Жақсы адам байқап сөйлейді...

Ерлан ҚУАНДЫҚ, «Оңтүстік Қазақстан».

Қазақ ұрпағына қашан да жақсы сөйлеуді үйреткен. «Жақсы сөз – жарым ырыс», «Ойнап сөйлесең де, ойлап сөйле», «Сөз сүйектен өтеді» деген өнегелі нақылдарын айтып, сөз құдіретіне ерекше мән берген. Сөз арқылы адамның көңілін көтеруге де, мұңайтуға да, тіпті, күлдіріп, жылатуға да болатынын терең түсінген. Ақын Кәкімбек Салықовтың «Бір ауыз сөз» атты өлеңінде де бір ауыз жылы сөздің қасіретті тыйып, ал, ауыр сөздің бойға айықпас дерт жиятыны жан-жақты айтылады. «Жақсы байқап сөйлер, жаман шайқап сөйлер» деген сөз де бекерге айтылмаса керек.

Бүгінде қоғамдық орындарда, көп қабатты үйлердің ауласында, мектепке жақын маңда болсын, боғауыз айтатын жеткіншектерді жиі кездестіреміз. Құлаққа түрпідей тиер ерсі сөзді қоғамдық көлікте де естіп қаласыз. Ең сорақысы, боғауыз сөз жас қыздардың да аузынан жиі шыға бастады.

Рас, боқтық сөз қосып сөйлейтіндер бұрын да болған. Бірақ, ол кезде бірен-саран ғана еді. Әр ауылдың сондай «аузына құс саңғырған» отыздың о жақ, бұ жағындағы тентегінің өзі алдынан үлкендердің төбесі көрінсе жүрісін жөндеп, сөзін түзейтін. Қазір, керісінше, қымсынбастан «қиын» сөз айтып тұрған балалардың жанынан өтуге біз ұялатын болдық. Ал, олардың қысылғанын, ұялғанын, қызарғанын көрмедік.

Жасөспірімдер неге былапыт сөзге әуес? «Мұнда үлкендер тұр ғой, ұят болады», «өзгелер естіп қалады» деген қымсыну неге азайып кетті?

Бұрын, бұрын болғанда да осыдан небәрі 35-40 жыл алдын ауыл баласына қарағанда қала бұзығы көбірек боқтайтындай көрінетін. Қазір былапыт сөз сөйлеушілердің шекарасын ауыл мен қала деп бөліп-жару мүмкін болмай қалды. Ауылда да, қалада да тілі боқтық сөзге үйренген балалар көбейді. 

Ұялу демекші, бірде кешкі серуен кезінде шағын аллеяда пісте шағып отырған бір топ қыздың жарыса айтысқан былапыт сөздерін құлағым шалып қалды. Он бес жасқа толар-толмас мектеп оқушыларының сөз саптауына таңырқай қарағанымды сезе қойған әйелім (педагог) бұл көріністің мектеп ішінде де белең алғанын жеткізді. Осыдан кейін боқтық сөз қолданған оқушы көрсем әдейі бұрылып қарайтын болдым. Ұялсын, әдеп сақтасын деген ниет қой. Бірақ, қысылған, қызарған жасты әлі кездестірмедім. Ал, байқағаным, боқтық сөзге құмар жастардың дені ес біліп қалған, 5-6-шы сыныптан жоғары қарайғы оқушы балалар. Олардың сөздік қорында ересектердің өзі жерге кіріп кетердей ұятсыз былапыттар тола. Жеткіншектер жиі айтатын «еба», «е-маа» деген сөздер ол сөздердің қасында «айналайын» болып қалады. Осындайда жастар былапыт сөз қолданудың кері әсері мен зияны орасан екенін білсе ғой дейсің.

Бейәдеп сөзді қолдану – қазақшылыққа да, мұсылманшылыққа да жат. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) «Қиямет күні кісінің таразыға ауыр басатын нәрсесі – көркем әдебі. Сөзсіз, Алла Тағала боғауыз, былапыт сөз айтушы кісіге ашуы келеді» деген хадисі де бар. Ал, ғалымдар балағат сөздер жағымсыз энергия тудыратынын әлдеқашан дәлелдеген. Сөз бен ойдың адам санасы мен жанды нәрселерге әсерін зерттеумен айналысатын жапон ғалымы Эмото Масару жақсы сөздің пайдалы, ал, жаман сөздің зиянды ақпараттық толқын тудыратынын анықтаған.

Расында, абайлап сөйлеу – ақылдылықтың, имандылықтың белгісі. Десек те, жастар неге бейәдеп сөзге құмар дегенге келсек, мамандардың көпшілігі мұны күрделі мәселе деп есептейді. Оған сөздік қордың аздығы да себеп екен. Соның бірі – күрделі эмоцияны сипаттайтын сөздерді іздеп жатпастан, қысқа, нұсқа және көпшілікке түсінікті «паразит сөздерді» қолдану дейді мамандар. Бір жағы, бұған әлеуметтік ортаның да әсері мол. Оған  еліктеуді қосыңыз. Жастар арасында мұндай сөздерді қолдану сәнді немесе еркін көрінудің белгісі сияқты қабылданады. Достары, таныстары айтқан соң, санасыз түрде соларға еліктейді. Бұл эмоцияны тез жеткізуге тырысу мен ортаның әсерінен қалыптасқан әдет. Осы мәселе жөнінде біз мектеп оқушыларының пікірін сұрап білген едік.

Кәусар, Түркістан қаласы, 8-сынып оқушысы:

– Қатарластарымның арасында балағат сөздерді мақтаныш көріп, орынсыз қолданатындар көп. Бұл әдет өзгелердің алдында «мықты» немесе «үлкен» болып көрінуге тырысудан туындайды деп ойлаймын. Шын мәнінде, былапыт сөз адамның ішкі дүниесінің кедейлігін, өзіне сенімсіздігін көрсетеді.

Мағжан, Сарыағаш ауданы, 10-сынып оқушысы:

– Екі сөзінің бірі әдепсіз келетін сыныптастарым жоқ емес, бар. Мұндай әдет олар үшін қалыпты жағдай болып кеткен. Бұған алдымен қоршаған ортаның әсері себеп. Сосын көп баланың сөздік қоры аз. Содан ілгерілеу, даму баяулайды.

Шымкент қаласындағы №80 IT мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Фарида Нұрманова есімді ұстаз бұл проблеманың өте ауқымды екенін айтады. 

– Бала тәрбиесі қашан да өзекті. Ұрпаққа саналы тәрбие беру алдымен ата-ананың міндеті. Десек те, жас ата-аналар сол жауапкершілікті ұмыт қалдырып, өздері былапыт сөйлейді. Елдің көпшілігі кітап оқымайтын болды. Ата-ананы да, баланы да бүгінде телефон тәрбиелеп жатыр. Баланың айтқан ақылды қабылдауы қиындады. Өйткені, оған ата-анасынан гөрі өзгелердің, қоршаған ортаның ықпалы күшті. Ұлттық құндылықтарды мемлекеттік деңгейде қолға алып, жүйелі түрде шешу керек, – дейді тәжірибелі мұғалім.

Ал, Арыс қаласындағы Садықбек Адамбеков атындағы мектептің директоры, 35 жылдық еңбек өтілі бар педагог Мейіркүл Асқарова мәселенің бірнеше тармағын таратып берді.   

«Бейәдеп сөздерді қолдану, сөйлеу мәдениетінің төмендеуі – бүгін ғана пайда болған құбылыс емес. Тек уақыт өткен сайын оның түрі мен көрінісі өзгеруде. Бұған дейін бейәдеп сөздер шағын ортада ғана айтылса, қазір әлеуметтік желі, видеоконтент, түрлі ойындар арқылы балаларға тез сіңіп, қалыпты нәрсе ретінде қабылдана бастады.

Боқтап сөйлеу әуестігіне бірнеше себеп бар. Бала қай ортада өссе, сол ортаны қайталайды. Боғауыз сөздерді үйде естіп, құлағы үйренеді, көшеден естісе, оны қалыпты жағдай деп қабылдайды. Жасөспірім шақта бала өзін көрсеткісі, ересек немесе күшті болып көрінгісі келеді. Кейбірі былапыт сөзді күшейтпелі әсер беретін құрал сияқты көреді. Қатарластарынан ерекшеленбей, топтан бөлініп қалмау үшін де балалар сол тілге бейімделеді. Сондықтан мұны «тәрбиенің жоқтығы» деп біржақты айтуға болмас. Бұл – ортаның әсерінің, тәрбие, психология және заман ағымының қосындысы.

Ал, проблеманы шешу жолдарына келсек, бұл тыйыммен ғана шешілетін дүние емес. Ол ең бірінші кезекте лайықты орта қалыптастыру мен жүйелі жұмысқа байланысты. Психологтардың айтуынша, бала естіген сөзді қайталайды, сондықтан ең бірінші әсер ететін орта – отбасы. Ата-ана үйде мәдениетті сөйлеп, өзара сыйластықты көрсетсе, бала соны бойына сіңіреді. Одан кейінгі маңызды орын – мектеп. Мектепте тұрақты түрде сөз мәдениетіне қатысты бірыңғай талап, тәртіп пен түсіндіру жұмыстары жүргізіліп тұрса, жасөспірімдердің дөрекі сөйлеуі біртіндеп азаятынын тәжірибеден білеміз. Себебі, жасөспірімдер үшін орта мен ереже үлкен рөл атқарады.

Цифрлық ортаны да ескерусіз қалдырмау керек. Бала уақытының едәуір бөлігі әлеуметтік желіден видео қараумен өтеді. Ол жақтан көргені мен естігені тікелей тілдік дағдысына әсер етеді. Сондықтан көптеген елде мектеп бағдарламасына медиа сауаттылық енгізілген. Балаға ақпаратты сүзгіден өткізіп барып қабылдау жағы үйретіледі. Тағы бір маңызды бағыт – тыйым салудан гөрі түсіндіру және балама ұсыну. Яғни «болмайды» деп шектей бермей, балаға өз ойын ашуланбай, мәдениетті сөзбен жеткізуді үйрету керек. Сөздік қоры бай және эмоциясын дұрыс жеткізе алатын бала былапыт сөз қолданбайды. Қорыта айтқанда, бұл – тек бір адамның ғана емес, ата-ана, мектеп және қоғам болып бірлесіп шешетін ортақ мәселе» дейді Мейіркүл Отарбекқызы.

Айта кетейік, Қазақстанда қоғамдық орындарда былапыт сөз айтқандардың әрекеті «ұсақ бұзақылық» деп танылып, оларға айыппұл салу немесе 30 тәулікке дейін қамауға алу сияқты жазалар қарастырылған. Алайда, мәселе әкімшілік жазалауда емес, ар тазалығында. Қалай десек те, шешеден боқтау шешендік емес, көкіп сөйлеу көсемдік емесі айдан анық. Сондықтан ауыздан шыққан әрбір сөзімізге абай болғанымыз жөн. Тәрбиелік мәні зор тәмсілге сүйенсек, отыз екі тісіңнен шығар сөзіңе өзің қожайынсың, ауыздан шығып кеткен соң, ол саған қожайын.

Кешегі өткен ойшылдардан қалған «Сөзіңді түзе – әдетіңе айналады, әдетің – мінезіңе айналады, ал, мінезің тағдырыңа айналады» деген сөз бар.

Бұдан асырып не айтарсың?!

1 пікір

  • Зияда Исатайқызы
    Зияда Исатайқызы

    Бала тәрбиесі—бәрімізге ортақ. Бейәдеп сөзді естімегендей өтіп кетпей, ескерту айтып, тыйып отыру керек. Үлкендер жасқаншақ болып барады.

Пікір қалдырыңыз