Зейнеткерлікке шығарда нені білу керек?

Елімізде жыл сайын 130-150 мың адам зейнеткерлік демалысқа шығады екен. Еңбектің зейнетін көретін жасқа жақындаған адамдарда зейнетақыға қатысты түрлі сұрақтар туындайтыны заңды. Әсіресе, зейнетақы тағайындау тәртібі, төлем мөлшері мен қажетті құжаттарға қатысты сұрақтар көп қойылады. Осы және өзге де жиі қойылатын сауалдарға ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің Түркістан облысы бойынша департаментінің басшысы Бегман НҰРМАХАНОВ жауап береді.

– Еңбек өтілі бірдей немесе шамалас адамдардың зейнетақысы неге әртүрлі болады?
– Зейнетақы мөлшері адамның қанша жыл еңбек еткеніне ғана байланысты емес. Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексіне сәйкес, зейнетақыны есептеу кезінде еңбек өтілімен қатар адамның табысы да ескеріледі. Сонымен бірге зейнетақы жүйесінің бірнеше бөлігі бар. Оларға мемлекеттік базалық зейнетақы, жасына байланысты зейнетақы және Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан төленетін төлем жатады. Еңбек өтілі бірдей екі адамның алатын зейнетақыларының әртүрлі болатыны содан.
Мысалы, бір адамның зейнетақы есептеу кезінде ескерілетін табысы жоғары болуы мүмкін. Екінші адамның еңбек өтілі көбірек болуы ықтимал. Одан бөлек, олардың зейнет-ақы қорындағы жинақтары да бірдей болмауы мүмкін.
Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан төленетін қаражат азаматтың жеке зейнетақы шотындағы жинағына байланысты. Жинақ неғұрлым көп болса, төлем де соғұрлым жоғары болады.
Қарапайым тілмен айтқанда, зейнетақы мөлшерін анықтағанда бірнеше көрсеткіш ескеріледі. Олар – еңбек өтілі, табыс мөлшері, зейнетақы жүйесіне қатысу өтілі және зейнетақы жинақтары. Сондықтан әр азаматтың зейнет-ақысы оның жеке көрсеткіштеріне қарай есептеледі.
– Зейнеткерлікке шығар алдында қандай құжаттарды тексерген дұрыс?
– Құжаттарды зейнеткерлікке шығатын уақытқа қалдырмай, алдын-ала тексерген дұрыс. Неғұрлым ертерек тексерсе, соғұрлым жақсы.
Ең алдымен, жеке куәлікті, еңбек кітапшасын және еңбек өтілін растайтын құжаттарды қарап шығу керек. Еңбек кітапшасында қажетті жазбалар болмаса немесе қателер кездессе, еңбек өтілін басқа құжаттармен растауға болады. Мысалы, жұмыс орнынан анықтама немесе архивтік құжат алуға болады.
Сондай-ақ, еңбек өтіліне есептелетін жекелеген кезеңдерді растайтын құжаттарды да тексерген жөн. Мұндай құжаттарға диплом, әскери билет, балалардың туу туралы куәліктері және басқа да қажетті құжаттар жатады. Әсіресе, 1998 жылғы 1 қаңтарға дейінгі еңбек өтіліне назар аударған дұрыс. Бұл кезең жасына байланысты зейнет-ақыны тағайындау кезінде ескеріледі.
Қазақстан Республикасы Әлеуметтік кодексінің 209-бабына сәйкес, еңбек өтілі тиісті құжаттармен расталады. Сонымен бірге зейнетақы жарналарының түсуін және Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы жинақтарды алдын-ала тексеруге кеңес берген болар едік. Міндетті зейнетақы жарналарының жеке зейнетақы шотыңызға түскеніне көз жеткізген жөн. Егер қандай да бір құжат немесе мәлімет жетіспесе, оны ертерек анықтаған дұрыс. Сонда қажетті құжаттарды іздеуге, қалпына келтіруге немесе мәліметтерді растауға көп уақыт жоғалтпайсыз. Ол үшін жұмыс берушіге, архивке немесе тиісті мемлекеттік органдарға жүгінуге болады. Сондықтан азаматтарға айтар кеңесіміз қарапайым: зейнет жасына жақындағанда ғана емес, одан бұрын еңбек өтіліңізді, құжаттарыңызды, табыс туралы мәліметтерді және зейнетақы жинақтарыңызды тексеріп қойыңыз. Бұл кейін қиындық туындамауына және зейнетақыны тағайындау процесінің тезірек жүруіне көмектеседі.

С.МӘТҚАЛИҰЛЫ.
Пікір қалдырыңыз