Аңшы, сіз ескеретін мәселе көп
Негізі аңшылық маусым көктемгі және күзгі болып екіге бөлінеді. Көктемгі маусым 15 күннен тұрады. Ол ақпан айының аяғынан басталып, наурыз айына дейін ұласады. Көктемгі маусым әр кезде әртүрлі болады, яғни құстардың келуіне және ауа райына қарай белгіленеді. Дәл осы уақытта жабайы құстарды, оның ішінде кебісбас, жасылбас, шүрегей, қасқалдақ секілді үйректерді аулауға рұқсат беріледі. Бірақ, бұл құстарды қынадай қыра беруге болады деген сөз емес. Мүмкіндігінше аталық құстарды ғана нысанаға алған жөн. Ал, күзгі аңшылық қыркүйек айының алғашқы күнінен басталады. Салқын түсісімен жабайы құстар қоң жинай бастайды. Мысалы, құр, шіл, бұлдырық, қаз, үйрек сынды құстарды аулауға осы кезең өте қолайлы. Сондай-ақ, қыркүйектен желтоқсанның 31-не дейін жабайы қабан, қоян, қарсақ, түлкі аулауға болады. Тағы бір ескерте кететін жайт, аң атуға міндетті түрде рұқсат алынуы керек. Егер аңшылық жасауға рұқсат алмасаңыз онда құзырлы орындар шара көретін болады.
Аңшылық көп адамдар үшін жай ғана қызығушылық емес, дәстүр, ашық ауада уақыт өткізу және тұмса табиғаттың кереметін сезіну болып табылады. Бірақ, аң аулаудың ережелері мен тәртібін естен шығармаған жөн. Әуесқой аңшылардың да арнайы құжаттары болуы қажет. Дәлірек айтсақ, аңшы куәлігі, жануарлар дүниесін пайдалануға рұқсат, аңшылық шаруашылығы субъектісінің жолдамалары, аңшылық атыс қаруын қолдана отырып аң аулау кезінде Қазақстан Республикасының ішкі істер органдарының аңшылық атыс қаруын сақтау және алып жүру құқығына рұқсаты талап етіледі. Сондай-ақ, әр аңды өз мезгілінде аулаған жөн. Мысалы, қарсақ, түлкі, қояндарды 1 қарашадан 15 ақпанға дейін ауласа, қаз, үйрек, қасқалдақты тамыздың соңғы күндерінен қараша айының соңына дейін, кекілікті 6 қыркүйектен 30 қарашаға дейін, қарақұйрықты 15 қыркүйектен 30 қарашаға дейін аулауға болады. Борсықты 1 қыркүйектен 15 қарашаға дейін, қабанды қыркүйектің бірінші сенбісінен 31 желтоқсанға дейін, елік, марал, еркек бұғыны 15 шілдеден бастап, жас аңдар мен ұрғашыларын 15 қыркүйектен 31 желтоқсанға дейін аулауға рұқсат.
Аң аулағанда мөлшерден асып кетуге болмайды. Міндетті түрде жануарлар дүниесін пайдалануға рұқсат алынуы тиіс. Сонымен бірге, аулауға рұқсат етілген жануарлардан басқа түрлеріне тиісуге болмайды. Сондай-ақ, аңшылық шаруашылығы субъектісінің жолдамасынсыз аң аулауға болмайды.
Тұяқты жануарларды аулау қорықшының немесе жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану жөніндегі мемлекеттік инспектордың қатысуымен ғана жүргізіледі.
Жабайы жануарларды аулау туралы белгі күн сайын аң аулау аяқталғаннан кейін не басқа аң аулау орнына көшкен кезде жасалады. Ал, тұяқты жануарларды аулау туралы белгіні аңшы жануарды атқаннан кейін бірден жасайды. Аң аулау тек құмарлық пен олжа ғана емес, ол – жауапкершілік. Әрбір әрекет саналы түрде жасалуы керек, өйткені аң аулау қағидалары мен ережелерін бұзу табиғатқа зиян тигізуі мүмкін.
Ернұр АРМАНҰЛЫ,
«Бадам орман және жануарлар әлемін қорғау жөніндегі» КММ-нің
қызметкері.