Жаны жайсаң Жарылқасын аға

Жарылқасын Әзіретбергенұлын иісі қазақта танымайтын жан кемде-кем шығар. Кең байтақ еліміздің қай түкпіріне барсақ та «Түркістанда Жарылқасын деген ақсақал бар екен, жөні бөлек жан екен» деген сөзді жиі еститінбіз. Жақаң бұрынғы Түркістан ауданындағы Амангелді атындағы ұжымшарда партия комитетінің хатшысы, кейін сол ұжымшардың төрағасы қызметтерін атқарды. Дегенмен, оның есімі мен беделі бір ауданның аясынан шығып, облыс көлеміне кеңінен танылған еді.

Облыс көлеміндегі түрлі жиналыстарда өзінің шешендігімен, шаруашылықты жақсы білетіндігімен, турашылдығымен көпшілікті мойындатқан еді. Жүйелі сөйлейтін, адамның жүрегіне қона кететін сөз табатын, қай мәселенің де шындығын айта отырып, қаймықпай сөйлейтін. Қанша сын айтса да, адамның көңіліне тимейтіндей етіп айтатын, қандай жұмыс болса да, «майдан қыл суырғандай» етіп істейтін. Тарихты да жақсы білетін, Түркістанның нағыз жанашыры болатын. Түркістанға келген Президенттер алдында да, Премьерлер мен министрлердің, әкімдердің алдында да қаймықпай Түркістанның болашағы туралы үлкен махаббатпен сөйлейтін. Жүректен шыққан сөз жүрекке жететін. Түркістанның өсіп-өркендеп, Қазақстанның мәдени және рухани орталығына айналуына, архитектурасы бөлек, жаңарған қала ретінде қалыптасуына Жарылқасын Әзіретбергенұлының қосқан үлесі, еткен еңбегі зор деп есептеймін.

2006 жылы ақпан айында Түркістан қаласының әкімі болып тағайындалғанымда құшақ жая қарсы алған да осы Жарылқасын ағам – Жақаң болатын. Маған ақылын айтып, Түркістанның болашағы жолында жемісті еңбек етуіме тілектестік білдіріп жүретін. Сол кездегі құрылған «Ақсақалдар алқасы», оған мүше болып жүрген ағалар біздің барлық бастамамызды қолдап, бірге жүріп, бірге тұрып, ел арасындағы ынтымақты ұйыстыруға, бірлігін бекемдеуге үлкен жұмыстар атқарды. Наурыз мерекесіне Қадыр Мырзалиев, Фариза Оңғарсынова, Тоқтар Әубәкіров сияқты қазақтың ардақты азаматтары қатысып, «Түркістан – Түркі әлемінің мәдени және рухани астанасы» атты халықаралық ғылыми конференция өткізілді. Жүз жылда бір келетін Құрбан айт пен Жаңа жылдың тұспа-тұс келуіне орай 31 желтоқсан күні «Түркістан Құрбан айтқа шақырады» атты республикалық акция ұйымдастырылды. Құрбан айтқа еліміздің түкпір-түкпірінен 500-ден аса зияратшылар келіп, құрбандыққа атан түйе шалынды. Сондағы жан-жақтан келген зияратшылардың шат-шадыман көңіл-күйін көрудің өзі бір бақыт еді. Кейбір кісілер құрбандықты Түркістанда, Әзірет Сұлтанның басында шалғандарына дән риза болып, көңілдері толқып, көздеріне жас алып жатты.

Келесі жылы арнайы қаржы бөлдіріп, Түркістанның жаңа бас жоспарын, болашақ дамуының архитектуралық макетін жасап, қала тұрғындарына таныстырылым өткізілді. Сол жиынға қатысушылардың бірі «бұл – ертегі ғой» деп қалды. Жарылқасын Әзіретбергенұлы сол кезде жұлып алғандай «ертегі емес, бұл Түркістанның ертеңі!» дегені есімде.

Көрмеден тұрғындардың көңілі көтеріліп шығып, ақсақалдар батасын беріп тарқасты. Орайы келгенде айта кетейін, Түркістанның қазіргі жаңа әкімшілік-іскерлік орталығы орналасқан 320 гектар алқаптың қаланың бас жоспарына енгізіліп, сақталып қалғаны сол кезеңде болатын. Бар жақсылықтың басы-қасында қуанып, көңілі шат-шадыман болып Жарылқасын ағамыз жүретін. Тамаша лирик ақын, Оңтүстіктің тумасы Сабырхан Асановтың «Түркістанда тумақ түгілі, Түркістанда тұрғанның өзі – бір бақыт» деген өлең жолдарын айта отырып, «Айналайын Әлеке, Түркістанда тумасаң да туғаннан артық жасап жатқан қызметіңе ризамыз» деген еді.

Әрине, 2010-2014 жылдар аралығында әлемдік экономикалық тоқырау басталып кетті де біздің сол кездегі жобамыз, Түркістанды жаңғырту туралы арманымыз біраз уақыт тоқтап қалды. Мен де қызмет ауыстырып, Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары болып тағайындалдым. Облыс көлеміндегі мың сан жұмыстан мойын бұруға шамамыз келмей жататын уақыттар өтіп жатты. Сол кезде де көптеген азаматтың «мына жоба орындалмай қалатын болды ғой» деген күмәнін сейілтіп, «Түркістанды түлететін кез алыс емес» деп елдің сенімін оятқан да Жарылқасын Әзіретбергенұлы болатын.

Көп ұзамай облыс бөлініп, Шымкент қаласы республикалық мәртебе алып, Түркістан қаласы жаңадан құрылған Түркістан облысының орталығы болып бекітілді. Облыс әкімі болып тағайындалған Өмірзақ Шөкеев бас болып, бүкіл ел қолдап, Үкімет пен облыс басшылары атсалысып, Түркістан түрленіп шыға келді. Бұрынғы Түркістан мен қазіргі Түркістанның айырмашылығы – аспан мен жердей. Қазіргі уақытта Түркістан еліміздің нағыз рухани және мәдени орталығына айналды.

Жақаң Түркістанның жаршысы, жанашыры, киелі шаһар үшін жан беруге дайын азамат еді. Ағамыз ел үшін еміреніп жүріп денсаулығын да, уақытын да аямай қалай қызмет етсе, отбасында да дәл солай қамқоршы әке, қадірлі ата, орны бөлек отағасы тұғын. 17 перзентті өмірге әкеліп, ұрпақ тәрбиесіне де ерекше назар аудара білді. Өсірген ұл-қыздары да түрлі салаларда қызмет ете жүріп, ақылды, парасатты, кішіпейіл, қарапайым, иманды келбеттерін жоғалтқан жоқ. Нағыз әкенің мықты ұрпақтары өсіп-өніп келе жатыр.

Бірде Шымкентте облыстың барлық ауданынан келген көп балалы аналардың, түрлі салада қызмет ететін қыз-келіншектердің қатысуымен 8 наурыз – халықаралық әйелдер күніне арналған салтанатты жиналыс өткіздік.  Сол жиынға Түркістаннан  Жарылқасын  Әзіретбергенұлын да арнайы шақырдық. Қыз-келіншектерді құттықтау үшін арнайы сөз

бергіздік.

«Мен 17 перзенттің әкесімін, – деп бастады Жақаң сөзін. – Егер «Батыр әке» деген атақ болса, маған берілетін еді, – деп әзілге салып, жұртты бір күлдіріп алды. – Ең кенже балам өмірге келгенде менің жасым 70-те еді» деген кезде бүкіл зал қол шапалақтай жөнелді. Ағамыз өз құттықтауын әзілмен бастап, байыпты аяқтаған соң жайлап сахнадан түсе бастады. Сол қатарда отырған әйелдер мен қыз-келіншектер орындарынан тұрып, Жақаңның қолын алып, шапанын ұстап, ырым етіп, қол шапалақтап жатты. Жарылқасын ағаның осындай қандай аудиторияда да тауып сөйлейтін, көпшіліктің көңілінен шығатын сөз айта алатын ерекше қасиеті болатын. Шаруалармен шаруаша, балалармен балаша, тарихшылармен тарихшыдай, жастармен де өз тілінде тең сөйлесетін ораторлық қасиеті ерекше еді.

Өзі құрған Түркістан қалалық ақсақалдар алқасы түркістандықтардың арасында беделді болды. Облыс құрылғанда ақсақалдар алқасы облыстық қоғамдық ұйым болып қайта тіркелді, көп іс атқарды, атағы республикаға тарады. Жақаң мемлекет және қоғам қайраткерлерінің қатысуымен Түркістан облыстық ақсақалдар алқасының тәжірибесін дәріптейтін республикалық семинар ұйымдастырып, кейінгі 15-20 жылда атқарған жұмыстары туралы елге кең көлемді есеп берді. Сексеннен асқан қария бір сөзден мүдірмей баяндама жасап, әр сала бойынша өз пікірін айтып, қойылған сұрақтарға жауап беріп, ақсақалдар алқасының мәртебесін бүкіл республикаға паш етті. Атқарылған жұмысты көрсете білудің өзі де – үлкен өнер, мәдениет, қала берсе қасиет. Осы ерекше қасиетін жоғалтпастан көп ұзамай Жақаң өмірден озды.

Өмірі шытырман оқиғаларға толы, атқарған қызметі саналуан, жеткен жетістігі ұшан-теңіз, өмірлік тәжірибесі мол Оңтүстіктің біртуар азаматы, Түркістанның абызы сол кезде 84 жаста еді. Өкінішті, әрине, бірақ Тәңірдің бұйрығына ешкім қарсы тұра алмайды. Шүкіршілік дейтініміз, артында саналы ұрпақ, атқарылған шаруа, айтылған сөз, жазылған еңбек, сайраған із қалды. Сол ұрпақтың арасынан да Жақаң сияқты жарқырап шығатындарының болатынына сеніміміз мол. Тек деген ұғым бар. «Тектіден текті туар жарқылдаған» деген сөз бекер айтылмаған деп ойлаймын.

Қазағымыз аман болса, аналарымыздың алтын құрсағынан әлі талай шешендер мен көсемдер, батырлар мен батагөйлер өмірге келетіні анық. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болғай!

 

Әли БЕКТАЕВ,

мемлекет және қоғам қайраткері.

Пікір қалдырыңыз