Санитариялық қызметтің сардары
Санитариялық қызмет – сырт көзге байқала бермейтін, алайда, қоғамның қауіпсіздігі мен халық денсаулығы үшін аса маңызды сала. Бұл бағыттағы мамандардың еңбегі көбіне аурудың алдын алумен, қауіптің таралуына жол бермеуімен өлшенеді. Ал осындай жауапкершілігі жоғары салада Нұрбек Садықбекұлы Нышанов — саналы ғұмырының қырық жылға жуық уақытын сарп етіп, қажырлы қызмет еткен білікті маман, тәжірибелі басшы. Өзінің кәсіби білімі мен жылдар бойы жинақтаған бай тәжірибесін ел игілігіне арнаған азамат.
1984
жылы ол еңбек жолын Леңгір (Төлеби) аудандық санитариялық-эпидемиологиялық стансасының
санитарлық дәрігер көмекшісі болып бастады. Ал,1986 жылы Бөген (Ордабасы)
ауданына дәрігер-эпидемиолог болып ауысты. Жас маман еңбекке араласқан уақыттан-ақ
халықтың санитарлық-эпидемиологиялық саламаттылығын қамтамасыз етуді, жұқпалы
аурулардың алдын алуды және адам денсаулығын қорғауды өзінің өмірлік мұратына
айналдырды.
Нұрбек Нышановтың өмір жолы оңай болған
жоқ. Ол санитариялық-эпидемиологиялық қызметтің талай күрделі кезеңін бастан
өткеріп, аса қауіпті жұқпалы аурулардың алдын алу мен оларға қарсы күрестің ылғи
алдыңғы шебінде жүрді. Әр жылдары қалыптасқан күрделі эпидемиологиялық
жағдайларда дұрыс әрі батыл шешім қабылдап, мамандардың жұмысын шебер үйлестіре
білді. Тұрғындар үшін қажетті санитарлық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бар күш-жігерін
салды.
Кәсіби білімі тәжірибеде толысып,
ұйымдастырушылық қабілеті шыңдала келе Нұрбек
Садықбекұлы қызметтік баспалдақпен жоғарылап, жауапты лауазымдарда еңбек етті. Атап
айтқанда, 2002-2009 жылдары ОҚО санитариялық-эпидемиологиялық стансасының аса
қауіпті жұқпалы аурулар бөлімінің меңгерушісі қызметіне көтерілді. Сөйтіп,
өңірдегі аса қауіпті инфекциялардың алдын алу мен эпидемиологиялық ахуалды
бақылау бағытындағы жұмыстарға жетекшілік етті. Ал, 2009-2013 жылдары Төлеби
аудандық санитариялық-эпидемиологиялық қадағалау басқармасын басқарды.
2013-2014 жылдары Қазақстан Республикасы
Денсаулық сақтау министрлігі Мемлекеттік санитариялық-эпидемиологиялық
қадағалау комитетінің Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша департаментінің басшысы
қызметіне тағайындалды. Сөйтіп, бұл кезеңде ол өңірдегі санитариялық-эпидемиологиялық
бақылау жүйесін ұйымдастыруға және қызметтің тиімділігін арттыруға өз үлесін
қосты. Арада көп уақыт өтпей жатып, дәлірек айтқанда, 2015-2017 жылдары
Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі Тұтынушылардың құқықтарын
қорғау комитетінің Оңтүстік Қазақстан облысы Тұтынушылардың құқықтарын қорғау
департаментіне қарасты Төлеби аудандық тұтынушылардың құқықтарын қорғау
басқармасының басшысы қызметін атқарды.
2017 жылдан Түркістан облыстық
санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы қызметін күні
кешегіге дейін, 9 жылдай атқарып, өңірдің санитариялық-эпидемиологиялық
саламаттылығын қамтамасыз ету бағытындағы ауқымды жұмыстарға басшылық жасады.
Осы жылдар ішінде Нұрбек Садықбекұлы өзін мықты маман, білікті басшы ретінде
таныта білді. Мәселен, 2002-жылдардан бастап аса қауіпті жұқпалы ауруларға
қарсы күрес жұмыстарының бел ортасында болды. Оба, тырысқақ және басқа да
жұқпалы аурулардың алдын алу, табиғи ошақтарды ұдайы бақылауда ұстау,
эпидемиологиялық ахуалды тұрақты бақылау бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілді.
Бұл кезеңдерде санитариялық қызмет мамандарының жедел әрі сауатты әрекеті халық
арасында аурулардың жаппай таралуына жол бермеудің маңызды факторы болды.
Ал, 2019 жылы Арыс қаласында болған қайғылы
жарылыс кезінде де Нұрбек Садықбекұлы азаматтық жауапкершілігі мен кәсіби
біліктілігін айқын көрсетті. Төтенше жағдай орын алған сәтте оқиға орнына
алғашқылардың бірі болып барып, халықтың санитариялық қауіпсіздігін қамтамасыз
ету жұмыстарына тікелей атсалысты. Қиын жағдайда елмен бірге болып,
санитариялық-эпидемиологиялық тәуекелдерді бағалау, қажетті шараларды
ұйымдастыру және тұрғындардың денсаулығын қорғау бағытында ауқымды жұмыстарды
жүргізуге бастамашылық танытты.
Дүние жүзіндегі қара дақ ретінде ел есінде
қалған 2020 жыл санитариялық-эпидемиологиялық қызмет тарихындағы ең күрделі
кезең ретінде есте қалғаны анық. Күллі әлемді дүр сілкіндірген COVID-19
пандемиясы Қазақстанға да үлкен сынақ әкелді. Осындай жауапты кезеңде Нұрбек
Садықбекұлы Түркістан облысының бас санитариялық дәрігері ретінде аймақтағы
індетке қарсы күресті ұйымдастыруға батыл жетекшілік жасады. Пандемия кезінде СЭС
мамандары тәулікпен санаспай еңбек етті. Аурудың таралуын бақылау, инфекциялық
ошақтарды анықтау, байланыста болған адамдарды бақылау, шектеу шараларын
ұйымдастыру, халық арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізу сияқты көптеген
бағыттағы жұмыстар бір мезетте әрі сапалы атқарылды. Осындай сын сағатта Нұрбек
Садықбекұлының зор ұйымдастырушылық қабілеті мен көп жылдық тәжірибесі айрықша
көрінді. Қабылданған жүйелі шешімдер мен ұйымдастырылған кешенді шаралардың
нәтижесінде Түркістан облысының эпидемиологиялық ахуалы тұрақты бақылауда
болды. Өңіріміз ұзақ уақыт бойы «жасыл аймақта» сақталып тұрды. Пандемия оның
басшылық қабілетін ғана емес, адамдық болмысын да айқындады. Ел басына күн
туған сәтте жұртшылықпен бірге болып, медицина және санитариялық қызмет
мамандарымен етене әрі тығыз байланыста жұмыс істеді. Қиын шақта әріптестерінің
жанынан табылып, ауыртпалыққа мойымай, медицина қызметкерлерін ортақ мақсатқа
жұмылдыра білді, бағыт-бағдар берді.
2021 жылы көршілес Өзбекстан
мемлекетіндегі Сардоба су қоймасының жарылуы салдарынан туындаған төтенше
жағдай да санитариялық-эпидемиологиялық қызмет үшін үлкен сынақ болды. Бұл
кезде де Нұрбек Садықбекұлы жинақтаған көп жылғы тәжірибесін тиімді пайдаланып,
санитарлық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жұмыстарына белсене қатысты. Төтенше
жағдайлардың салдарын жою кезінде оның шыңдалған тәжірибесі, темірдей төзімі
мен жауапкершілігі тағы бір мәрте танылды.
Иә, оның кәсіби қызметі тек төтенше
жағдайлармен немесе індетке қарсы күреспен шектелген жоқ. Жылдар бойы халықтың
санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығын қамтамасыз ету, мемлекеттік
санитариялық бақылауды жетілдіру, жұқпалы және паразиттік аурулардың алдын алу,
ауызсудың қауіпсіздігін бақылау, қоғамдық тамақтандыру нысандарының
санитариялық талаптарға сәйкестігін қамтамасыз ету, балалар мен жасөспірімдер объектілеріндегі
санитариялық жағдайды бақылау сияқты көптеген маңызды бағыттағы жұмыстарға
жетекшілік етті.
Білікті басшының ерен еңбегі ескерусіз
қалған жоқ. Мемлекет тарапынан да лайықты бағаланды. Ол «Денсаулық сақтау
ісінің үздігі» төсбелгісімен, «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне — 25
жыл» медалімен, «Қазақстан Республикасының үздік мемлекеттік қызметшісі»
төсбелгісімен марапатталды. Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен
«Халық алғысы» медаліне және «Құрмет» орденіне ие болды. Бұл марапаттардың
әрқайсысы – оның ел денсаулығын қорғау жолындағы көп жылғы еңбегінің, кәсіби
жауапкершілігінің және мемлекеттік қызметке деген адалдығының айғағы.
Нұрбек Садықбекұлының басшылығымен кезінде Түркістан
облысының санитариялық-эпидемиологиялық қызметінде 320-дан астам мемлекеттік
қызметкер мен 160 әкімшілік қызметкер өңірдегі қоғамдық денсаулықты қорғау
бағытында күнделікті тынымсыз еңбек етті. Оның қызметтегі талапшылдығы мен
жауапкершілігін, қиындыққа мойымайтын табандылығын және адамдармен тіл табыса
білетін қасиетін әріптестері әрдайым жоғары бағалады. Ендеше, бұл – бір адамның
ғана емес, тұтас ұжымның қалыптасуына, кәсіби сабақтастықтың орнығуына қосылған
үлкен лайықты үлес. Ұжым мүшелері Нұрбек Садықбекұлы тек басшы ғана емес,
өмірлік тәжірибесімен бөлісетін аға буын өкілі, кәсіби бағыт-бағдар беретін
тәлімгер ретінде де таниды. Оның өнегелі еңбек жолы кейінгі жас мамандарға
үлкен мектеп болары даусыз. Санитариялық қызмет тарихындағы өзіндік орны бар саңлақ
екені сөзсіз. Кәсіптік мереке қарсаңында Нұрбек Нышановтың ерен еңбегі жайында
айтуды парыз санадым.
С. МӘТҚАЛИҰЛЫ.