Бесік және бала тәрбиесі

Мұхтар Әуезовтің аузынан шыққан «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деген сөз халқымыздың бала тәрбиесіне ерте кезден мән бергенін көрсетеді. Қазақ үшін бесік – нәрестені бөлеп тастайтын орын ғана емес, бала күтімі мен тәрбиесіне қатысты қалыптасқан дәстүрдің бір бөлігі.

Бесікке салу – халқымызда ежелден келе жатқан салт. Әдетте бұл рәсімді көпті көрген, өнегелі әже атқарған. Баланы бесікке бөлер алдында шашу шашылып, үлкендер ақ батасын берген. Сәбиге ұзақ ғұмыр, денсаулық, бақ-береке, ақ жол тілеген. Мұның бәрі – сәбидің дүниеге келуіне қуанып, оған жақсы тілек білдірудің көрінісі.

Қазақ халқы бесікті де ерекше құрметтеген. Бесікті аяқасты етпеген, үстіне отырмаған, бос бесікті тербетпеген. Бұл дағдылар бесіктің отбасы өміріндегі орнын көрсетеді. Бесік ұрпақтан-ұрпаққа беріліп, отбасылық мұра ретінде сақталған.

Бесіктің бала күтімінде де өзіндік орны бар. Ол нәрестенің таза әрі жайлы жатуына, тыныш ұйықтауына жағдай жасаған. Бала бесікке үйренген жағдайда белгілі бір тәртіпке бейімделіп, ұйқысы мен тынығуы қалыптасады деп есептелген. Мұндай тәжірибе қазақ халқының бала күтіміне қатысты тұрмысы арқылы қалыптасқан.

Сәби есейіп бесік пайдаланудан шыққаннан кейін де оны кез келген жерге тастай салмаған, мүмкіндігінше төрге немесе биік жерге қойған. Ескірген бесікті де қоқысқа тастамай, өзіне лайықты түрде кәдеге жаратқан. Кей өңірлерде бесік ағашы шіруге жақындағанда оны өртеп, күлін ағаш түбіне көмген деген деректер де бар. Мұның астарында бесікке құрметпен қарау және одан тараған ұрпақтың амандығын тілеу ниеті жатыр.

Бесікке салу дәстүрі арқылы балаға деген қамқорлықпен қатар, үлкенді сыйлау, бата алу, ізетті болу сияқты тәрбиелік ұстанымдар да қалыптасқан. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» деген сөздің мәні де осында. Бала тәрбиесі отбасынан басталады. Ал, отбасыдағы тәрбие оның мінезі мен көзқарасының қалыптасуына әсер етеді.

«Тәрбие талбесіктен басталады» деген мәтел де осыны аңғартады. Әр отбасы өз баласына жақсы тәрбие беруге ұмтылады. Ұлттық салт-дәстүрді білу, оның мәнін түсіну және кейінгі ұрпаққа жеткізу – өткен мен бүгінді жалғастыратын маңызды жол.

Бесікке салу дәстүрі – халқымыздың тұрмыс-тіршілігімен бірге қалыптасып, бүгінге дейін жеткен салттардың бірі. Оны сақтап, мәнін жас ұрпаққа түсіндіру – ұлттық мәдениетімізді құрметтеудің бір көрінісі.

 

Мадина АХМЕТОВА,

Әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығының ғылыми қызметкері.

Пікір қалдырыңыз