Мықты мемлекет шағын шаңырақтардан құралады

Сабырбек Олжабай,
«Оңтүстік Қазақстан».

Кім-кімге де ұшқан ұясының орны бөлек. Өскелең ұрпақтың өз отбасында тәлім-тәрбие алып, ұлттық құндылықтарды бойына сіңіріп өсуі қоғам үшін де, мемлекет үшін де маңызды. Өйткені, шаңырағының шаттығына шомылып, жан-жақты болып өскен ұрпақтың берері мол. Салт-дәстүрге құрмет те, туған елге сүйіспеншілік те қасиетті қарашаңырақта қалыптасады. Ендеше, адамның саналы ғұмырында отбасының орны қашанда биік.

Отбасы қоғамның ең басты  ұясы болғандықтан,  мемлекет оған ерекше қамқорлықпен қарайды, мүмкіндігінше көмектеседі, кім-кімнің болсын оған сырттан заңсыз араласуына жол бермейді және қорғайды. Әрине, отбасылы азаматтарға мемлекет те белгілі бір талаптар қояды. Ең бастысы, мемлекет қойған талаптарды бұлжытпай орындау. Сонда ғана мемлекет те неке, отбасына қамқорлық жасау туралы міндеттемелер қабылдайды.  Бұл міндеттер кездейсоқ қабылданған ереже немесе заң емес, олар азаматтардың кемелденуіне және  қоғамның  мүдделеріне байланысты туындайды. Жасыратыны жоқ, бізде отбасылық зорлық-зомбылық мәселесі әлі де тыйылмай келеді. Оған мысалдар да аз емес. Ал, осындай сорақылықтарға жол бермеу, отбасы құндылықтарын сақтау мемлекет тарапынан қорғалады.
Жалпы, отбасы мәселесі  – әлемдегі ең күрделі проблемалардың бірі. Сондықтан халықаралық құқықтағы неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы қатынастарын реттейтін нормалар қатарына «Адам құқықтары туралы» жалпыға бірдей Декларация, «Экономикалық, әлеуметтік және мәдени құқықтарды қорғау туралы» халықаралық пакт, «Азаматтық, отбасылық және қылмыстық істер бойынша құқықтық қатынастар және құқықтық көмек туралы» 1993 жылғы 1 қаңтардағы Минск Конвенциясы, Қазақстан Республикасы Заңымен 1999 жылғы 30 желтоқсанда ратификацияланған «Шет елден алимент өндіріп алу туралы» 1962 жылғы  5 қыркүйектегі Конвенция, «Некеге тұруға келісім беру, неке жасы және некеге тіркеу туралы» 1966 жылғы халықаралық Конвенция, сондай- ақ 1966 жылғы «Азаматтық және саяси құқықтары туралы» пактінің факультативті протоколы, «Бала  құқығы туралы» 1959 жылғы халықаралық Декларация, Біріккен Ұлттар Ұйымының 1959 жылғы «Балалар құқығы туралы» Конвенциясы, «Балалар құқықтарын қорғау және халықаралық  бала асырап алу туралы» 1993 жылғы 29 мамырдағы халықаралық Конвенция жатады. Қазақстан Республикасы осындай көптеген конвенцияларды мойындаған, осы бағыттағы халықаралық ұйымдарға мүше болып табылады. Осыдан-ақ, отбасылық мәселе әлемдік деңгейде назар аударарлық жағдайда екенін пайымдауға болады.
Шаңырақ шырқы болмашы себептермен бұзылып жатады. Өкініштісі, жоғарыда айтқанымыздай, отбасылық  зорлық-зомбылық бізде әлі де үзілді-кесілді тыйылмай келеді. Сондықтан да 2024 жылғы 15 сәуірде ҚР «Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес туралы» Заңға қол қойылды. Бұл заң әйелдер мен балаларға қатысты қылмыстар үшін жазаны күшейтуді көздейді. Осылайша, бұрын ұрып-соғу және денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру әкімшілік құқық бұзушылық ретінде сараланып келсе, енді осы тектес қылмыстар үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Жазаларға 80-нен 200  АЕК-ке дейін айыппұл, 200 сағатқа дейін қоғамдық жұмысқа тарту және 50 тәулікке дейін қамауға алу жатады. Жәбірленушіні азаптағаны үшін 600 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстарға тарту немесе 3 жылға дейін бас бостандығынан айыру, денсаулыққа орташа ауырлықтағы зиян келтіргені үшін 2 жылға, денсаулыққа ауыр зиян келтіргені үшін 3 жылдан 8 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылады.
Әрине, аталған заң жайдан жай шығарылған жоқ. Мемлекеттің басты ұстанымының өзі әр отбасының бақытты да бай-қуатты болуын қамтамасыз ету. Өйткені, үйдің бір уығы қисайса, тұтас шаңырақ құлауы мүмкін. Сондықтан әр отбасының түтіні түзу шығып, ошағында оты өшпеуін мемлекет ұдайы назарда ұстайды. Бұған мыңдаған мысал келтіруге болады. Отбасын қолдау орталықтарының жұмыстары да  бұған дәлел. Мемлекет сондай-ақ жас шаңырақтардың жеңілдікпен баспана алуына мүдделілік танытады. 
Ана мен баланы, жалпы, жас сәбилері бар отбасыларды  әлеуметтік қолдау және әлеуметтік көмек пен әлеуметтік сақтандырудың көп деңгейлі жүйесі арқылы қамтамасыз ету – елдің мемлекеттік саясатының негізгі бағыттарының бірі. Бүгінде еліміздегі жас балалы отбасыларға республикалық бюджет есебінен  мемлекеттік жәрдемақының 5 түрі және Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан  әлеуметтік төлемдердің 2 түрі төленеді. Балалары бар отбасыларға берілетін мемлекеттік жәрдемақылардың мөлшері ең төменгі күнкөріс деңгейі және айлық есептік көрсеткіш шамасына байланысты белгіленеді. Бала өмірге келген соң біржолғы жәрдемақы тағайындалады. Жұмыс істейтін әйелдер үшін бір жарым жасқа дейінгі бала күтімі бойынша бюджеттен ай сайынғы жәрдемақы дүниеге келген баланың санына байланысты, бірінші, екінші, үшінші және одан кейінгі балаларға  19 872 теңгеден 30 705 теңгеге дейінгі  мөлшері ұлғайтыла отырып төленеді. Жұмыс істейтін ата-аналар үшін бір жарым жасқа дейінгі бала күтіміне байланысты табысынан  айырылған жағдайда мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан берілетін әлеуметтік төлем мөлшері орташа айлық табыстың 40 пайызын құрайды. Сонымен қатар студент балалары бар отбасылар үшін де мемлекеттік қолдау бар.
Мемлекетіміз сонымен қатар қоныс аударушыларға, тұрғын үйді жалға алғандарға субсидия төлейтін нормативтер де қарастырған. Әлеуметтік жағынан аз қамтылған және көпбалалы отбасыларға қолдау көрсетіледі. Бір мақалада отбасыларға көрсетілетін мемлекеттік қолдауларды түгел қамту мүмкін емес, әрине. 
Халықтың табыс көзін көбейтіп, әл-ауқатын арттырудың бірден-бір тиімді жолы  – жұмыс орындарын көптеп ашу. Елімізде күн сайын дерлік бірнеше мыңдаған жұмыс орындары ашылып жатады. Бірақ, сол орындарға кімдер барады? Әңгіме осында. Базбір ірі өндіріс орындарының қожалары шетелдік мамандарды қабылдап, оларға жоғары жалақы тағайындайтыны да айтылып қалады. Демек, бұл тұрғыда ойланатын мәселе көп.
Жалпы, отбасыларға қолдауды бір ғана мемлекеттің  иығына артып қоюға болмайды. Отбасыларға ірі кәсіпорын, өнеркәсіп орындарының басшылары да қамқорлық көрсетіп отырса, көптік етпейді. Осы жерде бір мысал айта кеткенді жөн көріп отырмыз. Түрлі жағдайларға және табиғат апаттарына байланысты баспанасы өртеніп немесе басқадай зиянға батып қалатын жағдайлар болмай тұрмайды. Осы ретте халқымыздың жомарт пейіліне байланысты зардап шегушілерге асарлатып көмек беру үрдісі бізде әлі де өміршеңдігін жоғалтқан жоқ. Соған қуанамыз. Бұған мысалды  облысымыздың барлық аудандары мен қалаларынан көптеп келтіруге болады.
Үлкен мемлекет шағын шаңырақтардан құралады. Сондықтан, әрқайсымыз әрбір әлеуметтік тұрғыдан әлсіз қорғалған отбасының қамқоршысы болсақ, еліміз бұдан да гүлденіп, дами түспек. Қазақстан атты ортақ үйімізде біріңді бірің бауыр, біріңді бірің дос, көрмесең істің бәрі бос.
Пікір қалдырыңыз