Сіз жатқа оқуға тиіс бір өлең...
Ершат ҚАЙБОЛДИН
ҚАЗАҚ
Көшпендімін, көкбөрі Сақ пен Ғұнмын,
Тарихыма тау-тасты дәптер қылдым.
Жалаңаяқ, жалаңбас жауларымды,
Алтын сауыт кидім де, атпен қудым.
Күлтегінмін, Білгемін, Тоныкөкпін,
Зәре-құтын қашырдым төңіректің.
Көк Тәңірге еркелеп баласындай,
Жер бетінің патшасы болып өттім.
Жошы ханмын, бәріне әлім келіп
Алтын Орда кезінде дәуірледік.
Басын иіп, тізерлеп мұртты мұжық,
Жанын әрең сақтады барын беріп.
Жәнібекпін, Кереймін – бабам ортақ,
Қос бауырым Ноғай мен Қарақалпақ.
Мынау Қазақ Хандығы біздердікі,
Өзен ұзын, тау биік, дала жалпақ!
Мен Қазақпын, тектімін, түбіміз - Ғұн,
Кіші жүзбін, Орта жүз, Ұлы жүзбін.
Жер біздікі, аспан да біздердікі,
Түсін көріп тұрсың ғой туымыздың!