Орталыққа келген адамдар қарттығын ұмытады

Дана халқымыз «Қарты бар үйдің қазынасы бар» деп үлкен кісілерге ерекше құрметпен қараған. Қалай болғанда да үлкенді сыйлау, қарияны құрметтеу салтымызда бар дүние. Елімізде қарт адамдарға деген ықылас пен құрмет жыл сайын артып, мемлекет тарапынан көрсетілетін көмектің көлемі де ұлғайып келеді. Осы орайда  «Белсенді өмір сүру» орталықтары туралы айтпай кете алмаймыз. ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің 2021 жылғы «Белсенді ұзақ өмір сүру» іс-шаралар жоспарын бекіту туралы» бұйрығына орай ашылған орталықтар саны бүгінде 120-ға жетіп қалды. Олардың 57-сі қалада, 63-і ауылда орналасқан.

Түркістан қаласында «Белсенді ұзақ өмір сүру» орталықтары үш жерде жұмыс істейді. Негізгі орталық «Жеңіс саябағының» аумағында, филиалдары «Бекзат» және «Отырар» шағынаудандарында орналасқан. Бұдан бөлек, мүмкіндігі шектеулі жандарға әлеуметтік қызмет көрсететін «Тең қоғам» орталығы жұмыс істейді. Орталыққа келетін адамдар саны әр ай сайын өзгеріп отырады. Мәселен, бұл орталық 2024  жылы – 4200, 2025 жылы – 4076, 2026 жылы  4880 адамға қызмет көрсеткен. 
Орталықтың жұмысы егде жастағы адамдардың денсаулығын нығайтуға, әлеуметтік белсенділігін арттыруға, бос уақыттарын тиімді өткізу мен қоғам өміріне араласуына жағдай жасауға бағытталған. Мұнда денсаулықты сақтау, дене шынықтыру, оның ішінде скандинавиялық жүріс, тыныс алу жаттығулары, денсаулықты жақсартуға байланысты сабақтар жүргізіледі. Сонымен бірге орталық пациенттеріне психологтар кеңес беріп, жалғыздық пен эмоционалдық күйзелістің алдын алуға көмектеседі. Мұнда тек кеңес алып қана қоймай, ән айтып, би билеуге, қолөнермен айналысуға, шахмат, дойбы ойнауға, кітап оқып, мәдени іс-шараларға қатысуға болады. 
Таяуда «Белсенді ұзақ өмір сүру» орталықтарында болғанымда егде тартқан адамдардың қолөнермен айналысып жатқанын байқадым. Дәрігердің нұсқауы бойынша мұнда тұзбен емделіп жатқандар да аз емес екен. Бір легі аэробика залында дене шынықтырумен айналысып жатса, енді біреулері емдік тренажерлерді пайдаланып жатыр. Орталыққа келген сайын аға буынның ортасында жүрген жастарды жиі көремін. Олар қарттарға қызмет көрсетеді. Мұнда келушілер Гүлжамал Даханова басқаратын орталық қызметкерлеріне ұдайы ризашылықтарын білдіріп отырады. 

Күнпейіс ЖҰМАХАН,
облыстық ақсақалдар алқасының мүшесі, 
еңбек ардагері.
Пікір қалдырыңыз