыратын ол көңіл қалауындағы ісін қашанғы ермек етсін, одан да жалыға бастағанда жалғыздығына налып, өткен өміріне өкінетін сияқты.
Иә, ертеректе ерлі-зайыптылар жастары жиырмадан асар-аспаста тұңғыш перзенттерін қолына алатын. Онысын ата-әжесінің тәрбиесіне беріп, өздері қырық-елуге дейін тағы біраз перзентті өмірге әкіліп, тәрбиелейтін. Осылайша ұрпақтар сабақтастығы сәтті жалғасып жататын. Қазіргі Тұңғышбайлардың басым бөлігі ата-анасы қырыққа жақындағанда барып туылады. Сүйегі қатайған соң перзент сүю де қиын, ары кетсе бір-екі баламен шектеледі. Дана халқымыз «Жалғыз ұлы бардың шығар-шықпас жаны бар» дейді. Баланың жалғыз болуы демографияға кері әсер етіп қана қоймай, оның толыққанды жетілуіне де өз салқынын тигізетін сияқты.
Ертеректе ер-азаматтың елуге дейін сүрбойдақ атанып, еркелеп жүруі деген атымен жоқ болатын. Сүйекке сіңген «Он үште отау иесі» дейтін ұғыммен ұлдарын ерте қанаттандыратын. Бүгінде қатар қонған екі-үш үйдің бірінде қиялындағы қызды, арманындағы ұлды кезіктіре алмай, тізесін құшақтап отырған жігіт пен қыз жетіп артылады.
Қазіргі жастардың ойын материалдық байлық бұзып тұрған сыңайлы. Оған отбасыдағы тәрбиеден гөрі әлеуметтік желілердегі сан алуан тақырыптағы «насихат» та кінәлі дер едік. Жар таппаған қыз тұрмысын, киім-кешегін, дүние-мүлкін айтып мақтанады. Жалғыздық Жаратқанға ғана жарасатынын ескермейді. Осыны көрген өзге жастар да отау құруға асықпайды. Жаңағы жалғыздықтан «жарылқанған» арудың өміріне қызығады. Дәл сол сияқты дүние жинап, алыс-жақын шетелдің жанға жайлы демалыс орындарында қыдырып жүргісі келеді. Пенденің пешенесіне жазылған отбасын құрып, перзент сүю деген қасиетті міндеттерді – шын мәніндегі бақытты қаперлеріне алмайды.
Шынында да, өз жағдайын жасап алған қыз отыздан асқанша әлеуметтік-тұрмыстық жайын түзей алмай жүрген, сәл қаттырақ айтқанда, жалаң аяқ жар кешіп жүрген жігітті менсіне қояр ма екен? Таңдаған жанның табылмауына бір себеп осы.
Психологтардың айтуына қарағанда, қыздардың тұрмысқа кеш шығып, ер- азаматтардың шаңырағын кеш көтеруіне бір себеп, толық емес отбасылардың көптігі. Өйткені, олар анасының жалғыз тәрбиелегенін көріп, осылай да күн көруге, өмір сүруге, осылай да бақытты болуға болады екен деп ойлайды. Біз де психолог пайымын безбендеп көрдік. Көзтаныс ағайынның ішінде толық емес отбасыдан шыққан бозбалалар мен бойжеткедердің жалғыз жүргендері көп екен. Демек, дәм-тұзы жараспай, ажырасып жатқандардың салқыны бүгінгі жастарға да тиіп жатыр деген сөз.
Психолог Айна Өмірзақованың айтуына қарағанда, жүргізілген сауалнама нәтижесін сараптағанда, жастары жер ортасына таяп қалған бойдақтардың көбі әлеуметтік желі арқылы жар іздеуге көшкен. Бұл тығырықтан шығарар төте жол емес. Өйткені, танысқандарына аз ғана уақыт өтіп, ештен кеш жақсы деп тәуекелге бел буған жастардың басым бөлігі арада жыл өтпей-ақ мінезіміз жараспады деген желеумен ажырасып жатады. Осындай себептерден де толық емес отбасылар көбейіп барады. Міне, осыдан кейін бұл мәселені бүгінгі күннің ең өзекті проблемаларының бірі емес деп қалай айта аласыз?
А.ҚҰДАЙБЕРДІҰЛЫ.