Бес күн және бес жыл

(Белгілі журналист Ертай БЕКҚҰЛОВТЫ еске алу)

Уақыттан өктем бұйрық жоқ, уақыттан өткен жүйрік жоқ.  Сол уақыттың өктем бұйрығымен асыл дос Ертайдан ойда жоқта айырылдық. Мен оны өмірден өтерінен бес күн бұрын ғана көріп едім. Көңілде күмән да, кірбің де жоқ болатын. Бес күн бұрын ғана ақжарқын кейіпте, алаңсыз, қаперсіз күйде жолыққан қимас жолдасымыз, курстас әрі қадірлі әріптесіміз Ертай Бекқұл төбемізден жай түсіргендей тосыннан бақиға бет бұрып, жанымызды жабырқатып кетті.

Иә, өмірде мәңгі қалатын ешкім жоқ. Бірақ, тірліктің дөңгелегіне ілесіп, өмірдің көшінде жүргеніңде сағынып, іздейтін адамдарың болады. Орны бөлек Ерекең біз үшін сондай жан. Cонау жастық шағымыздан бері қатар келе жатқан жақын дос еді ғой Ол! Арамыздан қыл өтпей бірге жүрген жарты ғасырға жуық уақыт ерлі-зайыпты екі отбасыны бір үйдің адамдарына айналдырып жіберіп еді! Жұбымыз жазылмай өткен студенттік өмірдің бес жылы... Одан солтүстік өңірлердегі қатар қызмет атқарып, арамыз үзілмеген тағы бір бесжылдық... Тағдыр жолымызды айырмай, Оңтүстікке қоныс аударып, қырық жылға жуық бар қызыққуанышымыз ортақ болған бақытты шақтар...

Ерекең атына заты сай Ер жігіт еді. Азаматтығына да, кісілігіне де, адалдығына да ешқашан дақ түсірген емес. Бірге жүрген жарты ғасырға жуық уақытта мінезінің, адамдық қалыбының өзгергенін көрмеппіз. Ол республикалық деңгейде танылған белгілі журналист болды. Бірнеше беделді басылымдарда жұмыс істеді, қалалық, облыстық газеттерде басшылық қызмет атқарды. Бірақ, тағы мен бағы көтеріле қалса, аспандап, алшаңдап кететін кейбіреулер секілді кекірейіп, көкірек керетін жігіт емес еді Ерекең. Сол баяғы ер мінезді, елгезек, үлкенмен де, кішімен де сөзі жарасып, кім-кімнің де жағдайына қарасып жүретін жайсаң жаратылысынан айнымай өтті. Әзіл-қалжыңға жақ, дау-жанжалға жоқ, сері көңіл, сан қырлы жігіт қалпында жадымызда, жүрегімізде қалды.

Ерекең журналистика саласына өз сүрлеуін салып кеткен екпіні ерен журналист еді. «Лениншіл жас», «Алматы ақшамы», «Халық кеңесі», «Ана тілі», «Үкімет жаршысы» секілді республикалық белді басылымдарда қызмет істеген 20 жылда ол қалың оқырманға өзінің Ертай Бекқұлов деген есімімен етене жақын болып кетті. Оңтүстік өңірдегі «Шымкент келбеті», «Ақиқат–Истина» газеттерінде бас редактор қызметін атқарған Ерекең облыс баспасөзінің қарашаңырағы «Оңтүстік Қазақстан» газетінде он жылдан аса еңбек етіп, бас редактордың бірінші орынбасары лауазымына дейін көтерілді.

Журналистік жолда ол қоғамның өзекті мәселелерін, өркенді істерін, кемшіліктерін, кедергілерін, жетістіктерін саралап, сараптап, қатардағы еңбек адамынан бастап қаншама танымал тұлғалардың портреттер галереясын жасады, сүбелі сұхбаттар құрды. Оның жазған, сызған дүниелерінің бірқаншасы өзі жайлы «Қосүйеңкінің қыран мінез Ертайы» атты көлемді естелік кітапта жарық көрді.

Ол жаңалыққа жаны құмар журналист еді. Тосын, тың дүние тапса, соны ертерек елге жеткізуге құлшынып тұратын. Қаз дауысты Қазыбек бидің шапанының екі жарым ғасырдан бері тікелей ұрпағы Алтын қарияда сақталып келе жатқанын естігенде дегбірі қалмап еді. Шапанды көзімен көріп, суретке басып, республикалық басылымдарға жариялауға асықты. Бұл тарих үшін үлкен олжа еді. Ерекең жария еткен жаңалықтан кейін бұл құнды жәдігер ҚР Президенті Мәдениет орталығының мұражайына табыс етілді.

Жалпы, Ерекең Қазыбек бидің қасиетті мекені – ертегідей Едірей, Балқантау, Арқалық өңірлерінің шежірелі тарихы, көркем қоныстары, тарихи орындары, озат шаруашылықтары жайлы «Лениншіл жаста» («Жас алаш») шоғыр-шоғыр мақалалар жариялап жүрді. Сол еңбегінің жемісі болар, 2017 жылы Қазыбек бидің 350 жылдығына орай шыққан энциклопедияға есімі енді. Біз кейде Ерекеңе «саған «Қайын жұртына еңбегі сіңген қайраткер» деген атақ беру керек деп әзілдейтінбіз.

Әйтсе де ол атақ қуып, мансап іздеген адам емес. Соған қарамастан оның қайраткерлікке лайық еңбегі бар. Соның азды-көпті құрметі болар, «ҚР мәдениет қайраткері» төсбелгісін иеленді. «ҚР Ақпарат саласының үздігі» атанды. «ҚР Тәуелсіздігіне – 25 жыл» мерекелік медалімен, «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен марапатталды. Әрине, Ертай Бекқұловтың еңбегі шын бағаланса, ол бұдан да жоғары марапаттарға лайық еді. Әттең,  ол оған жете алмады.

Оның журналиске тән қасиетінің бірі – өте ізденімпаздығы болатын. Ерекеңнің асыл жары Алманың әкесі Смағұл Әбдилдин озат шопан болған кісі. 1948 жылы КСРО Жоғарғы Кеңесінің Жарлығымен Ленин орденімен наградталған. Алайда, Мәскеуден келген орденді аудандағы уәкіл дер кезінде тапсырмай, ақыры ол із-түзсіз жоғалған. Қарапайым шаруа адамы емес пе, Смағұл қария оның соңына түсіп іздемеген. Бертінде, сексенінші жылдары қайын жұртына қыдырып барғанда осы әңгімеден құлағдар болған Ерекең Алматыдағы Пушкин атындағы кітапханаға арнайы барып, «Социалистік Қазақстан» газетінің тігіндісінен 48-ші жылғы Жарлықты тауып, соның негізінде қарт шопан тиісті наградасына ие болған. Ол туралы кезінде «Лениншіл жас» газетіне «36 жылдан соң иесін тапқан орден» деген мақала да жарияланды. Міне, Ерекеңнің ізденімпаздығының, табандылығының арқасында көзден таса қалған еңбектегі ерлік осылай қайта жаңғырды.

Қаламы үшкір, ойы ұшқыр журналистігімен қатар оның табанда тауып айтатын айтқыштығы, білдіртпей бүйірден соғатын бірқақпайлары, «модный» мақалдары, «Қазақшасы халықтың мәтелінен, орысшасы – Ертайдың дәптерінен» деп жазып тастайтын «Алаңғасар аудармалары» өз алдына бөлек бір дүние.

Оның «Екі аяқтыда алаяқтар тату», «Білегі жуан бірді жығады, тірегі жуан мыңды жығады», «Баласы атқа мінсе, әкесіне көшенің атын береді», «Орыстан досың болса, қолыңда рюмкаң болсын», «Қоянды қамыс өлтіреді, сыра сатушыны таныс өлтіреді» деген сияқты бүгінгі күннің «келбетіне» лайықталған майысқақ мақалдары жетерлік. «Оңтүстіктің» ұжымы зейнеткерлікке шығарып салып жатқанда да «Мұсылман болу әсте-әсте, пенсионер болу бір пәсте» деп табанда мақалдатып, күлдіріп еді. Оның астарында көзді ашып жұмғандай өте шыққан жылдардың жарқылы жатыр.

Ерекең қазақша мақал-мәтелдерді ойнақы тілмен орысшаға аударуға да шебер болатын. Мұндай «ермекке» ол студент кезінен құмар еді. Біреу бір мақал немесе бір өлеңнің шумағын айта қалса, лезде соны орысша ұйқастырып жіберетін. «Кеше келген тоқалдар, шөміш алып қоқаңдар» десе, «Недавние токалы, Поднимают с нами бокалы» деп қисық өлең құрай салатын.

«Болмас бала атасының сақалымен ойнайды».

«Непутевый пацан молодой, играется дедушкиной бородой».

«Қатын басқарған ел қараң қалады».

Где «бабье царство»   нет государства».

Қымызды кім ішпейді, қызды кім айттырмайды!

Кто кумыс не глотает, кто девушку не сватает».

«Күйеу    жүз жылдық, құда – мың жылдық».

«Зять – на сто лет, сват – на весь век».

«Ақ келін ау, ақ келін, сауысқаннан сақ келін».

«Ах, невеста, невеста, ты как будто скворечка»  деп қуақы сөз суыра салатын Ерекеңнің тапқырлығына тәнті болатын едік.

Бижігіттің баласының біреу біліп, біреу білмейтін тағы бір қыры – әдемі ән салатыны. Университетте журфактың «Қаламгер» ансамблінің мүшесі болды. Ол ансамбльде бізден жоғары курста оқитын Қонысбай Әбілов, Нұртілеу Иманғалиевтан кейін курстастарымыз Едіге, Ғалымбек, Толымбек, Сапарғали, Иемберді, Ертай бәрі түрлі музыкалық аспапта ойнап, ән шырқап, мәдени іс-шаралардың отын жандырып жүретін. Екінші курста оқып жүргенімізде «Алтын орфейден» жүлде алып келген Роза Рымбаевамен және Оралхан Бөкеевпен кездесу өткіздік. Сонда Ерекең мен біздің жігіттер «Ауылың сенің іргеліні» шырқағанда Рымбаеваның өзі ризалықпен қол соққаны бар.

Бірақ, Ерекең өзінің сыпайы, сырбаз сипатына сай өзгеден ерекшеленіп тұруға тырыса бермейтін табиғатымен тәп-тәуір ән айтатын өнерін айрықшалап көрсете бермейтін. Содан ғой... темірдей қатал деканымыз Темірбек Қожакеевтің Ертай туралы бір сөзін бүкіл курстың «прикол» қылып айтатыны. Ол қызық былай: деканымыз стипендия мен жатақханадан орын берерде әр студенттің сабақ үлгерімі мен қоғамдық жұмысқа белсенділігін саралап, топ старостасы Шойбектен «мына студентің қалай?» деп сұрайды Бекқұловтың фамилиясының тұсына келгенде, «Ой, ол «Қаламгерде» ән салады, ағай» дейді Шөкең досының «даңқын» асырғысы келіп. Сонда Қожакеев журналдан басын жұлып алып: «Әй, Орынбаев, мен Бекқұлов деген солисті естіген емеспін!» деген ғой қаршығадай шаңқ етіп.

Біздің курс «Алты жұп шыққан алтын курс» деген атағымен аты шыққан курс еді. Сол алты жұптың ішінде бөлмелес бес жігіт бөлмелес бес қызбен отау құрды. Олардың көшін Шойбек екеуміз бастап, Толымбек пен Гүлнар, Қыдыр­әлі мен Ділдар, Ғалымбек пен Ақмарал және Ертай мен Алма жалғастырған. Осы жұптардың ішінде бәрінің тойын өткізіп барып, ең соңынан бас қосқан Ерекең мен Алма болды. Екеуі университетті аяқтаған соң бір жыл жұмыс істеп, сосын шаңырақ көтерді. Бұл Алманың ата-анасының «оқуды бітіре салып кетіп қалма, бір жыл еңбек еткеніңді көрейік» деген талабын орындаудан туған шешім еді. Бәріміз сонда Ертайдың махаббатқа беріктігіне, сезімге адалдығына, сүйіктісін алты жыл аялап, күткен төзіміне тәнті болғанбыз. «Біз ЖенПИді жағаламадық, КазПИдің маңайын кезбедік, тіпті КазГУдің өзімізбен көршілес жатақханаларындағы филфак, истфак, биофактың қыздарына көз салмадық. Алысты араламай, аруларымызды өзіміздің қасымыздан таптық» деп масаттанып отыратыны бар-ды. Сырдың сол серісі Арқаның аруын жетектеп, Қостанайдың облыстық газетінде бірге қызмет атқарды. Солтүстікте бір бесжылдықты өткеріп, қызметі Оңтүстікке ауысты. Осы өңірде журналистік жолының 37 жылдық жарқын ізі қалды. Сол жарқын ізімен бірге Ертай Бекқұлов деген есімі жарқырап жанды.

Кейінірек Ертай Бекқұл болды. Бұған қоса жеті атасының атымен бүркеншек есім жамылып, бірде Бижігіт­ұлы, бірде Қырғызәлі, кейде Бекбота, Е.Исахай,

Е.Ай­мантегі болып жазған, псевдонимі ең көп журналист те Ертай еді. Тегін түрліше өзгерткенмен оның жаны, жүрегі қалам мен қағазға деген адалдықтан айныған жоқ. Адамдық, азаматтық бейнесі де жадымызда жарқырап қалды.

Бес күн бұрын ғана аман сау көрген Ертайдың мына бес күндік фәни дүниесі өзінің сол жарқын жүзіндей жарқ етіп өте шығыпты. Оның жымиып күліп, жадырап сөйлеп отырған қалпында бізден алыстағанына, мәңгілікке жырақтағанына бес жыл өтіпті. Жалған дүние ай десеңші...

 

Асхан МАЙЛЫБАЕВА,

журналист.

Пікір қалдырыңыз